Ертіс-Баян өңірі қоршаған ортаны ластайтын заттардың шығарындылары бойынша елімізде көш бастап тұр. Өндіріс қалдықтары мен түрлі күл-қоқыстардың 30 пайызы, яғни 730 мың тоннасы осы аймаққа тиесілі. Ал отын-энергетика саласындағы бұл көрсеткіштердің үлесі тіпті сорақы 65 пайыздан асады.
Бұл цифрлар Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің Павлодар облысы тұрғындарымен болған кездесуінде айтылды. Сала басшысы экомониторинг нәтижелері бойынша Павлодар облысының атмосфералық ауасының ластану деңгейі жоғары екенін атап өтті. Экологиялық жағдайды жақсарту үшін былтыр жаңа Экологиялық кодекс қабылданып, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы бекітілгені мәлім. Аталған жоба аясында 5 жыл ішінде өңірдегі 2 ірі кәсіпорынның шығарындыларын 39 мың тоннаға қысқарту көзделген. Мәселен, Павлодар мұнай-химия зауытында 2025 жылға қарай лимиттер бойынша шығарындыларды 34 пайызға немесе 11 мың тоннаға (30,7 мың тоннадан 20 мың тоннаға дейін), алюминий зауытында 26 пайызға немесе 28,4 мың тоннаға (108,5 мың тоннадан 80,1 мың тоннаға дейін) төмендету жоспарда бар.
Өңірдегі экологияға ауаның ластануы, қалдықтарды басқарудың жетілмеген жүйесі және кәріз тазарту құрылғыларының тозуы кері әсер етіп жатқаны байқалады. Сол себепті бүгінгі таңда облыстың көптеген ірі өндіріс орындары ауаны бақылаудың автоматтандырылған жүйелерін енгізуде. Жағдайды жақсарту мақсатында 33 іс-шарадан тұратын «Жол картасы» қабылданды, оның басым бөлігін кәсіпорындар іске асырады.
Министр қалдықтарды басқару мәселелеріне де тоқталып өтті. Айтуынша, осы жылдың алғашқы 9 айының қорытындысы бойынша тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесі 20,5 пайызды құрады. Ғарыш мониторингі шеңберінде 165 қоқыс үйіндісі анықталды. Қоқыс үйінділерінің пайда болу себебінің бірі – заңдастырылған қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының болмауы. Мәселен, қатты тұрмыстық қалдықтар орналастырудың 321 объектісінің тек бесеуі немесе 1,6 пайызы экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкес келеді. Бұл – ел бойынша өте төмен көрсеткіш. Жол картасына сәйкес қазір жергілікті әкімдік 10 елді мекенде полигондарды талаптарға сәйкестендіру бойынша жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ 3 елді мекенде (Тереңкөл, Ертіс және Майқайың) қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын салуға құжаттарды дайындауда.
– Облыста жыл сайын күл үйінділерінен шамамен 7,5 млн тонна пайда болады. Осыған байланысты облыста өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу бойынша белгілі бір жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, Ақсу ферроқорытпа зауытында жоғары көміртекті феррохромның қожы қайта өңделеді. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында 594,6 мың тонна қож өңделді. Павлодар мұнай-химия зауыты қуаттылығы жылына 26,5 мың тонна мұнай қалдықтарын өңдейді, бұл мұнай қалдықтарының жылдық түзілу көлемінің 91 пайызына сәйкес келеді. Сондай-ақ «Қазақстан алюминийі» АҚ өндірісінің қалдықтары жолдарды салу және жөндеу кезінде пайдаланылады, – деді министр.
Тұрғындар Павлодар қаласы сыртында орналасқан Былқылдақ жинақтаушысынан Ертіс өзенінің сынаппен ластану мәселесі алаңдататынын айтты. Министр су айдыны айналасында салынып жатқан бөгет келер жылдың соңында аяқталатынын жеткізді. Сынаптың ластану ошақтарын толық қалпына келтіру айтарлықтай қаржылық шығындарды талап етеді. Сондықтан ошақтарды оқшаулау есебінен тәуекелдерді азайту жоспарланып отыр.
ПАВЛОДАР