• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Әлем 02 Желтоқсан, 2022

Ақордадан Елисей сарайына дейін

377 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға сапары рәміздік тұрғыдан да, экономикалық-саяси тұрғыдан да маңызға ие. Президенттің Еуропаның жүрегі саналатын Парижге ат басын тіреуі Еуропалық одақ пен Орталық Азия арасына салынған көпірдің іргесін нығайта түсті деп айтуға толық негіз бар.

Біріншіден, үш жолақты ел Қа­зақ­станның басты экономикалық әріп­тестерінің бірі. Мәселен, Франция 2005 жылдан бері Қазақстанға жалпы көлемі 17 миллиард доллар инвестиция құйып, ең ірі бес инвестор елдің қатарына кірді. Биылғы 9 айда екіжақты тауар айналымы 2,5 миллиард долларға жетті. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 6,1 пайызға жоғары.

Оған қоса, Францияның Орталық Азия елдерімен жасаған сауда-сатты­ғының 90 пайызы Қазақстанға тиесілі. Екі мемлекет энергетика, тау-кен өндірісі, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс, аэроғарыш, машина жасау, денсаулық сақтау және тамақ өнеркәсібі салаларында тиімді жобаларды бірлесіп жүзеге асырып келеді. Қазақстанда 170-тен астам фран­циялық компания мен бірлескен кә­сіпорын жұмыс істейді. Total Energies, Air Liquide, Airbus, Alstom, Orano және Danone секілді француз компаниялары экономикамыздың жетекші инвес­торлары қатарында. Былтыр Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың 2030 жылға дейінгі жол картасы бекітілді.

Бұдан бөлек, Қазақстан Еуропалық одақ елдеріне, соның ішінде Францияға уран экспорттау жөнінен жетекші мем­лекет саналады. Қарт құрлыққа әкелі­нетін бұл радиоактивті заттың 23 пайызға жуығы тоғызыншы территория­дан тасымалданады. Еліміз әлемде уран өндіру бойынша бірінші орында екені белгілі. Жаһандық нарықтың 40,6 пайызын Ұлы даладан шығатын металл қамтамасыз етеді.

Уран тақырыбынан ауытқымайық. Euroactiv сайтының хабарлауынша, ресми Елисей сарайы Қазақстандағы атом саласына ерекше қызығушылық танытып отыр. Аталған елдің компаниялары Қазақстанда салынатын Атом электр стансасының құрылысын жүргізуден үмітті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Францияға сапары кезінде Électricité de France (EDF) компаниясының бас директоры Люк Ремонмен кездесті. Келіссөздер барысында атом энергетикасы саласына озық технологияларды енгізу мәселесі талқыланған. Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың айтуынша, атал­ған мәселе елімізде АЭС салу жоспа­ры тұрғысынан өзекті. Сондай-ақ кездесуде жаңартылатын энергия көз­дері саласындағы жобаларды іске асыру мүмкіндіктері талқыланды. Соны­мен қатар Orano S.A. компаниясы директорлар кеңеcінің төрағасы Клод Имовен кездесу барысында атом өнеркәсібін дамыту мәселелері сөз болды. Компанияның Қазақстанда атқарып жатқан жұмысының қазіргі нәтижелері мен алдағы жоспары таныстырылды. KATCO бірлескен кәсіпорны Қазақстанда жылдық уран өндірісінің 15 пайызын және әлемдік өндірістің 7 пайызын шығарады. Orano S.A. – Франция атом өнеркәсібі саласының көшбасшысы.

Осы сапар барысында қабылданған бірлескен мәлімдемеде аса бағалы шикізат материалдары, оның ішінде жерде сирек кездесетін материалдар саласындағы өзара ынтымақтастықты дамыту туралы уағдаластыққа қол жеткізілгені хабарланды. Жаңартылатын энергия көздері, «жасыл сутегін» өндіру, бейбіт атомды пайдалану, су ресурстарын басқару, темір жол көлігі және агроөнеркәсіп кеше­ні салаларында бірқатар екіжақты құжатқа қол қойылды. Демек, АЭС құрылысын жүргізуге француз компания­лары белсенді тартылуы әбден мүмкін.

Экономикалық байланыстың көкжие­гі мұнай-газ саласында да кеңейе түспек. Мәселен, Қ.Тоқаев Total Energies директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Патрик Пуяннемен және Air Liquide компаниясының президенті Франсуа Жаковпен кездесті. Мұнай-газ саласында ірі кәсіпорын саналатын Total Energies компаниясы елімізге 12 млрд доллар инвестиция құйған. Осы орайда, аталған кәсіпорын Қазақстанда тағы бірнеше ауқымды жобаны жүзеге асыруға ниетті екенін жеткізді. Атап айтқанда, қуаты 1 ГВт-тық жел электр стансасының құрылысы жүргізілмек. Нысан 2026-2027 жылдары Қазақстанның оңтүстік-шығысында пайдалануға беріледі. Жобаның болжамды құны – 1,9 миллиард доллар.

Air Liquide химия компаниясы да елімізге мол қаражат құйған. Қазақ­станда жалпы инвестиция көлемі 120 миллион еуро болатын жобаларды іске асырды. Мәселен, компанияның қаты­суымен құрылған «Эр Ликид Мұ­най Тех Газы» бірлескен кәсіпорыны Аты­рау мен Павлодардағы мұнай өңдеу зауыт­тарының базасында техникалық газ өндірісін жолға қойды. Атырау облы­сындағы полипропилен өндіретін KPI.Inc газ-химия кешені үшін сығым­далған ауа мен азот өндіретін қондырғы салды.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Airbus, Saint-Gobain, Boehringer Ingelheim France, Soufflet Group, Total Energies, BPI France, Vicat, Syctom, Pellenc, Total Eren, PCM, Safran, Thales, Groupe EDF, Assystem, Evolution International, MHB SAS, Exa International, Rungis Semmaris, MBDA, SOPREMA және басқа да Францияның ірі компанияларының басшыларымен кездесті.

Екіншіден, Франция Орталық Азия­мен тығыз қарым-қатынас орнатуға мүд­делі. Мұны мынадан байқауға болады. Өткен айда Франция Президенті Эм­манюэль Макрон Елисей сарайында Өзбекстан Президенті Шавкат Мир­зиёевпен кездесті. Былтыр Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Париждің сән-салтанатын тамашалап қайтты. Ал өткен аптада мемлекеттер басшылары телефон арқылы сөйлесті.

Сарапшылардың пайымдауынша, үш жолақты елдің Орталық Азияға қызығушылық танытуы бекер емес. Ресейдің Украинаға басып кіруі салдарынан Кремльге санкциялар салынғаны мәлім. Осылайша, Сібірдің газы мен мұнайын сатып алып отырған Еуропалық одақ мемлекеттері бірқатар қиындыққа тап болды. Мұның балама бір шешімі ретінде қарт құрлық қара алтыны мен көгілдір отыны мол Орталық Азиямен экономикалық байланысты нығайтпақ.

«Еуропалықтар Ресей көмірсутегі шикізатына эмбарго салынғаннан кейін Орталық Азиядағы энергетикалық ресурстарға қызығады. Қытай мен Еуро­палық одақ арасындағы көлік дәліз­деріне ықылас білдіреді. Сондай-ақ Орта­лық Азия елдері де Ресей экономикасы­на салынған санкциялардан кейін ха­лық­аралық аренада серіктестіктерін әртараптандыруға мүдделі», дейді IFRI сараптама орталығының зерттеушісі Майкл Левистоун.