• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Сұхбат 15 Желтоқсан, 2022

KASE сауда-саттық тізімдеріне 11 айда 34 қазақстандық компанияның корпоративтік бағалы қағаздарының 67 шығарылымы енгізілді

325 рет
көрсетілді

Компания биржада қаржыландыруды тарту үшін листинг үдерісінен өтуі керек. Листинг процедурасының мәні – бағалы қағаздар мен оның эмитентінің Биржа тізіміне енгізу талаптарына сәйкестігін тексеру. Бұл ретте кәсіпкерлік субъектісінің ашықтығы және өз акционерлері мен қаржылық жағдайы туралы ақпаратты ашуға дайындығы түйінді сәт болып саналады. KASE Басқарма төрағасының орынбасары Наталья ХОРОШЕВСКАЯ қазақстандық қор биржасында листинг қалай өтіп жатқаны және кәсіпкерлік субъектілерін қолдау үшін қандай шаралар қабылданып жатқаны туралы айтып берді.

– Наталья Юрьевна, орналастыру үшін дұрыс сайтты қалай таңдауға болады және листингтен өту кезінде компания қандай талаптарға сай болуы керек?

– Бүгінде KASE – әртүрлі капи­тал­дандыру ұйымдарының қаржылан­дыруын тарту үшін барлық жағдай жасалған, саудаланатын қаржы құрал­дарының жеткілікті кең жиынтығы бар әмбебап сауда-саттық алаңы.

KASE ресми тізімі төрт алаңға бөлін­ген: «негізгі», «баламалы», «аралас» және «жеке орналастыру».

«Негізгі» алаң қызмет ету мерзімі үш жылдан асатын және тұрақты бизне­сі бар ірі компанияларға арналған. Осы алаң­ның компанияларына басқа алаңдармен салыстырғанда листингке, сондай-ақ ақпаратты ашуға неғұрлым қатаң талаптар қойылды. Компания сәйкес келуге тиіс критерийлер ұйымның негізгі қызметінен түсетін табыстың болуы (кемінде 3 млн АЕК), сондай-ақ оның активтерінің мөлшері соңғы үш жылдың әрқайсысы үшін кемінде 2 млн 550 мың АЕК болуға тиіс. Компанияның баға­лы қағаздары «Негізгі» алаңда болуы мүмкін тағы бір балама критерий бар – эмитенттің Standard&Poor's халықара­лық шкаласы бойынша «BB-» деңгейі­нен төмен емес қолданыстағы рейтингі­лік бағасының немесе Fitch немесе Moody's-тен ұқсас деңгейдегі рейтингі болуға тиіс.

Осы алаңның листингілік компания­лары үшін ақпаратты ашуға және корпо­ра­тивтік басқару деңгейіне қойылатын та­лап­тар бағалы қағаздар эмитенттері үшін жалпы талаптардан едәуір асып түседі.

«Баламалы» сауда-саттық алаңы шағын және орта бизнес компаниялары үшін құрылды. Тиісінше, осы алаңдағы листингілік талаптар едәуір жұмсақ, ал ақпаратты ашуға қойылатын талаптар заңнамада белгіленген базалық талаптармен шектеледі. Бұл ретте KASE кәсіпкерлік субъектілерінің ашық­тық пен айқындыққа деген ұмтылы­сын құптайды. Әлемдік тәжірибе көрсет­кендей, ашылатын ақпараттың сапасы өте маңызды және тәуекел сыйлықақысы көбінесе компанияның нарықтық (қоғамдық) тарихына байланысты.

Осы алаңның эмитенттері үшін ең төменгі листингілік талаптар және құ­жат­­­тардың оңайлатылған пакеті бел­гілен­­ген. Сондай-ақ бұл алаң басқалар­дан ком­паниялардың ақпаратты жария­лауға қойылатын талаптардың іс жүзінде жоқтығымен ерекшеленеді.

«Аралас» алаң қазақстандық бизнес­тің өкілдері болып табылмайтын түрлі эми­тент­­тердің бағалы қағаздарына арнал­ған. Мысалы, мемлекеттік облига­циялар, халық­аралық қаржы ұйымдары­ның баға­лы қағаздары, инвестициялық қорлар, ислам­дық немесе туынды бағалы қағаздар үшін.

2021 жылдың қарашасында «аралас» алаңда шетелдік эмитенттердің ETF акциялары мен бағалы қағаздары саудаланатын KASE GLOBAL жаңа секторы пайда болды.

– KASE-де бағалы қағаздар лис­тингін жоспарлайтын компания нені білуі керек? Листинг процесі қанша уақытты алады?

– Компанияның бағалы қағаздары қор биржасында саудалануы үшін эмитент немесе бағалы қағаздардың рұқсаттама бастамашысы листинг процедурасынан өтуі керек. Жалпы, листинг – бұл қарапайым процедура, бірақ оны дайындау үшін компанияның белгілі бір уақыты мен ресурстары қажет. Компанияның листингтен өтпес бұрын өзін және бағалы қағаздардың талаптарға сәйкестігін тексеру маңызды. Мысалы, қаржылық есеп берудің қандай стандарттары бойынша жасалатынын, оның қаржылық есеп берушілігінің аудиті бойынша қандай аудиторлық ұйым қызмет көрсететінін, листингке талап етілетін барлық құжаттың бар-жо­ғын тексеру және қаржылық кеңес беру қызметтерін көрсететін ұйымды тарту.

Листинг мерзіміне келетін болсақ, бұл процедура орташа есеппен 30 күнге дейін созылады және негізінен дайындалған құжаттар пакетінің сапасына, листингілік алымдарды төлеу мерзіміне байланысты. Тиісінше, егер компания алдын ала дайындықты бастаса және құжаттардың толық пакетін сапалы қалыптастырса, онда листинг процедурасы әлдеқайда аз уақытты алады. Бағалы қағаздары KASE тізімдеріне енгізілген листингілік компаниялар үшін листинг процедурасының мерзімі уақыт бойынша едәуір қысқа болуы мүмкін екенін атап өткен жөн.

– Жыл басынан бері KASE листингінен қанша компания өтті?

– 2022 жылдың қаңтар-қараша айларын­да KASE сауда-саттық тізімдеріне 34 қазақ­стан­дық компанияның корпоративтік баға­лы қағаздарының 67 шығарылымы енгі­зілді. Өткен жылдың осы кезеңінде 37 ком­­панияның 81 бағалы қағаздар шыға­­ры­­лымы енгізілді. Жыл басында қазақ­­стандық компаниялардың эмиссия­лық бел­сен­ділігінің белгілі бір төмен­деуі байқал­ды. Бұл инфляция жағдайын­да борыш нарығының өскен мөлшерле­мелерімен, сондай-ақ ішкі және сыртқы нарықтардың барлық сегмент­терінің жоғары құбылмалы­лығы­мен байланысты болды.

Бұл ретте айналыс мерзімі 12 айдан аспайтын коммерциялық облигациялар листингіне қызығушылықтың артуы бай­қа­лады. Бұл компанияның қысқа мер­зім­ді қорландыруды жылдам тарту қажет­тілігін қанағаттандырады. Әдетте, мұн­дай облигациялардың листингі уақыт бойын­ша едәуір қысқа және құжаттардың көле­мі бойынша жеңіл. Өйткені мұндай облига­ция­ларды бағалы қағаздары KASE тізім­деріне енгізілген компаниялар шығарады.