• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 29 Қараша, 2022

Заңгерлік кеңес: «24/7 жедел желі»

368 рет
көрсетілді

Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасы мен «Адам және қоғам» қоғамдық бірлестігі «Тегін заң кеңесі» орталығының жұмысын қорытындылап, дөңгелек үстел өткізді. Соңғы алты айда орталық мамандарына өздерін толғандырған сауалдарын жолдап, заң кеңесіне жүгінген қала тұрғындарының көбі алаяқтардың құрбанына айналғандар екен.

«Адам және қоғам» қо­ғам­­­дық бірлестігінің заң кеңе­­­­сін үйлестірушісі Дана Сләм­­­­жанованың айтуынша, орта­лық­қа хабарласқан аза­мат­тарға құқықтық кеңес бері­ліп, құ­жаттары рәсімделген. Сон­дай-ақ сотқа дейінгі амалдар қа­р­а­с­­­- тырылып, әдістемелік көмек көрсетілді. Кеңес беру орталы­ғының заңгерлері ұялы байланыс арқылы – 500-ге жуық, Whatsapp әлеуметтік желісімен – 185, сайт арқылы онлайн кеңес­ші 30 азаматтың сауалына жауап берген. Бүгінде орталықта тіркелген 12 істің 10-ы сотқа жолданып отыр.

Орталық мамандары «24/7 жедел желі» арқылы кеңес беріп, қаланың 8 ауданы бо­йынша жылжымалы мобильді заң қызметін көрсетті. Ай са­йын, кемінде 2 рет «Бақытты отбасы» әлеуметтік орталықтары, мүгедектер қоғамы, базарлар, емханалар, сауда және халыққа қызмет көрсету орталықтарында, жұрт көп жиналатын қоғамдық орындарда жалпы саны 60-тан астам азамат кеңес алған. Ақпараттық түсіндіру бойынша мыңға жуық кітапша таратылды.

«Адам және қоғам» қоғам­дық бірлестігінің заңгері Айбол Қожатаев атап өткендей, орта­лыққа хабарласқан азаматтардың көпшілігі алаяқтардың құрбаны болған. Әлдекімдер атына несие ресімдеп алғандар араша сұрап, заң әділдігін іздеп жүр.

– Өтінішпен хабарласқан­дардың 20-ға жуығы қаржы пи­рамидаларына алданып қал­­ған болса, неке, отбасы, еңбек заңнамасы, азаматтық қарым-қатынас, қылмыстық мәсе­лелерге қатысты сауалдар мазалаған тұрғындарға заңгер­лер дер кезінде жауап берді. Әлеуметтік желілер арқылы Қазақ­станда тіркелмеген компа­нияларға алдану деректері көп кездеседі. Ал оның себеп-салда­рын дәлелдеу шешімін оңай таппайтыны сөзсіз. Бұл бағытта құқық қорғау органдары тарапынан іздестіру жұмыстарының да ұзаққа созылатыны анық. «Тегін заң кеңесі» орталығының мамандары осы мазмұндағы сауалдарға орай жауап беріп, басталған істі соңына дейін қадағалайды. Жобаның мерзімі шектеулі болғанымен, азаматтардың өтініші аяқсыз қалмайды, – дейді А.Қожатаев.

Заңгердің пікірінше, әр­түрлі жағдайларға тап болған азаматтардың жағдайы – қоғам тарапынан назар аударатын күрделі мәселе. Осы орайда заңгер қарапайым халықтың құқықтық, қаржылық сауатын көтеру уақыт күттірмейтін мәселе екенін алға тартты. «Бұл бағыттағы ақпараттандыру жұмыстары мектептерде, барлық білім беру орталықтарында алғашқы курстардың бірі ретінде оқытылса құба-құп. Өз құқығын қорғауда тиісті орындар тарапынан профилактикалық шаралар жиі іске асып, заңгер мамандар қажет болған жағ­дайда азаматтарға кеңес беріп отыру өте маңызды», дейді А.Қожатаев.

Жиында халықтың қар­жы­лық және құқықтық сауат­тылығы жөнінде баянда­ма жасаған заңгер Сұлтан Нұр­­ғалиев «тегін заң кеңесі жалға­сын тапса игі» дейді.

– Қоғамда азаматтарды тұр­ғын үй, несиелеу, отба­сы, борышкерлік, ажырасу, мұ­ра­герлікке қатысты маза­лай­тын мәселе көп. Заң кеңесі, әсіресе өмірлік қиын жағдай­дағы жандарға қажет. Әділдік іздеп, араша сұрап жүргендерге заңгерлер, адвокаттар, заңгерлік қоғамдастық тарапынан тегін кеңестер, тіптен кеңеспен шек­теліп қалмай, қажет болған жағдайда құқығын қорғау ісіне араласуы қажет. Жергілікті басқарушы органдарға жүгінген азаматтың әлеуметтік мәселесі дер кезінде шешілмей қалған болса, тиісті органдар мамандары нақты заңгерлерге бағыттап отыруы көп мәселенің шешімін тауып, алдын алуға ықпал етер еді. Бүгінде қоғамда туындап отырған құқықтық, қаржылық сауаттылықты арттыруға заңгер­лер қауымдастығы, қоғамдық ұйымдар тікелей атсалысуы қажет. «Тегін заң кеңесі» осы қысқа мерзім ішінде көп азаматқа қолұшын созып, қолдау көрсетті. Жоба аясында өтініш берушінің жауапты өкілі ретінде соттарға баруға тура келді. Ендігі кезекте басталған істерді аяғына дейін жеткізу міндеті тұр, – дейді С.Нұрғалиев.

Орталық заңгері Жасұлан Омаровтың айтуынша, азамат­тардың өтініштерінің дені несие мәселесіне қатысты. Өзінің заңды құқығын білмегендіктен, алған несиесін ұзақ уақыт бойы төлеп жүргендердің мәселесі қиындық туғызады.

– Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дере­гінше, елімізде 28 мың адамның несиесі кешірілетіні айтылды. Осы мәселеге орай хабарласқан азаматтар көп. Азаматтардың жағдайын жеңілдетуден ту­ған бір реттік шара қоғамда қордаланған мәселені шешпей­тіндігі белгілі. Қандай да бір келісімшарт жасалғанда оның құқықтық маңызына назар аудару қажет. Ендігі кезекте несие ресімдегенде банк шарттарымен жете танысып, төлей алмайтын жағдайда өтініш беру, төлеу мерзімін қайта қарастыру, тіптен несие каникулын қарас­тыру жағын ескерген абзал. Азаматтар заңнамаларды, өз құқығын жеткілікті білмеуінен заңсыздыққа ұрынып отыр. Тіптен бүгінде біраз халық интернет алаяқтардың құрығына түскен. Баспаналы болуды армандаған көпшіліктің сенімсіз құрылыс компанияларына алданып жүргені де алаңдаушылық туғызады, – дейді Ж.Омаров.

Қоғамдағы мұндай кереғар жайттардың алдын алуда құқық­тық кеңес беру, қаржылық сауатты арттыру жеткіліксіз. Мамандардың пікірінше, аудан орталықтарында, аймақтарда өндіріс орындарын ашып, шағын және орта бизнеске қолдау көрсетілсе, табысы тұрмысына жетіп отырған жұртшылықтың әлеуметтік желідегі жеңіл табыс­пен әуресі де болмас еді.

 

АЛМАТЫ