Өмірімде Өскеменді үш-ақ рет көрдім. Бірінші рет осыдан елу жыл бұрын Кеңес Одағының Батыры Төлеген Тоқтаров атындағы жүлде үшін өткен еркін күрестен жасөспірімдер арасындағы жарысқа барған едім. Он алтыда болатынмын.
Өскеменді бір күн аралатты. Қазақтардың мұнда аздығын байқағанмын. Бірақ: «Неге бұлай?» деген сөз қаперге де кірмеген. Өйткені Кеңес Одағының саясаты ондай ойдың болуына мүлдем жол бермейтін. Сондықтан да қалыпты қаланың қалыпты тіршілігіне қуанғанбыз.
Өнеркәсіпті қаланың өмірі қызық көрінген. Дәл сол жылдары Өскеменнің магазиндері дүние-мүлікке толы екен. Өйткені, біз бала болғанмен, Әбілсейіт Айханов, Аманжол Бұғыбаев, Петр Суриков сынды ағаларымыз көп киім-кешек пен дорба-дорба ет алып қайтқан. Осы сурет санамда қалып қойыпты.
Екінші рет Өскеменге республикалық газеттің бас редакторы болып Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сапары кезінде журналист ретінде бардым. «Алтай – Қазақстанның алтын алқасы» деп бір бет мақала жаздым.
Егемендіктің алғашқы жылдары еді. Осы сапар кезінде Нұрсұлтан Әбішұлы титан-магний комбинатының жұмысшыларымен кездесті. «Мәселені коммунисше қоймау керек», деп еді сонда мемлекет басшысы әлі коммунистік жүйенің құндылықтары санадан өше қоймаған жұмысшыларға. Олар: «Ресейдің рубль аймағынан кетпеу керек, Ресейсіз Қазақстан ел бола алар ма екен?» – дегендей сыңай танытты. Тіпті Үлбі заводында болып, сонда шығарылып жатқан тиын теңгелерді көргенде орыс тілді журналистің бірі:
− Нұрсұлтан Әбішұлы, қазақта теңге деген сөз жоқ қой. «Сом» болып қала бермей ме? – дегені есте. Сонда Елбасы: − Жігітім, сенің өзіңнің қазақ эпостарынан хабарың бар ма еді? «Айман-Шолпан» жырын білесің бе? Сонда:
− Базарда теңге болсаң пұл боларсың,
Көтекемнің айтқаны рас болса,
Қолыма су құятын күң боларсың, – деген жолдар бар емес пе?! Қазақта теңге сөзі жоқ болса, ол эпоста қайдан жүр? – деді.
Осы сапарда Нұрағаң Зайсанның суын жатқа есептеп шығарды, дүниеден өткен Оралхан Бөкейді іздеді. Өмірге немересі келді. Оған Алтай деп ат қойылды. Жалпы, бұл жылдарда Өскемен қазақ қаласынан гөрі Ресей қаласына көп ұқсайтын. Тілі, ділі, тіні жағынан.
Үшінші рет жақында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың шақыруымен Өскеменге Мұрат Әуезов, Диар Қонаев үшеуміз ұшып келдік. Әкім жаңа дәстүр енгізіпті. Қаладағы есімдері берілген адамдардың көше мерекесін ұйымдастырады екен. Алдында партизан жазушы Қасым Қайсенов, ғарышкер Юрий Гагарин көшелерінің мерекесі өтіпті. Енді қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов көшесінің мерекесі болмақ. Стела ашылмақ.
...Самолет Өскеменге құлдилай бастады. Ертіс-Үлбі өзендері тоғысатын жерді көргенде ерекше қуандым. Заңғар беткейде «Қазақстан» деген жазумен бірге еліміздің Көк байрағы желбіреп тұр.
Өскеменді танымай қалдым. Қаланың дәл ортасында ұлы Абай ескерткіші тұр. Сол ұлы ақын ескерткішімен бірге Өскеменге қазақ рухы келіпті. Көшеде қазақ жастары қазақ тілінде сөйлесіп барады. Келбеті мен сәулеті ұштасқан қала сұлуланып кетіпті.
Қала әкімі Темірбек Қасымжанов пен журналист Нұржан Қуантай әуежайдан қарсы алды. Қаламен танысуды неден бастау керек? Әрине, мен Қара Ертіске тағзым ету керек екенін айттым.
