Президент микро және шағын бизнес субъектілерін тексеруге жарияланған мораторийді тағы бір жылға созу жөнінде шешім қабылдады. Сәрсенбі күні тиісті Жарлыққа қол қойылды.
Рас, мемлекет кәсіпкерлік белсенділікті шектейтін кедергілерді жоюға күш салып келеді. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасары даусыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бизнесті негізсіз және шектен тыс бақылауға, қылмыстық қудалауға жол беруге болмайды.
– Кәсіпкерлерді негізсіз тексерулерден қорғауға, қылмыстық процеске заңсыз тартуды болдырмауға бағытталған кешенді шаралар қазірден бастап қолға алынып жатыр. Биыл 6 мыңнан астам кәсіпкер жалпы құны шамамен 700 млн теңге болатын заңсыз айыппұлдан босатылды. Заңсыз салынған 1 200 тыйым салу және шектеу шараларының күші жойылды. Кәсіпкерлерге қатысты заңсыз іс-әрекеті үшін мыңнан аса лауазымды тұлға жауапқа тартылғанын атап өткен жөн. Әрбір алтыншы іс қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болмауына байланысты тоқтатылды. Биылдан бастап азаматтық тәртіп негізінде шағымданудың барлық мүмкіндігі пайдаланбайынша, қылмыстық іс қозғауға тыйым салынды, – деген еді осы аптада «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының иегерлерін марапаттау рәсіміне қатысқан Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қаржыгер Андрей Чеботаревтің пікірінше, Президент өте орынды шешім қабылдады. Өйткені мораторий – бизнеске берілген тамаша мүмкіндік.
– Мемлекет бизнесті дамытуға ден қойып отыр. Демек, соған сәйкес қадамдар жасалуы керек. Ал мұндай қадамның ең дұрысы – бизнесті тексеруге жарияланған мораторийдің уақытын ұзарту. Рас, дамыған елдерде шағын бизнестің әлеуеті жоғары. Тиісінше, олардың ішкі жалпы өнім көлеміндегі үлесі де қомақты. Дамыған елдердің экономикасын жеке кәсіпкерлер ұстап тұр десе де болады. Бірақ біздің елдегі жағдай бұған әлі жете қойған жоқ. Нақты қадамдар жасалып жатыр. Ендеше, нәтижесін де күтейік. Қазақстанда орта тапқа мемлекеттік компаниялардың топ-менеджерлері жатады. Ал дамыған елдердегі топ-менеджерлер – кәсіпкерлер. Біздің елде де осылай болуға тиіс. Ол үшін бизнестің дамуына кедергі жасалмауы керек, – дейді Андрей Чеботарев.
Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов карантиндік шектеулер мен қаңтардағы оқиғалардың салдарынан кәсіпкерлік саласы мораторийді енгізу кезінде күтілген нәтижелерге қол жеткізе алмады деп санайды. Сондықтан мораторий мерзімін созу нәтижелі қадам болмақ.
– Карантин шектеулері кезінде де, қаңтар оқиғасында да шағын бизнес айтарлықтай зардап шекті. Соның салдарынан кәсіпкерлер мораторийдің игілігін көре алмады. Осы күнге дейін бизнес-қауымдастық мораторийді ұзарту туралы мәселені көтеріп келді. Мәселен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығының, Павлодар облысының, Батыс Қазақстан облысының қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарының өкілдері осындай ұсыныс жасағанын білеміз. Сондықтан Президент өте орынды шешім қабылдады деп санаймыз. Бұл елдегі кәсіпкерлікті дамытуға үлкен сеп болмақ, – дейді Рустам Жүрсінов.
Әрине, мораторий мерзімінің ұзарғаны жақсы-ақ. Алайда кейбір кәсіпкерлер осы бір жағдайды теріс мақсатқа пайдалануы да мүмкін. Тексерудің жүргізілмейтінін білгендіктен, түрлі қулықтарға баруы ықтимал. Мәселен, кәсіпкерлер кейде фискалдық чек бермейді, тауар бағасын көрсетпейді, кейде тыйым салынған жерлерде газ баллондарын пайдаланады. Өкініштісі, тұтынушылар мұндай заңсыздықтарды көрсе де, шағым түсірмейді.
– Статистикаға сүйенсек, «Шот-фактураларды жазып беру тәртібін бұзу, сондай-ақ тізбеге енгізілген тауарлардың өткізілуін есепке алу жүйесін бұзу» бабы бойынша 2020-2021 жылдары 3 215 іс қозғалды. Кәсіпкерлер тарапынан орын алған ең көп бұзушылық салық салуға байланысты. 16 694 іс «Салық есептілігін, сондай-ақ бақыланатын шетелдік компанияның пайдасын анықтау үшін қажетті құжаттарды ұсынбау» бабы бойынша қозғалды. Екінші орында – мемлекеттік кірістер органдарының және олардың лауазымды тұлғаларының заңды талаптарын орындамау. Көбінесе жұмыс берушілер қызметкерлер үшін салық төлемейді, елдің зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасын бұзады, сондай-ақ мемлекеттік жәрдемақылар төлеу міндеттерін атқармайды, – дейді кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл.
Қарағандылық кәсіпкер Марина Лаптева отандық бизнес-қауымдастық мораторийді ұзарту мәселесін бірнеше рет көтергенін, Мемлекет басшысының кәсіпкерлердің өтінішіне құлақ асқанын жақсылыққа балап отыр.
– Бизнес өкілдерінің үнін естіп, орынды шешім қабылдағаны үшін Президентке ризамыз. Кәсіпкерлік саласы елдегі экономикалық өсімнің драйверіне айналуы үшін осындай шешімдер қабылдау керек. Сондай-ақ бизнес елдегі әлеуметтік мәселелерді де шешуге атсалысатынын атап өтуге тиіспіз. Сондықтан кәсіпкерлердің жұмысына орынсыз кедергі келтірмеген жөн. Сонымен қатар кәсіпкерлер де мемлекет тарапынан берілген жеңілдікті теріс мақсатқа пайдаланбағаны абзал, – дейді Марина Лаптева.
Еске сала кетейік, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын кәсіпкерлік субъектілерін, оның ішінде микро кәсіпкерлік субъектілерін тексеруді және профилактикалық бақылауды барып жүргізуге мораторий жарияланған болатын. Мораторий мерзімі 2023 жылдың соңына дейін ұзартылды. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың түсіндіруінше, бизнес субъектісі халықтың өмірі мен денсаулығына зиянын тигізетін болса ғана мемлекет оның қызметін тексеруге құқылы.