Екібастұздың жылу жүйесіндегі апаттан зардап шеккен отбасылар қараша мен желтоқсан айлары үшін жылу энергиясына ақша төлемейді әрі электр жарығының төлемі азайтылады. Бұған қоса қатты бүлінген 50 пәтерге «ОАЭК» АҚ есебінен жөндеу жүргізіліп бермек.
50 пәтер қатты бүлінген
Зардап шеккен пәтерлерді жөндеу, реттеу жұмыстары үшін «Орталық-Азия Электрэнергетикалық корпорациясы» (ОАЭК) АҚ бүгіннен бастап арнайы бригадаларды жұмылдырмақ.
Төтенше жағдай кезінде жарылған үйішілік құбырлар мен регистрлерден ыстық су атқылап, жүзден аса пәтер қатты бүлінген еді. «ОАЭК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Леонид Янушконың айтуынша, 12 желтоқсаннан бастап кәсіпорыннан жалпы саны 70 адам бүлінген пәтерлерді жөндеуге шығады.
– Аязда қатып, кейін жылу қоса бастағанда жарылған батареялар мен пәтераралық құбырлардан аққан ыстық су пәтерлердің тұсқағаздарын, едені мен төбесін, тұрмыстық техникаларын, жиһаздарын бүлдірген. Біз ең әуелі жөндеуді қажет етіп тұрған 50 пәтерге жөндеу жүргізіп бермекпіз. Апат кезінде суықтан әбден титықтап қалған адамдардың жайлы өмірге оралуын назарымызда ұстап отырмыз. Дүйсенбіден бастап біздің бригадаларымыз пәтерлерге кіре бастайды. Ал төтенше жағдай уақытында зақымданған өзге үйлердің шығындары қазір есептеліп жатыр. Егер де комиссия тұрмыстық техника апат салдарынан істен шыққанын растаса, шығынның өтелетініне үміт артуға болады. Барлығы есепке алынып, қорытындыланған соң пәтер иелерімен шығынның орнын толтыру бойынша есеп айырысамыз, – деп атап өтті Л.Янушко.
Төтенше жағдай кезінде зардап шеккен пәтерлердің иелері барлық шығынын «ОАЭК» АҚ есебінен өндіріп ала алады. Ол үшін арнайы ұйымдастырылған пункттерде өтініш қалдыруы керек. Ақауларды анықтайтын бригадалар қазір жұмыс істеп, барлығын қағазға түсіруде.
Жылу үшін төлемейді
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов зардап шеккен үйлердің тұрғындары қараша мен желтоқсан айларында жылу энергиясы төлемдерінен босатылғанын хабарлады. Жұртшылық суық пәтерлерін жылыту үшін электр жылытқыштарды күні-түні қосуға мәжбүр болған еді.
«Ендігі кезекте электр энергиясының мәжбүрлі түрде өскен шығындарын өтеу мәселесі туындап отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бұл мәселе бірінші вице-премьер Роман Склярдың қатысуымен және «Екібастұзтеплоэнерго» ЖШС иелерімен бірге шешілді. ТЖ кезеңінде, яғни 27 қарашадан 8 желтоқсанға дейін 48 957 абонент үшін пайдаланған электр энергиясына өтемақыны атаулы есептеу туралы келісімге қол жеткіздік. Енді біз есептеулерді және төлемнің бірыңғай мөлшерін анықтаймыз әрі оны тұтынушылардың жеке шоттарына аудару жолдарын қарастырамыз. Барлық шығынды «Екібастұз жылу-энерго» ЖШС иелері өз мойнына алады», деді А.Байханов.
Ыстық және суық сумен қамту бойынша шаралар шаһарда әлі де жалғасуда. Сенбі күні Мәшһүр Жүсіп көшесі, 52-үй (20 кіреберістен тұрады) су жүйесі толықтай қалпына келтірілді. Ал Сәтбаев көшесі, 8-үйде кеше кәріз жүйесін, суық және ыстық су құбырларын жаңарту жұмыстары түйінделді. Алты корпустан, 20 кіреберістен тұратын көпқабатты зәулім баспанада жалпы ұзындығы 1 шақырым болатын суық су жүйесі толықтай ауыстырылған.
Теңгерімсіздік сақталып тұр
Ал жеке үйлерді жылумен қамту бойынша жөндеу бригадаларының жұмысы да өз мәресіне таяп келе жатыр. Бұрнағы күні төтенше жағдай кезінде жылу жүйесі қатып қалған 90 үйдің көбі ретке келтірілгені, тек 20-дан аса үй қалғаны белгілі болды.
Бұл туралы қала басшысы Аян Бейсекин арнайы брифингте мәлімдеді. Ол қазіргі күні жөндеу-ретке келтіру бригадаларында шамамен 400 адам жүргенін, мамандар апатты жоюмен ғана емес, жылу жүйесінің теңгерімін қалпына келтіру шараларымен айналысып жатқанын атап өтті.
– Көп үйлер әлі де болсын жылудың жеткіліксіз екеніне шағымдануда. Мұның барлығы желілердегі теңгерімсіздік салдарынан орын алғанын түсіндіріп жатырмыз. Жүйені реттеу үшін Павлодардан арнайы мамандарды шақырттық, 5 топ осы іспен айналысуда. Қаланың оңтүстік бөлігінде жылу температурасының төмен екені, қысымның әлсіздігі анықталған. Желілердің тозу көрсеткіші жоғары болуы себепті жүйені асықпай реттеу қажет. Жылу-энерго орталығы кәсіпорыннан шығатын судың ысырап мөлшерін қазір 570-580 тоннаға дейін төмендетті. Бірақ бұл көрсеткіш әлі де көп, ол кемі 440 тоннаға түсуі керек. Бұл үшін біз жаңадан орын алуы мүмкін зақымдануларды іздеп, тұрғындардан желідегі суды ағызбауды сұрап отырмыз. Жылу магистралдарынан келетін судың температурасы мен қысымы нормаға сай, барлық проблема орамішілік және үйішілік жүйелерден туындап тұр, – дейді әкім.
Аян Уахитұлының сөзіне сүйенсек, төтенше жағдай режімі уақытында қаланың ТЖ қорынан шамамен 18 млн теңгедей қаражат бөлінген. Ол жөндеу бригадаларындағы жұмыскерлердің тамағы мен жатын орнын қаржыландыруға жұмсалыпты. Ал басқадай шығындарды «ОАЭК» пен қала құраушы үлкен кәсіпорындар өз мойнына алған.
Әкім алдағы бір аптаның ішінде жылу және сумен қамту жүйесіндегі барлық зақымдану жойылып, қала толықтай қалыпты өмірге оралады деді. Одан соң жылу орталығының қызметкерлері қысқы уақытта желілерде апатты болдырмау шараларына кіріседі. Жылу генерациясын арттыруға, ықтимал апат кезінде арнайы қордың болуына зор көңіл бөлініп отыр. Бұл бойынша кәсіпорын басшылығы мен әкімдік арасында тұрақты байланыс орнаған. Жуық уақытта желілерге техникалық аудит жүргізіліп, қатты тозған аумақтардың көрсеткіші зерделеніп, сметалар түзіледі.
Павлодар облысы,
Екібастұз қаласы