• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 09 Желтоқсан, 2022

«Ұстаздар үйі» кімге кедергі?

326 рет
көрсетілді

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ директорлар кеңесі 14 маусымда Алматы қаласы бойынша Кәсіби даму институтын жабу туралы шешім шығарған. Ал Төле би, 298/4 мекенжайында орналасқан «Ұстаздар үйінің» ғимаратын Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық қызметкерлерінің біліктілігін арттыратын республикалық институтқа беру туралы шешім қабылданған.

Ендігі кезекте Алматы қаласы бо­йын­ша Кәсіби даму институтының қызметкерлері жұмысын осы институт құрамында жалғастырады. Қазір филиалдың педагогикалық құрамы толығымен және 5 қызметкер жұмысқа орналасып, 4 маман қысқарған.

Аталған жағдайға байланысты алаң­­дау­шылық білдірген филиал қыз­­мет­керлері журналис­термен кез­­де­сіп, пікірлерімен бөлісті. Фи­лиал­дың жабылуы туралы шешім­мен қызметкерлер осы жылдың 22 қара­ша­сында ғана хабардар болған. Фи­лиал­дың білікті мамандары жұмыс­сыз қалуға алаңдамайды. Алайда қыстың көзі қырауда жеткен тосын жаңалық 20 жылдан астам тәжірибесі бар мамандардың ертеңге деген се­ні­мі­нен айырып отыр. Енді қолға алған жобалардың барысы қалай болады деген филиал қызметкерлері «Ұстаздар үйінің» қалыпты жағдайда жұмысын жалғастырғанын қалайды.

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлт­тық орталығы» АҚ филиалының Алматы қ­а­ласы бойынша директоры, педагогика ғылымдарының докторы Раиса Садвакасова атап өткендей, мұғалімдердің біліктілігін арттыру мақсатында құрылған 60 жылдық тарихы бар «Ұстаздар үйінің» маман­дары осы жылдар ішінде білік­ті­лік­ті, кәсіби құзыреттілікті арттыруда көптеген жо­баның ұйытқысы болып келді. Биыл 6 мыңға жуық мұғалім біліктілік курс­тарынан өткен. Орталықта 41 маман жұмыс істейді. Мұғалімдерге әдіс­те­мелік қолдау көр­сету, мектепке де­йінгі, жалпы бі­лім беру және кол­ледждердің оқы­ту­шыларымен бір­лесіп жұмыс істеу де филиал ма­мандары үшін дәс­түрлі шараға айналған.

«Филиал мемлекеттік тапсырыс­ты орындаумен қатар басқа да жобалармен айналысып келді. Филиал мамандары биыл 27 млн теңгеге ақылы курс­тар өткізген. Сонымен қатар АҚШ елшілігі, ЕҚЫҰ гранттық жобалары аясында ағылшын тілі курс­тары, аз санды халықтар тілдерін қол­дау бойынша жобаларға қатысты. 2019 жылдан бас­тап орыс тіліндегі балабақшалармен келісімшартқа отырып, қазақ тілін оқыту бойынша әдістемелік қолдау көрсетіп келеді. Биыл ЕҚЫҰ-мен бірлесіп, аймақтық мектептер жобасын іске асырды. Бүгінде филиал жұмысынан Орталық Азия ай­мағы хабардар. Саха Республикасы, Тәжікстан, Қырғызстан, Моңғолия педагогтерінің біліктілігін арттыра отырып, қазақ диас­­­­­поралары тұрып жатқан елдерде қазақ тілін оқытудың әдістемесі үйретілді. Пан­демия кезінде Қырғызстанның республикалық білік­ті­лігін арттыру институтымен және Моңғолия­ның мұғалімдері үшін тіл­­ді оқыту­дың интеграцияланған кур­сы қа­­­шықтан оқытылды», деді Р.Садвакасова.

