Уақыт пен кеңістік жоқ әлемде адами құндылықтар мен сезімдерді сақтап қалу, жансыз сурет болудан қашу, шынайы өмірдің мән-мағынасын түсіну, көз жанарындағы миллиондаған түстер мен суреттер арпалысы. Егер адам ғайыптан осы кеңістікке еніп кетсе не болар еді? «Мен жоқ жердегі «Менің өмірім» эксперименттік драмасы тұңғыш рет Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрында сахналанды.
Облыстық театрдың ұжымы премьералар аптасын өткізді. Алғашқы күні актерлер Н.Птушкинаның «Күзгі махаббат» сатиралық комедиясын, одан соң жас драматург Мерей Қосынның «Мен жоқ жердегі «Менің өмірім» атты эксперименттік драмасын және соңғысы А.Володиннің «Кездесу мен қоштасу» психологиялық драмасын ұсынып, көрермендердің зор қошеметіне ие болды.
Жанрлары үш түрлі, қоғамдағы түрлі мәселелерді қаузайтын спектакльдер аншлагпен өткенін байқадық.
Керекулік қоюшы режиссерлер мен актерлердің өнерін өнертану докторы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Бақыт Нұрпейіс және өнер магистрі, аталған академияның аға оқытушысы Айжан Ахмет арнайы келіп көріп, кәсіби тұрғыдан баға берді.
– Әрине, бірден үш шығарманың премьерасын өткізу оңай шаруа емес. Мұндай қадамға актерлік құрамы мықты театр ұжымы ғана тәуекел етіп барады. Бір мезетте қатарынан үш бірдей жаңа қойылымның тұсауын кесуі еліміздің мәдени өміріндегі айтулы оқиға десек, артық айтқандық емес. Жалпы, Арман Темірбекұлы осы театрға директор болып келгеннен бастап мәдениет ордасының жаңа тынысы ашылып, тың ізденістерімен көзге түсіп жүр. Айталық, оның тікелей басшылығымен театр соңғы жылдары республикалық фестивальдеріне белсене қатысып, жүлделі орындарға қол жеткізді. Ол жас режиссерлерге қолдау көрсетіп, «премьералар апталығын» өткізуді құптағандықтан да бүкіл ұжым бұл іс-шараға үлкен жауапкершілікпен қарап, жұмыла кіріскені байқалды. Әр қойылымнан кейін кәсіби театр сыншыларының пікірін тыңдап, ой бөлісті. Шығармашыл ұжымның шеберлік шыңдауға деген ұмтылыстары мен бүгінгі театр үдерісінен қалыспауға деген таудай талаптары олардың тың ізденістерін паш етеді, – дейді Б.Нұрпейіс.
Театр сыншысы жанр ерекшелігіне терең үңілу, сөз астарын ашу мен сөйлем салмағын байыптау, актерлерге кейіпкер даралығын ұғындыру мәселесі үш режиссерде де кемшін түсіп жатқанын тізбеледі. Айталық, Н.Птушкинаның «Күзгі махаббатында» Софья Ивановна рөлін ойнаған Қарлығаш Жексембаеваның бейне түзудегі ойлылығы, кейіпкердің жан дүниесіндегі арпалыстарды дауыс мақамын құбылта отырып жеткізуі оның актерлік техникасының мықтылығын көрсетеді. «Мен жоқ жердегі «Менің өмірім» спектаклінде жас актерлер өздерінің пластикалық икемділіктерімен көзге түсті. Ал «Кездесу мен қоштасу» қойылымындағы бұрын талай рөлдерде ойнап, әбден ысылған сахна майталмандары Б.Шәнім, Г.Омарова, Д.Әділ, Г.Қайырбекова, Қ.Мұсанова өз кейіпкерлерінің жан дүниесіне терең бойлап, көрермендер санасына салиқалы ой сала білді.
Бұған қоса жас буын актерлердің ойынында кейіпкер жанының қыр-сырын, ой толғамдарын, ішкі сезімдері мен тебіреністерін психологиялық дәлдікпен жеткізу олқы түсіп жатқанын, алдағы уақытта жас актерлер рөлмен жұмыс істеуге жауапкершілікпен қарап, кәсіби тұрғыда шыңдала түссе көп ұтар еді деген ойын қосты.
Ал Айжан Ахмет Павлодар облыстық театры бүгінгі күн сұранысына жауап бере алатындай шығармашылық ізденіс үстінде екенін атап өтті. Премьералар апталығы – өнер ұжымының жаңалық пен жаңашылдыққа ұмтылысы.
– Үш қойылым, үш режиссер, театрдың барша актерлік құрамы жұмылған. Бұл театрдың бүгінгі мүмкіндігін көрсетіп отыр. Апталық аясында көрген қойылымдарымыз өзінің режиссерлік шешімдерімен, сахналық безендірілуімен ерекшеленді. Режиссер Е.Қауланов сахналаған «Күзгі махаббат» қойылымында көрерменнің сезім қылын тебірентерлік спектакль жасауға ұмтылысы басымырақ. Жаңа жыл қарсаңындағы оқиғаны арқау ететін бұл шығарма әр кез өзінің өзектілігін жоғалтпақ емес. Ал М.Қосынның «Мен жоқ жердегі «Менің өмірім» драмасы адам жанының кеңістікте өзін іздеуіне негізделген. Режиссер Ж.Садықов дәстүрлі шешімдерден қаша отырып, жаңа форма табуға талпыныс жасағаны қуантады.
Әртүрлі жанрдағы спектакльдер бүгінгі күн талабынан туындап отырғаны белгілі. Алдағы театр фестивальдерінде аймауытовтықтардың жарқ етіп көрінуге мүмкіндіктерін көріп отырмыз, – дейді театр сыншысы.
Өнертанушылар дәл қазіргі кезде керекулік театр қоржынында әлемдік классика мен заманауи пьесалар жеткілікті екенін байқапты. Еліміздің өткен тарихынан сыр шертетін тарихи дүниелер, ұлттық классикалық пьесалар да бүгінгі заман талабына сай қойылып отырса, актерлердің шеберлігін шыңдауға үлкен мектеп болары сөзсіз. Осыдан он шақты жыл бұрын опера, оперетта мен музыкалық спектакльдер бұл театр репертуарының сексен пайызын құраған екен. Заманмен үндескен ұлттық классика жаңаша интерпретация тауып жатса, бұл тек ұжымның емес, жалпы қазақ театр өнерінің жетістігі болмақ.
ПАВЛОДАР