Жақында Алматы қаласында Парламент Сенатының депутаты, Ұлттық инженерлік академиясының президенті Бақытжан Жұмағұловтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының жиыны өтті.
Алқалы жиынға қатысушылар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық ғылымды дамыту және оның өндіріспен байланысын нығайту туралы нұсқауларын басшылыққа ала отырып, белгіленген міндеттерді іске асыруда ғылыми-инженерлік қоғамдастықтың рөлін арттыруға ерекше назар аударды.
– Техникалық ғылымның, инженерлік істің даму деңгейі – адами капиталдың, жалпы экономиканың бәсекеге қабілеттілігінің басты көрсеткішінің бірі. Бүгінгі таңда елдің тұрақты дамуы мен экономикалық қауіпсіздігі инженерлік қоғамдастыққа тікелей байланысты, – деп атап өтті академик Б.Жұмағұлов.
Жиынға қатысушылар ғылым нәтижелерін іс жүзінде іске асырудың түбегейлі жаңа деңгейіне көшудің, оны өндіріспен, бизнеспен пәрменді интеграциялаудың, нарықтың перспективалық технологиялық талаптарын қанағаттандырудың аса өткір міндеттерін талқылады. Атап айтқанда, өндірістің ғылыми-техникалық мәселелерін шешу үшін консорциумдарды дамыту, ғарыштық зерттеулерді ел экономикасында тиімді пайдалану, ауыл шаруашылығындағы инновациялық технологияларды коммерцияландыру тәжірибесі терең талданды. Атом саласының ғылыми-техникалық әлеуетін дамыту, Қазақстанның автожол саласының проблемаларын шешу жолдары туралы ұсыныстар тыңдалды.
Ұлттық инженерлік академиясы басшылығына сайлау өтіп, тәуелсіз Қазақстанның үздік инженері (2018), академик Амандық Баталов бірінші вице-президент болып сайланды. Ал Ұлттық инженерлік академиясы Батыс Қазақстан филиалының төрағасы, академик Ақсерік Әйтімов вице-президент болып сайланды.
Еліміздің жетекші инженерлерінің жиналысы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің базасында өткізілді. Аталған университеттің басты мақсаты – ғылым мен өндірісті интеграциялау, іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерге қатысу арқылы жоғары білікті кадрларды даярлау.
Жалпы жиналыс көрсеткендей, еліміздің жетекші ғалымдары мен инженерлері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Қазақстанды құру бағытын бірауыздан қолдайды, сондай-ақ экономиканы дамытуға бар күш-жігерін жұмсайтын болады.