Мәжілісте «Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі жобасының негізгі бағыттары туралы» тақырыбында Үкімет сағаты өтті. Жиын барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова баяндама жасап, осы саладағы ахуалмен таныстырды.
Ведомство басшысының айтуынша, Әлеуметтік кодексті әзірлеу барысында халықаралық тәжірибелер зерделенген. Құжат 5 бөлімнен, 19 тараудан және 267 баптан тұрады. Кодекстегі маңызды жаңалық – Отбасының цифрлық картасы немесе еліміздегі отбасылардың дербес дерекқоры. Бұл мемлекеттік органдардың қазіргі ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде қалыптастырылады.
«Атаулы көмектің мәні өзгерді. Енді атаулы көмек қандай да бір қызметті алатын тек нақты адам емес, отбасыны немесе азаматты қиын өмірлік жағдайдан шығара алатын атаулы шара ретінде қарастырылады. Үшінші өзгеріс қолданыстағы әлеуметтік контрактың жаңа мазмұнына қатысты, яғни тараптардың жауапкершілігін арттыру қаралып отыр. Мысалы, мемлекет нақты бір отбасының әл-ауқат дәрежесіне қарап атаулы шара көрсетуге міндетті болса, оны алушы отбасы бұл шараларды өмірлік қиын жағдайдан шығу үшін орындауға міндетті», деді Т.Дүйсенова.
Құжаттың келесі жаңашылдығы отбасыларды және отбасы мүшелерін әлеуметтік қолдау жүйесіне қатысты. Министрдің айтуынша, цифрлық картаны пилоттық іске асыру барысында көпбалалы отбасылардың әлеуметтік қатерлерге тап болу ықтималы жоғары екені байқалған. Осыған байланысты Әлеуметтік кодекс жобасында балалы отбасыларды әлеуметтік қолдаудың қолданыстағы біртұтас жүйесін толық сақтау және оның негізгі параметрлерін өзгерту қарастырылды.
«Кодекс жобасына енгізілетін жаңа параметрлер отбасыларға берілетін мемлекеттік қолдаудың аясын кеңейтуді көздейді. Яғни Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 18 жасқа дейінгі балаларға берілетін Ұлттық қордың инвестициялық кірісінен түскен табыстың 50 пайызы көлеміндегі бастапқы капитал отбасыларға қосымша көмек көзі болмақ. Бала күтіміне байланысты төлемдер мерзімі ұзартылады. Көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері көбейеді және олар «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» наградтталған аналар деген жаңа статуспен қарастырылады. Тағы бір маңызды параметр – 2025 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін кедейлік шегі бүгінгі күнкөріс деңгейінен емес, медиандық табыс есебінен анықталады. Бұл ретте Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тәжірибесі зерделенді», деді Т.Дүйсенова.
Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі мүшесі бар отбасыларға қарастырылған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесі толығымен қайта құрылмақ. Осыған сәйкес, мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсетуге отбасы мүшелері тартылады. Бұл ретте отбасы мүшесі жеке көмекші немесе әлеуметтік қызметкер ретінде ресімделеді. Бұл жұмысқа еңбекақы төленеді және осы кірістен әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы жарналары аударылады.
«Екінші, арнаулы әлеуметтік қызметтердің жаңа стандарттары даярланып, жан басына шаққандағы нормативтерді енгізу қарастырылып отыр. Оның мөлшері қызметтер үшін жеке норматив, ал компенсаторлық техникалық құралдар тұрғысында шектеулі бағалар түрінде жіктеледі. Бұл өзгерістер бір жағынан кейбір жекелеген қызмет немесе тауар түрлерін монетизациялауға әкеледі. Ал екінші жағынан жеке сектор жағынан шағын сыйымдылықты арнайы қызмет көрсету орталықтарының ашылуына мүмкіндік туғызады. Бұл шаралар отандық тәжірибе, яғни білім беру саласында «Балапан» бағдарламасының үлгісі бойынша енгізіліп отыр. Үшінші, әлеуметтік қызмет порталы бойынша жергілікті атқарушы органдар жанында құрылған комиссияларға жаңа құзырет беру қарастырылған», деді Т.Дүйсенова.
Сонымен қатар әлеуметтік қызметкерге қатысты талаптар мен олардың мәртебесін ескеретін нормалар енгізілді. Әлеуметтік жұмыспен біліктілігі тәуелсіз бағалаудан өткен және сертификаты бар мамандар ғана айналыса алады. Мүгедектігі бар азаматтарға қызмет көрсеттетін мамандарды таңдау үшін әлеуметтік қызметкерлердің реестрі жасалады.
«Кодекстің үшінші новелласы әлеуметтік тәуекелдерден сақтану және азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыруға қатысты. Әлеуметтік тәуекелдерден сақтандыруды көздейтін қолданыстағы сақтандыру жүйесі халықаралық стандарттарға және нақты экономикалық жағдайларға сай келетін жүйе ретінде сақталады. Дегенмен оның мақсатты міндеті өзгеріске ұшырайды. Жүйе тек әлеуметтік төлемдер төлеуге ғана бағытталмай, ең алдымен азаматтарды формалды түрде жұмыспен қамтуға ынталандыруды көздейді», деді министр.
