Астанаға Литва Сыртқы істер министрі Габриэлюс Ландсбергис ат басын бұрды. Балтық жағалауынан келген мейманмен Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді келіссөз жүргізді. Жиыннан кейін екі дипломат мәлімдеме жасады.
«Габриэлюс Ландсбергис мырзамен Қазақстан мен Литва арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың жай-күйі мен перспективаларын талқыладық. Халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмастық. Литвалық достарымыздың Астанаға сапары Қазақстан мен Литва арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орайластырылған.
Осы жылдар ішінде елдер арасында екіжақты және көпжақты форматтағы сындарлы қатынастар мен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететін барлық деңгейлерде сенімді диалог жолға қойылып, қолдау көрсетіліп отыр. Қазіргі уақытта елдеріміз арасындағы қарым-қатынастар 1993 жылы 7 қарашада Алматыда қол қойылған Қазақстан мен Литва арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы шарттың рухы мен қағидаттарына толық сәйкес дамып келеді», деді М.Тілеуберді.
Ведомство басшысының айтуынша, ресми Вильнюс дәстүрлі түрде Астананың Балтық аймағында да, жалпы Еуропалық одақта да маңызды және сенімді серіктесі саналады. Литва 2016 жылы алғашқылардың бірі болып Қазақстан Республикасы мен Еуропалық одақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді (КӘЫК) ратификациялады. Осылайша, республикамыздың Еуропалық одақ елдерімен 29 салада ынтымақтастығының құқықтық негіздері қаланды.
«Аталған келісім ережелерін іске асыру екіжақты форматта да, өңірлік және жаһандық деңгейде де Қазақстанның және Еуроодаққа мүше мемлекеттердің саяси өзара іс-қимыл көкжиегін кеңейтуге және экономикалық байланыстарын тереңдетуге жәрдемдеседі. Түрлі халықаралық алаңдарда өзара қолдау көрсету Қазақстан-Литва ынтымақтастығының өзіне тән стиліне айналған.
Заң шығарушы билік өкілдерінің деңгейінде екі елдің мазмұнды өзара іс-қимылын атап өткім келеді. Еліміздің Парламенті мен Сеймде достық топтары жұмыс істейді. Инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелеріне, сондай-ақ логистикалық жолдарды әртараптандыруға, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік маршрутын (ТХКМ) және Клайпеда портын пайдалану мәселелеріне көп көңіл бөлінді», деді М.Тілеуберді.
Министр келтірген деректерге сүйенсек, Литва Қазақстанның Еуроодақ елдеріндегі ең ірі сауда серіктестерінің ондығына және әлемдегі ең ірі жиырма серіктестің қатарына кіреді. Сонымен қатар еліміз де Литваның жиырма ірі сауда серіктестерінің қатарына кіреді.
«Дәстүрлі логистикалық тізбектердің бұзылуына қарамастан, 2022 жылдың 9 айында елдеріміз арасындағы тауар айналымы 2,1 есе өсіп, 500,4 млн доллар құрағанын атап өту қуантады. Бүгінде қазақстандық нарықта 170-ке жуық литвалық компания бар. Өз кезегінде Литвада Қазақстанның қатысуымен ондаған компаниялар жұмыс істейді. Ұшқыштарды даярлау, электроника және медициналық жабдықтар өндіру, пайдаланылған мотор майларын қайта өңдеу және басқа да салаларда бірлескен инвестициялық жобалар іске асырылады.
Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жоспарлы түрде дамып келеді. Қазір Литвада «Болашақ» бағдарламасымен қоса 239 қазақстандық студент білім алады. Литва университеттері озық медициналық стандарттарды қазақстандық білім беру жүйесіне трансферттеуге белсенді қатысады. Екі ел ынтымақтастығының маңызды факторы – тарихи жады. Литвада қазақ халқының жаппай жер аудару жылдарындағы көмегін жылы еске алады және жоғары бағалайды», деді М.Тілеуберді.
Екі ел арасындағы мәдени байланыс та тереңдей түскен. Мәселен, Литвада қазақ халық музыкасының концерттері жүйелі түрде өткізіліп тұрады. Қазақ классиктерінің кітаптары литва тілінде жарық көрді. Әл-Фараби орталығы, Вильнюс аудандық кітапханасында Абай атындағы оқу залы жұмыс істейді. Сонымен қатар тоғызқұмалақ ойынының федерациясы да ашылды. Сөз соңында министр М.Тілеуберді Габриэлюс Ландсбергис мырзаның сапары Астана мен Вильнюс арасындағы екіжақты және көпжақты форматтағы достық пен серіктестік қатынастарды нығайтуға қосымша серпін беретініне сенім білдірді.
Өз кезегінде Литва Сыртқы істер министрі Габриэлюс Ландсбергис Қазақстанға сапары күрделі геосаяси жағдай кезінде өтіп жатқанын атап өтті. Еліміздің халықаралық құқықтың негізгі қағидаттарын – аумақтық тұтастықты, шекаралардың мызғымастығын, бейбіт ынтымақтастықты қолдаудағы берік ұстанымын құптайтынын жеткізді.
«Елдеріміз тамаша қарым-қатынасқа ие. Литва екіжақты саяси, экономикалық және халықтар арасындағы байланыстарды одан әрі нығайтуға мүдделі. Қазақстанда Литваның тарихи мұра нысандарын сақтаудағы ел үкіметінің қолдауына алғыс айтамыз. Соның арқасында 2022 жылдың мамыр айында Спасск мемориалдық кешеніндегі литвалық саяси тұтқындарға арналған еске алу тақтасы ашылды. Бұл агрессорға мойынсұну және оған қарсы шықпау қай жерге апаратынын еске салады.
Сапар барысында Ресейдің тәуелсіз Украинаға қарсы негізсіз және себепсіз агрессиясына байланысты өңіріміз бетпе-бет келіп отырған қиындықтарды талқыладық. Халықаралық қауымдастық бұл агрессияны айыптайды. Бірақ Украинаны қолдау үшін көбірек әрекет етуіміз керек», деді Г.Ландсбергис.
Мейман Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы ынтымақтастықты нығайту тараптардың бәрі үшін қолайлы екенін жеткізді. Энергетика саласына мұқтаждық тұрғысынан Литваның Қазақстанға ұқсастығы бар екенін, бұдан құтылуға көмектесуге әзір екенін білдірді.
«Біз Қазақстанның реформалары мен принциптерін қолдаймыз. Литва өзінің ақпарат, цирфландыру, жасыл және жаңартылатын энергетика саларындағы ноу-хаулары мен тәжірибесін ұсынуға дайын», деді Литва дипломаты.
Сондай-ақ ол екі елдің арасындағы байланысты тікелей рейстер арқылы нығайта түсуге болатынын еске салды. «Менімен бірге келген үлкен делегация Литва бизнесінің Қазақстанмен қарым-қатынасты кеңейтуге деген қызығушылығы бұл елдің табиғи ресурсы мен жайғасқан орнының арқасында орасан екенін көрсетеді. Қазақстан туристері мен студенттері, бизнесмендері мен жалпы халқы елдеріміздің арасындағы тікелей рейстерді көбірек пайдалана алар еді», деді Литва Сыртқы істер министрі.