• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Өнер 30 Қараша, 2022

Сахнаға адалдық

428 рет
көрсетілді

Елордада театр мен тұлға тойы қатар аталып өтті. Астаналық Жастар театрының 15 жылдығы және театрдың негізін қалаушы әрі көркемдік жетекшісі, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрқанат Жақыпбайдың 75 жасқа толған мерейтойы Арқаның аязды күндеріне шуақ сыйлап, көрермендер үшін шын мәнінінде өнердің үлкен мейрамына ұласты.

Жаңа театрдың іргесін қалап қана қоймай, оның тағы­лымды тарихын абыроймен қалып­тастырып келе жатқан режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың өзі бүгінде тарихи тұлғалар қатарына еніп үлгерді. Алпысында алып асқарды бағындырып, өмірлік арманы – төл шәкірттерінен құралған жеке театрының шымылдығын түріп һәм оны өнердің мұзартына шығарып, Қазақстан ғана емес, әлем мойындаған іргелі өнер ордасына айналдыру, әлбетте, кім-кімнен болсын қажырлы қайрат пен таусылмас ерік-жігерді талап етері сөзсіз. Міне, сол тәуекел мен ерлік осыдан тура 15 жыл бұрын Нұрқанат Жақыпбайдың бойынан табылған болатын. Ал жас театр­дың бүгінге дейінгі жеткен жетістігі мен ба­ғындырған биігі – игі ізденістердің мәуелі жемісі.

Тұлға бойындағы осы шығармашы­лық ерекшеліктер екшеліп, суреткердің театр ашу жолындағы тағылымды еңбегі кәсіби көзқарас тұрығысынан талданып, байыпты бағаланатын осы жолдар авторының «Қиялдан қиянға самғаған бір пендең...» атты кітабының таныстырылымы мерейтой бағдарламасының шымылдығын ашып берді.

Бұл туынды көрнекті режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың шығарма­шы­лық жолы мен ұлттық өнерге сіңір­ген ең­бегін зерделуге һәм адами бол­мы­сын, талант табиғатын тануға арналған. Кітап­та суреткердің актерлік пен ұстаз­дық жо­лынан бөлек, ұлттық режиссурадағы қайталанбас қолтаңбасы жан-жақты қы­рынан талданып, талғам биігінде таразыланады. Сондай-ақ өнер иесінің тың­нан түрен салып Арқа төрінен Жастар театрын ашуы және оны небәрі 15 жыл ішін­де соны сүрлеуге түсіріп, ұлт­тық­ театр­ өне­ріне жа­ңашыл леп әкел­ген қай­рат­кер­­лік қырлары да кеңінен баяндалады.

Тұлға жайлы туынды­ның тұсауын мемлекет және қоғам қайрат­кері Қуаныш Сұлтанов пен филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахметов кесіп, жылы лебіздерін жеткізді. Ал белгілі ақын, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалин мен Жастар театрының директоры, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, актер Әділ Ахметов тізгіндеген салтанатты жиынның екінші бөлімі іле ғылыми-тәжірибелік конференцияға ұласты.

– Бір замандарда театр дейтін ең көне өнердің бағыты мен бағдарын анық­тау бақыты драматургтердің қолында болғанын тарихтан жақсы білеміз. Бұл жазусыз қағиданы жиырмасыншы ғасыр өзгертті. Өмір мен өнердегі сілкіністер театр тізгінін бірте-бірте режиссура­ның қолына өткізді. Кешегі театр аван­сценасынан оқылатын монологтерді режиссер қиялынан туған синкретті көркем ойлау мен көркем пластика ығыстырды. Софокл, Сервантес, Шекспир, Чехов, Әуезов театры дейтін ұғым­дарды бірте-бірте Мейерхольдтың, Питер Бруктың, Пансоның, Стуруаның, Мәмбетовтің ­театры дейтін жаңа анық­тауыш ұғымдар ­алмастырды. Жиыр­ма­сыншы ғасыр түренін салған осы­нау өнер реформасы өрісін кеңейтті. Ел ауы­зында «Нұрқанаттың театры» деген атпен тараған, рухани кеңіс­тігімізге өз мәнерімен, өз ойлау жүйе­сімен ешбір театрға ұқсамайтын өз міне­зімен, әсірелеп айтқанда, өзінің «бун­тарьлық» жаратылысымен еркін енген, тәуелсіздік дәуірі тұсауын кес­кен аста­налық Жастар театры осы сөзі­міздің айқын дәлелі! Бұл театрдың әр жаңа спектаклі берісі – республикалық, әрісі дүниежүзілік фестивальдердің гран-приін алмаған кезі кемде-кем... Бір сөзбен айтқанда, Жастар театры – өнеріміздің әлемінде бағы жанған өрісі кең, өркенді театр, деп театрдың баянды жетістіктерін бағалауға арналған ғылыми жиынның әлқиссасын айтқан Нұрлан Оразалиннің сөзін әрі қарай ғылыми көзқарас негізінде сабақтаған PhD, режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров: – Нұрқанат Жақыпбай – өзіндік әдістемесі бар жаңашыл режиссер. Біз Ресейдегі П.Фоменко шеберханасын білеміз, онда тек оның шәкірттері ғана сахнада қызмет етеді. Сондай-ақ Санкт-Петербургте шағын драма театры бар, онда Лев Додин­нің әр жылдары дәріс алған сту­денттері ғана ойнайды. Қарап отырып бірден сол студиялық атмосфераны бірден сезіну өте жақсы. Орыс театры кеңістігінде мектеп-студия-театр деген ұғым бар. Бізде де қолданысқа енуде. Оны енгізіп жатқан тұлға – Нұрқанат Жақыпбай. Бұл – оның төл шәкірттері және біздің үмітімізді ақтайтын эксперименттік, зертханалық жұмыстары, деп Жастар театрының бүгінгі келбеті мен Нұрқа­нат Жақыпбайдың театрға әкелген жаңалығына тұшымды талдау жасады. Сол кезде Астана қаласы әкімінің орынбасары қызметінде болған Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайраткері Ермек Аманшаев Жастар театрының алғаш­қы құрылу жылдарының куәсі ретінде қызықты естеліктерімен бөлісті. Мәжіліс депутаты, айтыскер ақын Аманжол Әлтай, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ұстаздары Аман Құлбаев, Гүлдана Сапарғалива бастаған бір топ сөз бен саз өнерінің өкілдері де өз құттықтауларын жеткізді.

