Римде джиу-джитсудан Италияның ашық чемпионаты аяқталды. Сол жарыста табысты өнер көрсеткен қазақ қызы Дана Төлеужан бас жүлдені олжалады.
Дана Бекенқызы әуелі акробатикамен айналысты. Одан кейін жузуге ден қойып, спорт шебері нормативін орындады. Кейіннен джиу-джитсуға аңсары ауды. Осы спорт түрінен ол бірқатар халықаралық жарыста олжаға кенелді. Атап айтсақ, биылғы жылдың өзінде Дана Төлеужан Мадридте өткен дүбірлі додада алтыннан алқа тақса, Берлиндегі байрақты бәсекеде қола медальді мойнына ілді. Ал оның алдында ол Дубайда ұйымдастырылған әлем чемпионатында қола жүлдегер атанған еді. Міне, енді Апенин түбегінде жалауы желбіреген жарыста барлық қарсыласын қапы қалдырып, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
Дана Алматы қаласының тумасы. Алматыдағы КИМЭП-ті ойдағыдай тәмамдаған ол қазіргі кезде іргетасы сонау XIV ғасырда қаланған әлемдегі ең көне университеттің бірі – Римдегі Ла Сапиенцаның магистратурасында каржыгер мамандығы бойынша білім алып жүр.