• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Ғылым 30 Қараша, 2022

Зерттеу жұмыстарын АҚШ-та жалғастырады

285 рет
көрсетілді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығы АҚШ-тағы Миссисипи университеті ғалымдарымен бірлесіп жұмыс істеуге кірісті.

Жақында зерттеу орталығының базасында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен ҚазҰУ-дің Басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен өсімдік шикізаты негізінде иннова­циялық өнім әзірлейтін шағын өндіріс ашылған болатын.

Мұнда сұраныстағы өнімдердің бірі – тұмау және COVID-19 ауруларына қарсы биологиялық белсенді қоспа. 2020 жылы дайындалған табиғи тұнбаның құрамына өкпені қуат­тайтын, қақырық түсіретін, қан­ды сұйылтатын, қандағы майлар­ды жоғалтып, қан айналымын жақсар­татын, күш-қуат беріп, ұйқыны рет­тей­тін қасиеті бар өсімдіктер қосыл­ған.

Орталық директоры Жанар Жеңіс аталған қоспаның ковидке бел­сен­ділігін терең зерттеу мақса­тын­да жуырда Миссисипи универ­сите­тіне арнайы барды. Осы сапар нәти­жесінде енді ҚазҰУ базасында дайын­далған биологиялық өнім АҚШ университетінің заманауи зертханаларында жан-жақты сараланып, өзге сырқаттарға емдік әсері анықталатын болды. 

«Мақсатымыз – дайындалған қос­па құрамындағы негізгі биоло­гиялық белсенді қосылыстарды бө­ліп алу, құрылымдарын жетілдіру жә­не фармокологиялық белсенділігін зерттеу. Қазіргі таңда тұмау және COVID-19 ауруларына қарсы қоспаның ковидке белсенділігін терең зерттеу жұмыстарын Миссисипи уни­верситетінің ғалымдарымен бірге шәкіртім, біздің ғылыми қызмет­керіміз Жанна Ақжігітова бірлесіп атқаруда», дейді жоба авторы, профессор Жанар Жеңіс. 

Орталық ғалымдары емдік өсім­діктердің қасиеттерін зерттеу жұмыс­тарымен 20 жылдан бері айналысып келеді. Бұған дейін тұмау мен бауыр ауруларынан сақтайтын және иммунитетті көтеретін қоспалар және қандағы қант деңгейін төмендететін, қан қысымын реттейтін, асқазан-ішек жүйесінің жұмысын жақсартатын және иммунитетті көтеретін фито-шайлар өндірілді.