15-18 желтоқсан аралығында Ресей астанасы – Мәскеуде шайбалы хоккейден Бірінші арна кубогі жолындағы жарыстың жалауы желбірейді. Жыл сайын өтіп тұратын дәстүрлі додада айдын иелерінен бөлек, Беларусь пен Қазақстанның ұлттық құрамалары да күш сынасады.
Аталған турнир қарсаңында Қазақстан құрамасының бас бапкері Андрей Скабелка қай шәкірттеріне сенім артатынын жария етті. Мәскеуге сапар шегетіндердің тізіміне мына хоккейшілер енді: Қақпашылар – Никита Бояркин («Барыс»), Юргис Дубинскас («Номад»), Денис Каратаев («Сарыарқа»). Қорғаушылар – Әділ Бекетаев, Темірлан Гайтамиров, Самат Данияр, Егор Шалапов («Барыс»), Леонид Метальников («Адмирал»), Алексей Маклюков, Валерий Орехов («Металлург»), Еміл Нұрғалиев («Номад»), Кирилл Полохов («Арлан»). Шабуылшылар – Әлихан Әсетов, Никита Михайлис, Егор Петухов, Михаил Рахманов, Антон Сагадеев, Кирилл Савицкий, Аңсар Шайхмедденов, Аркадий Шестаков, Дмитрий Шевченко («Барыс») Павел Акользин («Металлург»), Александр Борисевич («Сарыарқа»), Артем Лихотников («Арлан»), Максим Мухаметов («Номад»), Кирилл Панюков («Ақ Барс») және Роман Старченко («Спартак»).
Бірінші арна кубогі жолындағы турнирдің тұсауы сонау 1967 жылы кесілген. Сол аралықта жарыс қожайындары ең көп олжаға кенелді. КСРО мен Ресейді қоса алғанда олар 35 мәрте бас жүлдені олжалады. Чехия тоғыз рет топ жарса, Швеция бес жарыста дара шықты. Финляндия үш мәрте қарсылас шыдатпаса, Канада бір рет теңдессіз деп танылды. Мәскеудегі додада Қазақстанның хоккейшілері де сан рет өнер көрсетті. Алайда сол жарыстардың бірде-біреуінде жерлестеріміздің бағы жанбады.