М.Әуезов атындағы Ұлттық драма театрында Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әзілхан Нұршайықовтың 100 жылдық мерейтойына арналған «Ақиқат пен аңыз» атты әдеби-сазды кеш болып өтті. Алматы қалалық әкімдігінің қолдауымен өткен салтанатты кеш жазушы шығармаларын сүйіп өскен жас-кәріні тұтас жинады.
Кешті Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзімен ашты. «Көркем әдебиетті қадірлейтін халқымыздың бірнеше буын өкілі Әзілхан Нұршайықовтың шығармаларымен сусындап өсті. Оның әдеби туындылары жас ұрпақты қашанда отансүйгіштікке, махаббат пен адалдыққа тәрбиеледі. Әсіресе қалың оқырманның қолынан түспеген, әлі де түспей келе жатқан «Махаббат, қызық мол жылдар» және «Ақиқат пен аңыз» романдарының орны бөлек. Қанша жыл өтсе де қаламгердің туындылары өзектілігін жоғалтпайды, өйткені оның шығармалары мәдени мұрамыздың ажырамас бөлігіне айналды. Мерейтой құтты болсын!» деген ел Президенті жолдаған құттықтау хатында.
Бұдан әрі қарай жазушы, филология ғылымдарының докторы Нұрдәулет Ақыш бастаған жазушының ізбасарлары сөз алып, қаламгердің әлі де толық оқылмай жатқан мол мұрасын насихаттау және Алматы қаласында халықтың сүйікті жазушысының ескерткішін ашу сынды ұсыныстар ортаға салды. Жазушы Н.Ақыш Нұршайықов прозасындағы шеберлік тылсымын сараптай отырып, «Махаббат, қызық мол жылдар», «Ақиқат пен аңыз» романдарының оқырмандарға неліктен қадірлі болатындығының жұмбағын қысқаша әдіптеп өтті. Екі шығарма да халықтық сипат-үлгі, дәстүр болмысы кең құбылыспен астарласып, ұлт, ұрпақ болашағының темірқазығындай жарқырай түсуімен құнды еді.
Әз-ағаңның өмірлік іні-досы болған, 34 жыл екеуара хат жазысып, нәтижесінде, эпистолярлық жанр үлгісіндегі «Махаббат жыршысы» кітабының авторы атанған қаламгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайсар Әлім өз сөзінде биылғы жаздағы Жарма ауданында ұрпақтары ұйымдастырған тәжірибелік конференцияның танымдық жағынан сыр шертті. Әз-ағаң жерлестері туған ауылы Бірлікте ескерткіш соққалы жатыр, ауданда көше, мектепке есімі берілген. Қалбатаудағы «Махаббат, қызық мол жылдар» аллеясында жас жұбайлар ардагерлердің батасын алады. Сондай-ақ ол Алматыда Ә.Нұршайықов атындағы мұражай ашылуын қала әкімдігіне құлағдар етті.
Әдеби-сазды кештің өзіндік құрылымы да көпшіліктің көңілінен шыққандай. Экраннан Ә.Нұршайықовтың әдебиет, шығармашылық, туған жер, адамгершілік, махаббат туралы толғаныстары өз аузымен айтылып, осы тақырыптарға орайластырылып әндер шырқалды. Нұрғали Нүсіпжанов, Рамазан Стамғазиев, Айгүл Қосанова, Гүлнұр Оразымбетова, «Қоңыр» тобы, Мәдина Сәдуақасова, «Ағайындылар» тобы, Мирас пен Құралай, «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі өнер көрсетті. Еске алу кешінде Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрының актерлері «Махаббат, қызық мол жылдар» спектаклінен үзінді қойып, көрермендердің бал-балауса кезін еске алғызып, ерекше әсерге бөледі.