Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде академик, филология ғылымдарының докторы, профессор, шығыстанушы ғалым, дипломат Әбсаттар қажы Дербісәлінің туғанына 75 жыл толуына орай «Шығыстану және руханият мәселелері» тақырыбында халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.
«Әл-Фараби» атындағы кітапханада «Академик Әбсаттар Дербісәлі атындағы сирек кітаптар мен қолжазбалар қорының» ашылуымен басталған алқалы жиын барысында Шығыстану факультетінде академик Әбсаттар Дербісәлі атындағы дәрісхана ашылды. Конференцияны әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев ашып, академик Әбсаттар Дербісәлінің өмір жолына, ел ғылымының дамуына қосқан сүбелі еңбегі, оқу-ағартушылық қызметіне тоқталды.
Алқалы жиын барысында Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың, Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің, Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Аида Балаеваның, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау хаттары оқылды.
Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатында: «Әбсаттар Дербісәлі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти ретінде еліміздегі бейбітшілік пен келісімнің нығаюына зор еңбек сіңірді. Ғалымның еңбектері ислам әлемі үшін құны жоғары. Ел үшін аянбай еңбек еткен тұлғаның парасат пен тағылымды өмірін кеңінен дәріптеу баршамыздың азаматтық парызымыз. Осы тұрғыда бүгінгі шараның маңызы зор» делінген.
Саналы ғұмырын ғылым мен білімге арнаған ғалымның діни ағарту саласындағы еңбегі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын басқарған жылдардағы оқу-ағарту саласындағы ғылыми еңбектері, ғибратты шығармалары қоғамды ізгілікке үндеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы осы жиында баяндама жасап, академик Әбсаттар қажы Дербісәлі басшылық еткен жылдарда ҚМДБ жаңа кезеңге аяқ басқанын атап өтті.
«Әбсаттар қажы Дербісәлі саналы ғұмырын ғылым мен білімге арнаған ғалым. Өзіне жүктелген дінбасы қызметін абыроймен атқарды. Дін саласында құжаттандыру, іс қағаздарын жүргізу мәселесін ретке келтірді. Діни мамандарын даярлау ісіне көңіл бөліп, 2001 жылы «Нұр-Мүбәрак» Мысыр-Ислам мәдениеті университетін ашты. Қазіргі таңда аталған білім ордасы діни жоғары білімді, білікті мамандар даярлайтын оқу орнына айналды. Сондай-ақ еліміздің тоғыз аймағынан тоғыз медресе, бір қарилар дайындайтын орталық ашылды. Академик «Мешіт пен медреселер» кітабында еліміздегі тарихи, заманауи мешіттер, көне және кейіннен ашылған медреселер жөнінде кеңінен ақпарат берді. Алдағы уақытта ҚМДБ төралқа мәжілісінде хазіретіміздің атын еліміздегі бір мешітке беру жоспарлануда», деді Бас мүфти.
Мемлекет және қоғам қайраткерлері, Түркия, Ресей, Мысыр, Иордания, Өзбекстан, Тәжікстан, Иран мемлекеттерінің елшілері мен консулдары, дін саласының қызметкерлері, ҚазҰУ-дің оқытушы-профессорлар құрамы және білім алушы жастар қатысқан жиын барысында «Әбу Насыр әл-Фараби шетел және Қазақстан ғалымдарының зерттеулерінде» кітабы мен «Академик Әбсаттар Дербісәлі ғалымның ғибратты өмір жолы» атты естелік кітаптарының таныстырылымы өтіп, секциялық жұмыстармен жалғасты.
АЛМАТЫ