Маңғыстау атом энергетикалық комбинатының (МАЭК) мәселесі жергілікті жерде көптен жыр болып келеді. Құрал-жабдықтарының 80 пайызы ескірген кәсіпорынға арашашы болу үшін маңғыстаулықтардың мәселе көтергеніне де біраз болды.
Желтоқсан басталғалы Ақтауда бірқатар үйде жылу мен ыстық су тоқтап, халық кедергіге тап болды. «30 қарашадан бастап Ақтауда ыстық суды тұтыну күрт өскен. Соңғы күндері ауа райының суытуына байланысты су қоймаларындағы ыстық су деңгейінің күрт төмендеуі байқалған», дейді тиісті орындар. Санамен салмақтап қарасақ, шындығында бұл ақылға қонымды уәж емес. Қалада толассыз үй салуға жер телімдерін беріп келген әкімдік қаланың халқы өскен соң тұтыну қажеттілігі артатынын әу баста есепке алып, коммуналдық қызметтер мен барлық әлеуметтік жағдайды, қорларды стратегиялық есептеулерге сүйене отырып сәйкестендіруі керек еді.
Әлбетте, әркімнің қайда тұруды таңдауға құқы бар. Алайда жергілікті биліктің тек бизнестік мақсатта үй салуға басымдық бере бермей, әрбір мәселені жан-жақты ұйымдастырып, халық санына қарай бағамдау қажеттігін назардан тыс қалдырғаны өкінішті.
Қала басшылығы «МАЭК-Қазатомөнеркәсіптің» ескірген қондырғыларына жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын, тұрғындарды жылумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін ыстық суды уақытша тоқтатуға мәжбүр болғандығын айтуда.
Маңғыстау облысының әкімі Н.Ноғаев су тұшыту қондырғысын жөндеуге байланысты ауыз судың қысымы төмендеген «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» кәсіпорнындағы жағдайды тұрақтандыру бойынша шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды.
– Жағдайға нақты талдау жасалуы керек. Сондықтан жауапты тұлғаларға МАЭК кәсіпорнының жұмысын күнделікті бақылауға алуды тапсырамын. Ыстық су беруді тоқтатудың себебі нақты неде екенін тұрғындар білуі керек. Тұрғындар артық сұрақ қойып, мазаны алмаса екен деп, «ыстық суды бүгін немесе ертең таңертең береміз» деп бос уәде берудің қажеті жоқ. Кез келген мәселеге атүсті қарамай, кешенді әрі жан-жақты қарастырған дұрыс. Бұл жағдай коммуналдық қызметтер мен уәкілетті органдардың жұмысындағы үйлестірудің нашарлығынан орын алып отыр, – деді мәселеге орай өткізілген шұғыл кеңесте облыс әкімі.
Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты 1968 жылы шілдеде құрылды. Өңірдегі өнеркәсіп орындары мен тұрғындарды электр және жылу энергиясымен, сумен қамтамасыз ететін кәсіпорында қазір 3 мыңнан астам адам еңбек етеді. Дистиллят өндіру және өнеркәсіптік жылумен жабдықтау зауыты, жөндеу зауыты, желілер мен қосалқы стансалар цехы, 1999 жылдан бері пайдаланудан шығару режімінде тұрған БН-350 реактор қондырғысы, сондай-ақ кәсіпорынның негізгі технологиялық өндірістерін қамтамасыз ету үшін қажетті 11 өндірістік учаске мен қосалқы цехтардан құралған «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» – өңірдің су, жарық, жылу сынды тіршілік тынысының тірегі. Сол себепті кәсіпорынның жағдайы аймақтың негізгі маңызды мәселелерінің бірі болып саналады.
Мекеменің өндірістік жабдықтары 1960-1990 жылдардан бері қолданыста болғандықтан қазір тозған және жыл сайын жөндеуге, қызметін атқаруы үшін қалай да ұстап тұруға қыруар қаржы қажет. Бұдан бөлек «ҚазТрансАймақ» арқылы бөлінетін газ бағасының қымбаттығы «жығылғанға жұдырық» болып, мекеменің қаржылық-экономикалық тұрғыдан да қиындықтарға кезігуіне әкеліп соқтырды. Жабдықтардың әбден тозуы салдарынан техникалық апаттардың орын алуы, қондырғыларды жамап-жасқау, қаржылық қиындық, жұмысшылар айлығын көтеріп, материалдық қолдау көрсете алмау сынды мәселелер құрсаулап, тығырыққа тірелген кәсіпорын басшылығы мекеменің қарызын тарифтерді қымбаттату арқылы тұтынушылар, яғни тұрғындар тарапынан өтемек болды. Бірақ бұл тиімсіз еді. Қалаға қоныстанушылар саны артқанмен әрбір үйдің су мен жарықты, жылуды тұтыну деңгейі бұрынғыша. Бұл тұрғындардың наразылығын тудырды және МАЭК ұсынған төлем деңгейінің негізсіз екендігін дәлелдей түсті. Оның үстіне еліміздің электр энергетикасы туралы заңының 2004 жылғы 9 шілдеде қабылданған 25-бабын басшылыққа алған делдалдардың онсыз да қалт-құлт еткен кәсіпорынды аяқтан шалмаса, МАЭК жұмысын алға бастыруға ешқандай көмегі болған жоқ деп ашық айта аламыз.