Сондай-ақ алқалы жиында Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген қайрат-­ кері, Қырғыз ұлттық телерадио корпо­рация­сының директоры, драматург Қай­рат Иманәлиев Жастар театры мен Нұрқа­нат Жақыпбай өнері қырғыз елінде де жо­ғары бағаланатынын алға тартып, жазда театр ұжы­мын Бішкекке арнайы шақырды. Қоғам қай­раткері лебізінің соңын Жастар театрының өнеріне жоғары баға берумен түйіндеді.

Өнер ошағы мен режиссердің мерейтойына орай келіп түскен құттықтау хаттар легінде де шек болмады. Парла­мент Сенатының төрағасы Мәулен Әшім­баевтың құттықтауын сенатор Нұр­төре Жүсіп, Астана қаласы әкімінің құттық­тауын орынбасары Ерлан Дәкенов оқып берді. Сонымен қатар Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтан келіп түскен құттықтау хатта да елордалық Жас­тар театры мен оның көркемдік жетекшісі Нұрқанат Жақыпбай еңбегіне биік баға берілді.

 Салтанатты жиын соңы сахна төрінде өткен театрдың тарихынан сыр шертіп, құрылу жолы жан-жақты баян­­­да­ла­тын мерекелік кешке ұласты. Мерей­­той режиссер Нұрқанат Жақыпбай қолтаң­­­ба­сында қойылған У.Шекспирдің «Ромео-Жульетта» спектаклінің премьера­сы­мен түйінделді. Әйгілі ағылшын дара­ма­тургінің классикалық туындысын жаңа­ша формада сараптап, қазақтың ұлт­тық табиғатына лайықтап қойған суреткер жұмысы театрға жиналған көп­шілік көңілен шығып, толассыз қошеметке бөленді.

Расымен де, сан жанр мен сахна мүм­кін­дігін бір арнада тоғыстырып, содан көркемдік деңгейі жоғары биік өнер тудырған Жастар театрының өнер аламанына келіп қосылуы – қазақ театрларының шығармашылық тұрғы­да жаңаша түлеп, сілкінуіне ұйытқы бол­ғаны сөзсіз. Себебі бұған дейін өнерге өзгеше талап қойып келген мәдениет ошақтары жас труппаның заманауи ­театр мәдениетін жетік игеріп және содан ғаламат нәтиже көрсеткен алғашқы аяқалысынан-ақ жақсы мағынасында­ғы бәсекелестік рухты сезініп, сахна әлемі соны серпіліске бағыт түзеді. Сөз бен ой ендігі жерде қимыл әрекетімен жарысқа түсті. Сахнагерлер сан өнердің басын бір бойында тоғыстырар жан-жақтылыққа, әмбебаптыққа қарай ұм­ты­ла бастады. Музыкалық спектакль қою­шылардың көпшілігі фонограммадан бас тартып, мюзиклге жанды дауыста өнер көрсетуге ниет білдірісті. Актерлердің жеке дара өнер көрсетуімен бірге сахнада ансамбльдік біртұтастыққа жету ізденістері де қолға алына бастады. Театр төрінде түрлі эксперименттік бағыттағы қойылымдар өмірге келіп, пластика мен әуезді әннен ғаламат үндестік түзілді. Мұ­ны да белгілі бір деңгей мен өлшем аясында, Жастар театрының жасампаздық рухының жемісі деп бағалау керек.

...Иә, осыдан тура 15 жыл бұрын Нұрқанат Жақыпбай елорданың төріне өз қолымен әкеп еккен бір түп шыбық бү­гінде тамырын кеңге жайып, саялы бәйтерекке айналды. Арман ақиқаттың жо­лына түсті. Алғашқы жемісін бере баста­ды. Жас өркенге тыныс сыйлап, демін ашқан сол мәуелі бәйтерек өнер-орманындағы өз орнын белгіледі. Небәрі 15 жылдық тарихында республикалық, халықаралық байқаулардан 14 бірдей Гран-При жүлдесін қанжығасына байлауы да жас ұжым өнерінің бағытына бағдар, өрісіне өлшем. Жалғыз жолаушы адас­папты. Соңынан қаулап өсіп келе жатқан ордалы орманға бағбан Нұрқанат ойлана ұзақ көз тігеді...