− Жаңа қонақ үй салынған. Дәл Ертістің жағасында. Қонақүйге орналасып, сонан соң Ертіске сәлем берерсіз, – деді Темірбек әкім.
...Ертістің жағалауы... Мәрмәр тастармен көмкеріліп, орындықтар, фонтан қойылыпты. Сахна іспеттес тамаша алаң тұр. Ертіс баяғы қалпымен ағып жатыр. Бұдан миллиондаған жылдар бұрын аққан, тағы да мыңдаған жылдар аға береді сұлу Ертіс. Сол Ертістің бойында өркенді Өскемен тұр.
Қас қарайып қалған шақ. Сан шамдар жағылып, оның сәулесі Ертіске еркелеп, жарқ-жұрқ етеді. Алакөл мен төр Алтайды алып жатқан осынау Шығыс шынарына айналған қазақтың пұшпақты жері Шығыс Қазақстанның өскіні – Өскеменнің әні де бөлек, сәні де ерек. Сан ұлттың өкілдері егемен елдің болашағына жұмыс істеп жатыр. Қол ұстасқан қыз-жігіт осы Ертіс жағалауында «Махаббат аллеясымен» жүріп келеді. Бұл «Қозы мен Баян» аллеясы. Бұл махаббат жолы, бұл махаббат ұясы.
Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Семей өлкесін Шығыс Қазақстан облысына қосып, оның орталығын Өскемен жасауы болашақты болжайтын ұлы шешім екенін халық енді ұғынып, енді түсініп жатыр. Сондықтан да Өскеменнің де, облыстың да рухының ұлттық реңкке қанығып жатуы біреулерге ұнамауы түсінікті сияқты. Міне, кейбір өзге тілді басылымдардан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қызметі туралы көлеңкелі сөз айтуының сыры осыған саяды.
Бұл облысқа Бердібек Сапарбаев әкім болғалы бес жыл болыпты. «Осы бес жылдың экономикалық, мәдени-әлеуметтік жемісі бар ма?» деген сұрақ ойға келді. Осылай адамдармен әңгімелесу, баспасөз материалдарын, интернет жүйелерін екшей келіп, мынадай қорытындыға келдім.
Соңғы бес жылда Шығыс Қазақстан облысының экономикалық әлеуеті прогрессивті өсіп отырған. Мәселен, 2013 жылдың көрсеткіштері төмендегідей екен:
• 2013 жылы облыстың жалпы ішкі өңірлік өнімі 2012 жылғы деңгейде 6 пайыздық өсіммен 2 триллион теңгені құраған.
• Облыстың тұрғынының жан басына шаққанда әрқайсысы 9,2 мың АҚШ доллары көлемінде табыс тапқан.
• Металлургия өнеркәсібінде 101,9 пайызы көлем индексімен 453,8 млрд. теңгенің өнімі өндіріліпті.
• Облыстың инвестициялық портфель құны 658,2 млрд. теңгелік индустрияландыру картасының 61 жобасының 37 жобасы жүзеге асырылып, 8 мың адам жұмыспен қамтылыпты.
• Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 24,9 пайыз өсіммен 296,3 млрд. теңгеге жетіпті.
• Агроөнеркәсіп кешені бойынша 7,7 млрд. теңге құрайтын 95 инвест жоба жүзеге асырылыпты. Қосымша 735 жұмыс орны ашылыпты.
• 2012 жылмен салыстырғанда 2013 жылы ана өлімі – 32,6, бала өлімі – 19, туберкулезбен ауру – 12,5 пайызға төмендеген.
• Апаттық жағдайдағы мектептердің орнына 10 мектеп, 830 орындық 4 балабақша салыныпты.
• 17 білім беру нысанында 483,2 миллион теңгеге күрделі жөндеу, 23 нысанда 276 миллион теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліпті.
Иә, экономикасы берік облыстың іргетасы да мықты болмақ. Сондықтан да Бердібек Сапарбаев командасы Шығыс Қазақстанды мекендейтін ұлттар мен ұлыстардың өз мәдениетін, тілін, дәстүрін қалыптастыруға ерекше көңіл бөледі. Әрі «Тілашар» бағдарламасы бойынша олар мемлекеттік тілді үйренеді.
Халықпен жұмыс істеуде Бердібек Сапарбаев әкімшіл әдіспен емес, халықшыл үрдіспен жұмыс жүргізеді. Бұл идеологиялық жұмыстың пәрменділігін арттырады. Елдің Елбасы саясатына деген құрметі мен сенімін нығайтады.
