Түсіне тағы сол Брежнев алаңына жиналған жастардың жалын атқан жүзі, айналасын жарқ-жұрқ еткізіп, көзді тіліп түсердей қарықтырған өткір прожекторлар кірді. Түрлері сұп-сұр солдаттар иттерін абалатып, қарусыз бейбіт адамдарға төніп келеді. Енді бір сәтте көрініс ауып, әр жерде қан-жоса болып жатқан өрімдей бозбалалар мен бойжеткендердің, көмек сұрап ыңырсыған дәрменсіз жандардың жанында таянып тұра алмаған сәтіне оралды. Шыдай алмады...
Гүлнар апай бүгін түсінен тағы шошып оянды. Өн бойын тер басып, өңі қуарып кеткен. Екі қолымен бетін басып ентігіп отыр. Көзі жұмылып, кірпіктері айқасқаны сол еді, шошып оянады. Арада, міне, 36 жыл өтсе де, көңілге сыз, тәнге айықпас дерт салып кеткен желтоқсанның ызғары естен кетер емес.
... Алматыда бұл күні аспан қабағын ашпады, күн аяз. Сонау Керекудегі Ертіс ауылынан келген өрімдей ғана бойжеткеннің алмалы шаһарға бой үйрете бастағанына бір жарым жылға жуық уақыт таяған. Бастапқыда ЖенПИ-дің музыка факультетіне құжат тапсырып, бірінші курсты қызыққа толы студенттік шақпен өткізді. Сөйтсе, талдырмаш қыздың арманы, арманы болғанда болашақ мамандығы басқа екен. Мұны екінші курсқа аяқ басқанда түсінді. Тарих пәні мамандығына ауысқысы келіп, институттың сыртқы бөліміне құжат тапсырды. Сөйтіп жүріп Алматыдағы бір шағын орта мектепке мұғалім болып жұмысқа орналасты.
– 1986-ның Желтоқсаны келіп жеткенде небәрі 20 жастамын. Радиодан бір күні Д.А.Қонаев республика басшылығынан кетті, орнына ел білмейтін Колбин келді деген хабарды естідім. Мектепке жұмысқа тұрып, оның дәл алдындағы жер үйден баба Нина деген орыс әжейдің бір бөлмесін жалдап тұрып жатқанмын. Алматыда оқитын жерлес қыз-жігіттермен үнемі кездесіп, араласып тұрамыз. Солар келе қалды. «Естідің бе, Қонаевты алып тастапты. Жастар алаңға шығамыз деп жатыр. Кеттік», деді. Содан бір топ жас Брежнев алаңына кинотехникум жағынан кірдік. Алаңға кіргенде кеудемді бір от жанап өткендей болды. Ол –қазақ жастарының бойында тұтанған рух ұшқыны еді. Сол сәтте қазақ жігіттері мен қыздарының көзінен не жағдай болса да тайсалмайтын өршіл мінез көрдім. Бағанадан бері аздап жүрексініп тұрған мен өзгеріп сала бердім.
«Республика басшысы өзіміздің елдің азаматы болуға тиіс!» деп талап еттік биліктен. Бір сәтте анадайда жиналып тұрған солдаттар ұрып-соғып, топты тарата бастады. Біздің жанымызда Ертістің тумасы, қазір осы аудандағы Қарақұдық ауылының әкімі Темірғали Рүстембеков жүр еді. Маған төніп келген солдатты итеріп, арашалап алып қалды. Сөйтіп, бұл күні үйді-үйге аман тарасып, ертеңгісін тағы шығатын болып келістік, – деп әңгімесін бастады Гүлнар Шаймұратқызы.
Ертеңіне қазақ жастары алаңға «Әр ұлттың өз көсемі болуы керек!» деген жазуы бар ұрандармен шықты. Қазіргі Абылайхан, кезіндегі Коммунистік көшесінің бойымен келе жатқан жүздеген жас «Атамекен» әнін қосыла шырқады. Осы тұста кейіпкеріміз өзінің жерлесі, кейіннен елімізге танылған суретші Ғалым Қаржасовпен, құрбысы Айман Шыңғысовамен тоқайласады. