Таяуда Екібастұзда жылу электр орталығында апат болуы салдарынан қала тұрғындарының қаншалықты зардап шегіп отырғандығын көкшетаулықтар жақсы түсінеді. Өйткені 90-жылдардың басында облыс орталығын жылумен қамтамасыз етіп тұрған қазандық істен шығып, қала инфрақұрылымы қыс ішінде қатып қалған.
Көкшетау – еліміздегі жылу электр орталығы жоқ жалғыз қала. 1979 жылы пайдалануға берілген, облыс орталығын жылумен қамтамасыз ететін қазандықтардың әбден тозығы жеткен. Былтыр жылу жүйесінде олқылықтар орын алып, көктемге әзер жетті. Себеп, қос қазандықтың біреуінің апаттық жағдайға ұшырауы. Биыл да қобалжу басым. Соңғы жылдары облыс орталығында көпқабатты тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар көптеп салынып жатыр. Бұл – жақсы. Бірақ соның барлығын жылумен қалай қамтамасыз етпек?! Бұрынғы көлемнің өзін әупірімдеп қана жылытатын еді. Күз түсе қала әкімдігі көпқабатты үйлердің жартысына жуығы жылыту маусымына тап-тұйнақтай дайындалып үлгермеді деп хабарлады. Анығында, жылу қабылдауға дайын емес. Қаңтардың қара суығындай аяздың лебі ескен осы хабардан қала тұрғындары іш тартып қалған.
Облыс орталығына жылу электр орталығы салынады екен деген жан жадыратар хабар да қазір ешкімнің көкірегін жылытпайтын болды. Бірнеше жыл бойы ниет еткен инвесторлар келгенімен, нақты бел буғаны жоқ. Елді емексіткен уәде де үдесінен шықпай-ақ қойды. Өткен жылы Көкшетауға арнайы жұмыс сапарымен келген Парламент Сенатының депутаты Нұрлан Бекенов жылу электр орталығын салу мәселесі 2023 жылы шешіліп, 2026 жылы басталып кетуі мүмкін екендігін айтқан. Оған дейін қанша жыл?! Көпқабатты тұрғын үйлер әлі де салынып жатыр.
– Жылу бағасының тарифі дүркін-дүркін қымбаттайды. Біз, қарапайым халық төлемақысын уақытында төлейміз. Әйтсе де кейбір үйлер салқын. Халықтың төлемақысына жиналған қаражатқа жылу электр орталығын баяғыда салып алатындай болды, – дейді қала тұрғыны Қоныс Есенбаев.
Тұрғындарды толғандырып отырған мәселе әлденеше рет жұрт талқысына түскен. Коммуналдық кәсіпорын басшылығының мәлімдеуіне қарағанда, қазір жылу қазандықтары облыс орталығындағы 4 942 нысанды қамтамасыз етіп отыр. 1 025 көпқабатты және 2 673 жекеменшік тұрғын үй, 111 білім беру, 46 денсаулық сақтау, 120 мәдени және мемлекеттік мекемелер, 962 өнеркәсіп орны мен әрқилы ұйымдар бар.
– Өткен жылы қаладағы тұрғын үйлердің біразы салқындап кеткені рас. Біздің қазандықтағы агрегаттар қажетті гигакалориямен қамтамасыз ете алмай қалды, – дейді «Көкшетау жылу» коммуналдық кәсіпорнының бас директоры Руслан Мәкішев, – биыл жөндеу жұмыстары жүргізілді. Әйтсе де, барлық кемістікті жылу берудің бір маусымында түбегейлі жаңғырту мүмкін емес. Солтүстікте қыс ұзақ, жылу беру маусымы жеті айға дейін созылатындықтан, жөндеу жұмыстарына небәрі 3-4 ай ғана қалады.
Бас директордың айтуына қарағанда, кейбір тұрғын үйлердің салқындауына тұрғындардың өздері де себеп болады. Тұрғын үйлерге қызмет көрсететін ПИК-тер кінәсі де бар. Кейбір пәтер иелері рұқсат алмастан, ішкі жылу жүйесін өзгертіп, едендеріне жылу қосып, жылу жүйесінің дұрыс жұмыс істеуіне кедергі келтіреді. Ал ПИК-те білікті маман тапшы. Сондықтан жылу беру маусымына дұрыс дайындала алмайды.
– Биыл «Көкшетау жылу» коммуналдық кәсіпорны қазандық жабдықтарына 2 млрд 508 млн теңгеге жөндеу жүргізді, – дейді Р.Мәкішев, – жылу қазандығының агрегаттарына желілік жүйеге, химиялық тазарту қондырғысына қажетінше ағымдағы және күрделі жөндеу жасалды.
Облыс орталығындағы иесіз ғимараттар да жылу жүйесінің дұрыс жұмыс істеуіне кедергі келтіретіні белгілі болып отыр. Кәсіпорын басшылығы тұрғын үй инспекциясы мамандарымен бірлесіп бұл тарапта бірқатар жұмыс жүргізіп жатыр. Биыл тамыз айының соңында Энергетика министрі Болат Ақшолақов Көкшетауға арнайы сапармен келген кезінде жылу электр стансасының салынатынын мәлімдеген. Кейін сөз сұйылып кеткен сыңайлы.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Данияр Қуанышпаевтың айтуынша, биыл қомақты қаражат бөлініп, орталықтандырылған жылу жүйесіне ондаған нысан қосылған.
– Ағымдағы жылы жылу желілерін жаңғыртуға және энергия ресурстарын алуға 8,8 млрд теңге бөлінді, – дейді Д.Қуанышпаев, – бұл қосымша 21 көпқабатты тұрғын үйді, 581 жекеменшік тұрғын үйді және 9 әлеуметтік саладағы нысандарды орталықтандырылған жылу жүйесіне қосуға мүмкіндік берді. Жылу электр орталығын мемлекет-жекеменшік серіктестік аясында салуға техникалық-экономикалық негіздеме толық жасалды.
Ендігісі, қыс қабағына қарап күту. Одан өзге амал жоқ. Қыстың қатал сыншы екені әмбеге аян. Қауіпті жамандық шақырғаннан емес, одан аулақ болу қажеттігін тағы бір еске салу үшін айтамыз да. Қалай болған күнде де, құрылысы қарқынды дамып келе жатқан Көкшетау қаласы үшін жылу электр орталығы әбден керек-ақ.
КӨКШЕТАУ