• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 14 Желтоқсан, 2022

Қызылордада заңсыз бизнестен пайда тапқандар жазаға тартылды

374 рет
көрсетілді

Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті жалған мәміле жасап, қаражатты қылмыстық жолмен қолма-қол ақшаға айналдыруға қатысты істі тергеп, оған сот жаза тағайындады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қызылорда қаласының тұрғыны Шыңғыс Ақболат 2018 жылы 3 бірдей жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрып, 2018-2020 жылдар аралығында бірнеше заңсыз мәмілелер жасап, орындалмаған жұмыстар үшін жалған шот-фактуралар жазумен айналысқан. Түрлі қызмет көрсететін  фирмаларды осындай әрекетке тартқан кәсіпкер әр мәміле бойынша қолма-қол ақшаға айналдырылған сомадан 5-6 пайыз мөлшерінде сыйақы алып отырған. Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті мамандары ұсынған мәлімет бойынша Ш.Ақболаттың басқаруындағы «СТЛ Лимитед», «НурТоргСтрой LTD» және «Кемеңгер»  фирмаларының 2018-2020 жылдардағы контрагенттермен өзара есеп сомасы 1 млрд 815 млн 58 мың теңгені құраған. Төленбеген салық түрінде бюджетке келтірілген залал 207 млн 317 мың теңге болып отыр.

Аталған  іс бойынша тағайындалған бірнеше сот-қаржылық және сот-бюджеттік сараптамалар мамандар қорытындысын растап, сотталушының кінәсі тінту хаттамаларымен, ашық және жасырын жүргізілген тергеу әрекеттерімен, іске тіркелген құжаттармен толық дәлелденді. Қызылорда қалалық №2 сотының үкімімен, Ақболат Шыңғыс ҚР ҚК-нің 216-бабы 2-бөлігі 1) тармағымен  кінәлі деп танылып, оған 2 (екі) жыл мерзімге бас бостандығынан айыру  жазасы тағайындалды. Десе де, ҚР-ның «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңының 2-бабы 1-тармағы 2-тармақшасына сәйкес, Ақболат Шыңғыс бас бостандығынан айыру жазасынан босатылды.

Дәл осындай қылмыстық іс азамат Мұрат Бекмағанбетовтің үстінен де қозғалды. Ол «МКА Плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне басшылық ете отырып, 2019-2020 жылдары бірнеше компания жетекшілерімен келісімге келу арқылы, олардың талап еткен сомасына әртүрлі тауарларды сатып, қызмет көрсетіп, есеп айырысқаны жөнінде жалған шот-фактуралар мен оған тиісті құжаттарын жасап беріп, түрлі мөлшерде сыйақы алып отырған. Тіпті «МКА Плюс» ЖШС-нің осындай қызмет көрсету үшін қызметкерлер штаты, мүлкі, қойма орындары мен өндірістік-техникалық базалары болмаған. Алты  серіктестік жалпы сомасы 233 млн 809 мың теңгенің жалған шот-фактураларын сатып алған.  Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті мамандарының есебіне және сот-сараптама қорытындысына сәйкес бюджетке барлығы 73 млн 367 мың теңге салық төленбеген. Сот шешімімен М.Бекмағанбетовке ҚР Қылмыстық кодексінің 216-бабы 1-бөлігімен бір жыл алты ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, ҚР ҚК-нің 44-бабы, 1-бөлігінің тәртібімен барлық мерзімге пробациялық бақылау белгіленді.