Ташкент шаһары сонау 20-30-жылдары қазақ зиялылары мен мемлекет қайраткерлері білім терген, тәлім алған, ұлт мүддесі үшін ұйыса жұмыс істеген қаласы ғой. Ұлт зиялылары Орталық Азия университетінде (САГУ) дәріс беріп, қызмет атқарғанын бүгінгі жастардың бірі білсе, бірі білмейді. Ташкент Қазақ педагогикалық институтының іргесін қалап, алғашқы ректорлары болған да қазақтың белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері Темірбек Жүргенов (1926) пен Смағұл Сәдуақасов (1928) секілді алып тұлғалар екенін енді білім жүрміз.
Бұл қала – әйгілі Мұхтар Әуезов, ақиық ақын Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаевтың табаны тиген, сағыныштың сазды жыршысы, «Бір тойын» атап өте алмай кеткен ақын Төлеген Айбергенов дәріс тыңдап, әдебиет үйірмесінде алғашқы қарлығаш жырларын оқыған шаһар...
Көне Ташкенттің шығыстық бай әдеби мұраларының уызына жарыған, қазақ әдебиетіне де қатысты жәдігерлерге бай «Науайы» кітапханасынан талай қазақ баласының қатарында біз де шама-шарқымызша сусындап қатарға қосылып едік.
Ұстаздар туралы айтқанда, Ташкент шаһарындағы мұғалімдер дайындайтын ордада әр жылдары дәріс оқыған Мақаш Бекбергенов, Ниетолла Базарбаев, Тұрап Айдаров, Әділ Құдайбергенов, Сейдуалы Тілеуқұлов, Қыдырәлі Саттаров, Қалдыбек Сейданов, Мейірбек Оразов, Құрбанбек Қосанбаев секілді мұғалімдер еріксіз есіңе оралады. Солардың ішінде Ниетолла Базарбаев – Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогика институтында ұзақ жыл ұстаздық еткен, көп жылдар аталған факультеттің деканы болған филология ғылымдарының кандидаты, өзбек жеріндегі білім ордасында қазақ тілі мен әдебиетінің кафедрасын ашып, өмірінің соңына дейін (1980) меңгеруші қызметін атқарған тағылымды ұстаз болатын.
Ол кісінің тұла бойы зиялылық пен қарапайымдылыққа, ғажап мейірімділік пен пайымды парасатқа толы еді. Сабағында сабырлы қалпынан бір танбай, өз пәнінен тыс қазақ тілі мен тарихының өткені мен келешегіне қатысты ойларын ортаға салып, студенттердің де пікірлерімен санасып отыратын. «Көргенді кісі көргенін айтар, көргенсіз кісі бергенін айтар» дегендей, әсіресе, қазақ зиялылары мен мемлекет қайраткерлерінің ізі қалған, шығармаларын жазып, ұлттық мүдде жөніндегі алғашқы мақалаларын жариялаған кезеңдерді нәшіне келтіре әңгімелегенде, құлақтың құрышын қандыратын.
Аракідік болса да Ташкент қаласына арнайы ат басын бұратын көрнекті жазушы, қара сөздің хас шебері, ұлылық символындай болған Мұхтар Әуезовті соғыс жылдары, одан кейінгі 50-жылдары күтіп алып, кездесулер ұйымдастырып, үйінде қонақ еткені, Алматыға шығарып салғаны туралы айтқанда, аңыз тыңдағандай аузымыз ашылып отыратын. «Абай жолының» жазылу тарихы мен жарыққа шығу қарсаңындағы тағдыр-талайы мен жолында кездескен кедергілер жөнінде Мұхаңның өз аузынан естіген әңгімелерін баяндағанда, таңданбаған студент қалмайтын. Ұлы шығарманың да жолы ауыр болғанын ол кезде кім бағамдаған. Сол өткен ғасырдың 50-жылдары шыққан «Ақын аға» кітабындағы ұлы Мұхаңның қолтаңбасын ағаға сыйлаған кітабынан көріп, қолға ұстағанбыз.
1960 жылы қазақтың біртуар ұлы, даңқты әскербасы Бауыржан Момышұлымен институт түлектерін кездестіруді ұйымдастырып, басы-қасында жүрген де Ниетолла ағай екен. Баукеңнің жауынгерлік атағы мен даңқы бүкіл Кеңес Одағынан асып, оның соғыс тактикасы мен әдіс, айла-тәсілі жер жаһанға тарап жатқан кез. Дидарласуда өзбек ағайындар Баукеңнің басына ала тақиясын кигізіп, үстіне ұлттық шапанын жауып, лайықты құрмет көрсетеді.
Іс-шараның өтілу барысына риза болған Баукең Орталық Азия республикаларынан барған сарбаздардың жүрек жұтқан ерліктері жөнінде айта келіп, оның ішінде қазақ солдаттарының майдандағы қайтпас қайсарлығы, отаншылдық рухты жоғалтпаған батылдығы мен адамгершілік қасиеттері туралы тебірене әңгімелеп: «Көк сүңгілі, бөрілі байрақты, Ер Түріктің ұрпақтары! Сендер нашар оқып, теріс тәрбиемен қазақтың атына кір келтірмеулерің керек! – деп сөзін аяқтағанда зал дүркірей қол соғып, ұлттық батырымызға орындарынан тұрып қошемет көрсетті», – деп еске алатын Ниетолла ағай.
Ниетолла ағай киелі Түркістан топырағынан болғанмен, білім қуып Ташкент педучилищесін (1934), Ташкент пединститутын (1942), сол оқу орнының аспирантурасын (1948) тәмамдайды да, өзі білім алған ордада ұстаздық қызметін жалғастырады. Бала тәрбиелеудегі барлық саналы ғұмыры Ташкент педагогикалық институтымен тікелей байланысты болса да, ғылым мен өнердің ордасы – Алматымен де үнемі тығыз қарым-қатынас жасап тұрған.
Өзге елде жүрген бауырларын ұлт ұлыларымен дидарластыруға, жастардың білімді болуына, тілін ұмытпай, жаңғыртып жүруге өлшеусіз үлес қосқан ұстаз туралы ой-байламдарымды ортаға салдым. Мақалаға арқау болған 1944 және 1960 жылғы суреттер Ниетолла ағаның Астанада тұратын Сәуле деген қызының жеке архивінен алынғанын еске сала кетсем деймін
Суретте солдан оңға қарай отырғандар: Ниетолла Базарбаев, Мұхтар Әуезов Ташкенттегі педагогикалық институттың мұғалімдері арасында (1944 жыл).
Бауыржан Момышұлы, Н. Базарбаев.
Ұрғали РАХАЕВ,
Қазақстанның білім беру ісінің үздігі.
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Қазығұрт ауданы,
Жігірген ауылы.