Біз «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Алматы қаласы бойынша Кәсі­би даму институтында іске асқан жобалардың бірқатарын ғана тілге тиек етіп отырмыз. Институт ма­ман­дарының ай­туынша, ендігі кезекте педагогикалық ұжым­дармен жасалған келісімшарттар аяқталмай қалуы ықтимал. Филиал жұмысының әрі қарай тоқтаусыз жалғасын табатынына сенім білдірген аға оқы­тушы, халықаралық тренер Лариса Петрова бүгінде ұстаздар қауымы үшін тұрақтылық пен қол­даудың маңызды екенін алға тартса, кафедра меңгерушісі Жанар Ибраева гуманитарлық пән мұға­лім­дерінің біліктілігі бойынша жоба­лар­ға тоқталды. Оның айтуынша, кафед­рада білікті, тәжірибесі мол ха­­лықаралық сертификаттардың ие­гер­лері, оқулық авторлары бір­ле­сіп жұмыс істеп келеді. Осы орайда филиалда іске асқан жобалар жалғасын табуы үшін жарты ғасырдан астам тарихы бар институттың жұмысы жандануы қажет деп санайды. Бүгінге дейін жүйеленіп, бір бағытқа түскен көптеген жобаның тоқтап қалуына алаңдаушылық білдіре келіп, қала мұғалімдері үшін де бұл қиын кезең екенін атап өтті. Өйткені мұғалімдер жыл он екі ай әдістемелік семинарлар, көшпелі сабақтар, шеберлік сағаттары аясында өз біліктіліктерін шың­дап келген еді. Бірлескен автор­лық жұ­­­мыстар, әдістемелік нұс­қаулықтар да әзір­ленді.

Бөлім басшысы Аида Отыншина «Педагогтер мәртебесінің артуымен белгілі бір себептермен кетіп қалған қаншама білікті мұғалімдер білім беру саласына қайта оралды. Филиал мамандары мұғалімдерді қайта оқытып, біліктілігін көтеруге ықпал етті. Осы жылдарда қалыптасқан оқыту жүйесі, тренерлердің еңбегі еш кетпесе екен. Қиындықтарды артқа тастай отырып, қол жеткен нәтижемізде қаншама ма­ман­ның еселі еңбегі жатыр», деген ойымен бөліссе, бас әдіскер Перуза Өзенбекқызы қызметкерлердің еңбегін әп-сәтте жоққа шығарып, 60 жылдан аса тарихы бар институтты жабу үлкен қателік деп санайды. «Осы жылдарда маңдай терін төге жүріп филиал қызметкерлері игі жобаларды іске асырды. Қалыптасқан дәстүрлі жүйені бұзбай, керісінше қолдау көрсетіп, үлгі-өнегесін таратып, дамытса, мұға­лім­дердің біліктілігін арттыруда үлкен жетістік болар еді. Институтты жабу дәс­түрлі жүйені бұзумен пара-пар», дейді П.Өзенбекқызы.

2016 жылы жаңа ғимаратқа көш­­кен институт мамандары заманауи үлгіде жабдықталған кеңсе­лер­де мұғалімдердің білім алуына, тә­жірибе жинақтауына барынша қол­дау көрсетіп келеді. «Өрлеу­дің» бастамасымен атқарыл­ған ізгі де игі іс-шаралар мұғалімдерді жаңашылдыққа жетеледі. Пандемия кезінде республика мұғалімдерінің қашықтан оқу режімінде тиімді жұмыс істеуіне «Өр­леу» мамандарының еңбегі зор. Мұн­дағы роботтехника, монтессо­ри ка­бинеттері, кітапхана және мұра­жай ғимараттың заман ағымына сай еке­нінің дәлелі болса керек.

«Алматы филиалын жабуға не­­ліктен осындай шешім қабыл­дан­ды?» деген сауалымызға орай «Өрлеу» БАҰО» АҚ басқарма төра­ғасы Әсел Мұхаметжанова: «Бұл – нақты тұжырым емес. Біз «Өрлеу» білік­тілікті арттыру ұлттық орта­лы­­ғы екі филиалының бірігуі туралы айтып отырмыз, сонымен қатар 100 пайыз мемлекет қатысатын акционерлік қоғамбыз. Қазір Ал­ма­тыда екі филиал бар. Бірі мектеп, балабақша директорларының біліктілігін арттырса, екіншісі педа­гог­терді оқытады. Екі бөлек ұйымның әкімшілік және басқа да шығыстары бар, екі филиал­ды ұстау бюджетке ауыртпалық әке­ле­тінімен келісерсіз. Бұл екі филиал үлкен шығынды қажет етеді, жыл са­йынғы шығын 100 млн теңгеден асады. Сондықтан филиалдар біріктіру арқылы оңтай­лан­дырылды. Осылайша, әкімшілік шығыстары қысқартылады. Бұл ше­шім «Акционерлік қоғамдар туралы» заң мен біздің ұйымның жарғысы негізінде қабылданды. Яғни Директорлар кеңесі Алматы қаласы бойынша  институтты жабу және  функ­циясын Республикалық кәсіби даму институтына беру туралы шешім қабылдады», деп жауап берді.

 

 АЛМАТЫ