Осыған байланысты Салық кодексінде шағын бизнестің жалдамалы жұмыскерлерге төлейтін салықтық жүктеме ендігі жылы 33 пайыздан 20 пайызға дейін төмендейді. Онлайн платформалардың көмегімен жұмыспен қамтылған азаматтар үшін арнайы салық режімі енгізіледі. Жұмыскерлерін жазатайым оқиғалардан сақтандыратын жұмыс берушілер үшін сақтандыру тарифтері төмендейді.
«Бірінші кезеңде біз мемлекеттік сақтандыру қорынан бір жасқа толмаған баласы бар аналарға берілетін әлеуметтік төлемді олардың табыстарының 40 пайызы деңгейінде бекіттік. Қазір жұмыс істеп, уақтылы әлеуметтік жарналарын төлеп отырған аналардың 85 пайыздан астамы осы төлемді алады. Бұрын олардың басым көпшілігі базалық төлемдерді республикалық бюджеттен 18 мыңнан 28 мыңға дейінгі мөлшерінде алатын. Бұл шаралар көптеген әйелді формалды түрде жұмыс істеуге, сақтандыру жүйесіне қатысуға ынталандырды және лайықты төлемдер алуға мүмкіндік берді. Ендігі жылдан бастап жұмыссыз қалған азаматтарға жарна төлеген уақытына сәйкес 6 айға дейін бұрынғы табысының 45 пайызын төлеу қарастырылып отыр», деді Т.Дүйсенова.
Сондай-ақ зейнетақы жүйесіне де өзгерістер енгізілмек. Қазіргі таңда зейнеткерлерді 3-ке бөліп қарастыруға болады. Біріншісі, 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнетке шыққан, толық еңбек өтілі бар зейнеткерлер. Олардың саны – 300 мыңнан астам адам. Олардың басым көпшілігінің зейнетақысы 120 мыңнан 160 мың теңгеге дейін. Екіншісі, зейнет жасына 1998 жылғы 1 қаңтардан кейін жеткен және 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін еңбек өтілі бар азаматтар. Қазір осы топтағы зейнеткерлер саны – 1,9 млн-нан асты. Олардың саны 2030 жылға қарай 2,6 млн-ға дейін жетеді деген болжам бар. Үшінші ұрпақ – болашақ зейнеткерлер. Олар зейнетке 2038 жылдан кейін шығып, мемлекеттен базалық зейнетақы, бірыңғай жинақтаушы қорынан жинақтаушы зейнетақысын алады.
Бірінші бүгінгі ұрпақ зейнеткерлері үшін алдағы 5 жылда базалық зейнетақы мөлшері көбейтіледі. Еңбек зейнетақының көлемін есептеу үшін қолданылатын ең жоғары табыстың көлемі 46-дан 55 айлық көрсеткішке дейін немесе экономикадағы орта айлық жалақының 70 пайызына дейін артады. Өздеріңіз жақында қолдаған бұл шаралар бүгінгі ұрпақ зейнеткерлерінің толық мемлекеттік қолдауда болатынын көрсетеді. Ал зейнетақыны өз жинақтары есебінен қалыптастыратын болашақ зейнеткерлер үшін қосымша жұмыс берушілердің зейнетақы жарнасы енгізіледі. Бұл жарна қолданыстағы заңда көзделген шартты жинақтаушы зейнетақы жүйесі үшін база қалыптастырады. Осылайша бұл топтағы азаматтар зейнеткерлік жасына жеткенде да қазіргі зейнеткерлер сияқты зейнетақының 3 түрін алады. Мемлекет есебінен – базалық зейнетақы, жұмыс берушілер есебінен – шартты-жинақтаушы зейнетақы, өз жинақтары есебінен – жинақтаушы зейнетақы. Бұл шаралар азаматтарды лайықты зейнетақымен қамтуға мүмкіндік береді деп пайымдаймыз», деді Т.Дүйсенова.
Бұдан бөлек, кодекс жобасына өз активтерін басқару бойынша салымшылар құқығын кеңейтуге қатысты өзгерістер енгізіледі. Енді белгіленген жеткіліктілік шектен жоғары зейнетақы жинақтарын азаматтар тек емделуге және тұрғын үй сатып алуға жұмсайды. Сондай-ақ салымшылар бар зейнетақы жинақтарының 50 пайыздан аспайтын бөлігін активтерді басқару жөніндегі компанияға беруге және мұндай компанияны өздері таңдауға құқылы.
Келесі жаңалық халықты жұмыспен қамтудың жаңа тәсілдеріне байланысты. Бұл бағыттағы проблемаларды шешу үшін еңбек нарығын либерализациялау көзделген. Осы мақсатта «тәуелсіз жұмыскер» – яғни табыс әкелетін еңбекпен айналысатын, бірақ тиісті уәкілетті органдарда ресми мемлекеттік тіркеуі жоқ тұлға ұғымы енгізілген. Егер тәуелсіз жұмыскерлер өз қызметін онлайн платформалар офертасына қосылу немесе жария шарт жасасу арқылы атқарса, онда бұл жұмыскерлер ресми жұмыспен қамтылды деп танылады. Мысалы, Яндекс такси онлайн платформасына қосылған такси жүргізушілері, Glovo онлайн платформасына қосылған курьерлер осы санаттағы жұмыскерлер қатарына кіргізіледі.
Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Жәмила Нұрманбетова әлеуметтік қорғау жүйесінің заңнамалық негізі жаңғыртылуына қарамастан халықтың әл-ауқатының өспеуі алаңдайтын мәселе екенін айтты.
Жиын қорытындысы бойынша депутаттар Үкіметке өз ұсынымдарын берді.