• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Саясат 13 Желтоқсан, 2022

HR маман: Отандық және шетелдік сарапшы көзқарасы

406 рет
көрсетілді

Бүгінде ұжымды басқару, еңбек шарты мен ішкі қызметті үй­лес­тіру заман талабына сай күрделене түсті. Өйткені бұл бағыт стра­тегиялық басқаруды талап етеді. Ал мұндай жетек­ші­лікті кез келген ұйым, мекеме ұйымдастыра ала ма? Бірінші басшы қандай болуы керек? Осы секілді сұрақтар төңірегінде Президент жа­нындағы Мем­ле­кет­тік бас­қару ака­де­мия­­сында өткен HR форумда отандық және шетелдік сарапшылар өза­ра тәжірибемен бөлісті.

Форумда сарапшылар мемле­кет­тік қызметтегі HR мәсе­ле­сін, оның ішінде персоналды стра­те­гиялық басқаруға көшудің те­тік­те­­рін сөз етті. 

– Қазір мем­ле­­кеттік қызметке орналасу кон­курс­та­ры­ның әділ­­дігін қам­та­масыз ету үшін «Е-қыз­мет» ақпараттық жү­йесінің сырт­қы пор­та­лында мемлекеттік қыз­метке жаңа іріктеу алгоритмі әзір­леніп, конкурстық рәсімді өткі­зу форматы қайта қаралды. Конкурстық рәсімнің жаңа форматы үміткерлерге алдын ала бел­гіленген уақытта өтетін әң­гі­­мелесуден басқа, бар­­лық ке­зең­де, уақыт­та және әлемнің кез келген же­рінен кон­курс­қа қатысуға мүмкіндік береді. Іріктеудің бұл тәсіл­дерін 2023 жылы «Е-қызмет» ақпараттық жүйе­сінде қанатқақты апробациядан өткізу жос­парланып отыр, – деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев.

Қазір еліміз HR мамандарын даярлауға ден қойған. Мем­ле­кет­тік қызмет істері агентті­гінің мәліметінше, Қазақстанда 15 жо­ғары оқу орны осы сала бо­йынша маман даярлайды. Соның ішінде бакалавр – 8, магистратура деңгейінде 10 білім бағдарламасы бар.

Әзербайжан Мемлекеттік ем­ти­хан орталығы төрағасының орынбасары Бахрам Халиловтің айтуынша, бұл елде мемлекеттік қызметке қабылданатын үміт­кер­дің біліктілігіне басты назар аударылады.

– Дәл қазір біз мемлекеттік қыз­меттің құзы­рет­тілік моделіне өту мәселесін қарастырып жатырмыз. Бұған дейін Бельгияның тәжірибесін зерттедік. Оларда да бұл салада проблема бар. Біз алдымен HR басқармаларының басшыларынан бастадық. Оларға арнап тренингтер, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Барлық министрліктегі қызметкерлермен сұхбат өткізіп, оларға қандай құзырет­тілік қажет екенін бай­қау­ға тырыстық. Құзы­рет­тілік өте көп екен, біз отызға жуық құзы­рет­­тілікті анықтадық. Базалық құзы­рет­тіліктерді тест арқылы анық­­тауға болады. Ал кейбір құзы­рет­­терді бетпе-бет әңгімелесу ар­қылы ғана бағалауға болады, – деді Б. Халилов.

Ал Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов басшы лауазымдарға іріктеу барысында адамдарды тыңдай білу, коммуникациялық қабі­леттер, әріптестік орнату, креативті ойлау, кей уақыттарда бұқара алдында сөйлеу қабілетін анықтау маңызды деп санайды.

– Мемлекеттік қызметшілер қызметінің сапасына кор­по­ра­тив­тік мәдениет пен орта ерекше ықпал етеді. Адами ресурстардың адами капиталға айналуы үшін дұрыс құндылықтар, үлгілі қа­рым-қа­ты­нас және ынта болуы қажет. Әр бас­шының өз қарамағындағы азаматтармен жалпы азаматтардың еңбегін, уақытын, абыройын­ және хақын қадірлейтін құндылықтар болуы қажет. Бұл олардың білім-біліктілігін және әлеуетін ашуға толық мүмкіндік береді, – деді Ә.Байменов.

Корея болса бүгінгі таңда персоналды бас­қа­рудың элек­трондық жүйесіне (e-Saram) көшкен. Сондай-ақ олар адам ресурстарын дамытуға көбірек көңіл бөледі. Қызметкерлері үнемі түрлі тренингтерде, электронды оқыту курстарында біліктіліктерін арттырады, оларға ток-шоу форматында талқылау, пікірлесу алаңы ұйымдастырылады. Бұған қоса проактивті бас­қа­ру­ды қолға алған.

– Проактивті басқарудың қыз­меткер үшін маңызы өте зор. Өйт­кені біз оларға қаржылық қол­дау көрсетеміз. Мәселен, бір қыз­меткердің басына іс түссе, олар­ға қорған болуға тырысамыз. Сот үдерісі бола қалған жағдайда оның шығындарын өтеп береміз. Әр қызметкерге жыл сайын 70 мың долларға дейін қаржы бөлеміз, – деді Корея Республикасы Адами ресурстарды дамыту ұлттық институты Ғылыми-зерттеу орталығының бас директоры Чун Джи Юн.

Жалпы, форумға 7 елден келген спикерлер мен барлығы 300-ден астам адам қатысты.

– Форум барысында көтерілген басты сұрақ­тардың бірі – бүгінгі күні мемлекеттік қызмет­ші­лердің деңгейі қандай? Қоғамның талаптарына жауап бере ме? Бұл мәселе Мемлекет басшысының жолдауларында да айтылған еді. Форум осы сұрақтарға жауап берді деп ойлаймын. Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін көтеру және халықтың үніне құлақ асатын аппаратты құру жолдары айқындалуға тиіс. Әрине, талқыланған мәселелер бір күннің ішінде шешімін таппаса да, алдағы уақытта нақты қадамдарға алып келері анық. Сонымен қа­тар әр мемлекеттік қызметші өзі­нің біліктілігін қашанда арттырып тұруға тиіс деп санаймын. Бұл тұста, Мемлекеттік қызмет іс­тері агенттігі мен Академия та­рапынан өте көп бастамалар қолға алынды, – деді іс-шараны қо­рытындылаған Президент жа­нындағы мемлекеттік басқару академиясының вице-ректоры Еркін Дүсіпов.