Қай нәрсе болсын мемлекетке, халыққа, мекемеге пайдалы, тиімді болса ғана сүйкімді, халықтан жырым-жырлағанды кеңірдек-каналы қай қалтаға апарып құяры белгісіз делдалдардың мәселесі қайта қаралуы керек. Оның үстіне делдалдардың өзара бірімен-бірі қырқысып, соттасып айқай-шу шығаруы тұрғындардың көңіліндегі күдікті қоюлата түсті. Өндіруші мен тұтынушы арасынан «тасымал» деген жылы-жұмсақты тауып алған, «есікті тек ақша жинау үшін қағатын, қолында қаламы мен блокнотынан басқа құралы болып көрмеген» делдалдардан құтылу – маңғыстаулықтардың МАЭК-ке қатысты басты талаптарының бірі. Сондай-ақ аса маңызды кәсіпорынның жағдайын қалпына келтіру үшін халықтың Үкіметтен сұрар көмегі – МАЭК үшін тауарлы газдың бағасын ұзақ уақытқа төмендетіп ұстап тұру немесе газ бағасына жеңілдік қарастыру, жылу және су өндіруге төмен тарифтерге байланысты «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» шығындарын бюджет қаржысынан субсидиялау мәселесін қарау, кәсіпорынды жаңғырту үшін қаржы ұйымдарынан қаржыландыруды қарастыру.
Қазіргі таңда Ақтау қаласы тұрғындарының «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС алдындағы су және жылумен жабдықтау үшін жалпы берешегі 606 млн теңгеден асқан. Шаруасын үйлестіре алмай шатқаяқтаған кәсіпорын алашақ ақшасын алғысы келіп қиғылық салса, қаптаған қымбатшылықтан, арадағы делдалдардан шаршаған халық зәрезап.
Жаз, күз айларында МАЭК-тегі самаурындардың жарылуы түсірілген видеолар әлеуметтік желілер арқылы тарады. Сол кезде-ақ Үкіметтен шұғыл көмек сұраған халықтың жанайқайы тегін еместігін Ақтауда қазір орын алып тұрған жағдай толық дәлелдеуде. Бұған дейін облыстың және қаланың тізгінін ұстаған басшылар МАЭК мәселесінде белсенділік, жанашырлық таныта алмаған. Оны өткір мәселе ретінде көтеріп, жартылай болса да жаңғырта алғанда кәсіпорын дәл бүгінгі тоқыраған қалыпқа түспес еді. Ұзақ жылдарға созылған салғырттық, жауапсыздық, жанашырлықтың жоқтығынан дімкәс МАЭК демігіп тұр. Салдарынан жазда ауыз су жетпестігіне ұрынатын халық биыл қыста ыстық су мен жылудың жоқтығына тап болды. МАЭК бұл күйге қалай түсті, оны «майшелпек» қылғандар бар ма – арғы-бергісін қопара қарап, тергеп-тексерер ме еді...
2019 жылдан бері мемлекет меншігіне берілген МАЭК-ті Үкімет жуырда облысқа коммуналдық меншікке өткізген. Енді Маңғыстау облысына аталған кәсіпорынды жаңғырту үшін қыруар қаражат қажет.
Биыл күздегі Маңғыстау облысына сайлауалды сапарында Президент Қ.Тоқаев «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» қуатын кеңейтуге ерекше назар аудару керектігін айтып, «өңірдің қарқынды дамуы мен халық өсімінің жоғары қарқыны инженерлік желілерді жаңғырту мәселесін өткір қойып отыр. Коммуналдық инфрақұрылым жүктемелерге төтеп бере алмайды. Өңірдегі су, жылу және электр энергиясының негізгі жеткізушісі – «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп». Бұл кәсіпорындағы жабдықтың тозуы 80 пайыздан асады. Облысқа бұрынғы жұмыс сапарым барысында мен кәсіпорынды жаңғырту бағдарламасын әзірлеуді тапсырдым. Үкімет оны іске асыруға қажетті қаражатты тауып, жуық арада жұмысқа кірісуі керек» деген болатын.
МАЭК-ті аяғынан тік тұрғызу үшін Маңғыстау облысының қаражатты қайдан алып, қанша уақыт жұмсайтыны белгісіз. Тұрғындар саны арта түскен Ақтауда МАЭК жұмысын жеңілдетудің балама жолдарын табу да тиісті орындар басын шын ауырта ойланатын тақырып. Ал халықтың үміті Президенттің сөзінде, берген тапсырмасында. «Кемедегінің жаны бір» дегендей, қыс бастала бере қысқан сәл аязда халықты тоңдырып үлгерген жергілікті билік пен коммуналдық сала басшыларының биылғы қыстан жұртты жауратпай, жаутаңдатпай алып шығуын тілейік.
Маңғыстау облысы