Колумбияның астанасы – Боготода ауыр атлетикадан өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан құрама командасының қоржынына алғашқы жүлде түсті.
73 кило салмақ дәрежесінде сынға түскен 18 жастағы Алексей Чуркин қоссайыстың қорытындысы бойынша 343 (153+190) килолық зілтемірді еңсеріп, қола медальды мойнына ілді. Бір айта кетерлігі, жерлесіміз В тобында өнер көрсетті. Егер статистикалық мәліметтерге жүгінсек, дәл осы топтағы зілтеміршілердің үздіктер қатарына қосылуы өте сирек кездесетін жағдай. Ал алғашқы екі орынды Индонезияның спортшылары иеленді. Отандасымыздан тоғыз кило артық салмақ көтерген Олимпия ойындарының қола жүлдегері, әлем чемпионы Рахмат Абдулла бас жүлдені олжаласа, Ризки Джуниансьяху күміс медальды иеленді. Оның көрсеткіші – 347 (155+192) кило.
Алексей үшін бұл – ерлер арасындағы алғашқы ірі сынақ. Биылғы мамыр айында ол Грекияның Ираклион қаласында өткен жастардың әлем біріншілігінде күміс медаль еншілеген еді.