Облыста екі акция халық сеніміне ие болып отыр. Мәселен, «Туған жерге тағзым» акциясын алайық. Ол осы өңірде туып-өсіп, бүгінде есімдері бизнес пен қоғамдық ортада құрметке бөленіп жүрген азаматтарды ел экономикасына тарту. Бұл акцияның ұйымдастырушысы – Бердібек Сапарбаев. 2009 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан осы акция өз жемісін беруде. Облыстың белсенді азаматтары мен кәсіпкерлері бюджеттен тыс 20 миллиард теңгеден астам қаржыға 3 мыңға жуық жобаны жүзеге асырыпты. Бұл қаншама жұмыс орындары ашылды деген сөз. Мына деректерге жүгінелік. Бес жыл ішінде облыста 100-ге жуық саябақ, балалар алаңшасы, 230 ескерткіш, мемориалдар мен стелалар, 21 әлеуметтік және 150 спорттық кешендер пайдалануға берілген.
Облыс әкімі Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмаларын орындау арқылы өзі де ел құрметіне бөленіп жүр. Мәселен, осы кезеңде 80-нен астам нысан мемлекет меншігіне қайтарылған. Олардың ішінде бұрын жекешелендірілген 3 балабақша ғимараты бар. Өскен жерін, елін сүю сөз жүзінде емес, нақты істермен ұштасуы керек. Облыс әкімінің бұл – жұмыс стилі.
Осы акция ауқымында жүзеге асырылған іргелі мысалдарды айта кеткен орынды болар. Мысалы, Үржар ауданының Ақжар ауылында «Шапағат» сауықтыру орталығы жұмыс істейді. Бұл мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған. Аягөз қаласындағы бокс және күрес залдары бар спорт кешені неге тұрады?! Солардың ішінде қоғам қайраткері Дәулет Тұрлыхановтың есімін ерекше құрметпен атауға болады. Ол өзі туып-өскен Жарма ауданының Қалба ауылында заманауи спорт кешенін салып берді. Құны – 300 миллион теңге!
Жақында тағы бір қуанышты хабар жетті. Өскемен қаласында қазақтың атақты Қабанбай батырына еңселі ескерткіш қойылды. Олар өз рухтарымен ата-баба жерін қорғап тұр десе де болғандай.
«Туған ел – алтын бесігім» атты акция осы Алтай-Семей өңірінен шыққан атақты өнер мен мәдениет, әдебиет пен ғылым саласында аты шыққан адамдарды елге тарту, олардың шығармашылық кештерін ұйымдастыру, кітаптарын шығару сияқты іргелі істермен көмкерілген. Олар өздері туған өлкеге өнер мен әдебиеттің жаңа лебін әкелді. Жас таланттарға жол ашты. Бес жыл ішінде 100-ден астам концерттік бағдарламалар өткізіліпті.
Бибігүл Төлегенова, Досхан Жолжақсынов, Роза Рымбаева, Ұлықбек Есдәулетов, Секен Тұрысбеков сынды ұлтын ұлықтаған ұл-қыздары, Айнұр Тұрсынбаева, Сара Тоқтамысова, Серікзат Дүйсенғазин секілді айтыскер ақындары халық алдында өздерінің перзенттік борыштарын өтепті.
Облыста жетім балаларға деген қамқорлық та көңіл қуантарлық. Ауыр болса да шындыққа шыдам керек. Қазір облыста 4 мыңнан астам жетім бала бар. Олардың бір мыңнан астамы балалар үйінде тәрбиеленуде. Бұл үшін, «Үміт сәулесі» атты жоба жүзеге асырыла бастады. Мұның да ұйытқысы болып отырған – Бердібек Сапарбаев. Балалардың жеке есепшоттарында 168,7 миллион теңге бар. Бір жылдың ішінде балалар үйінен шыққан 151 жеткіншек пәтер алыпты. «Балалар – болашағымыз. Оларға қолдан келген жақсылықты жасау – әр азаматтың парызы». Бердібек Сапарбаевтың осы сөзі жүрекке жылы тиді, құлаққа жағымды естілді.
Шырайлы Шығыста, өркенді Өскеменде қазақ рухы бар!
Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
АЛМАТЫ – ӨСКЕМЕН – АЛМАТЫ.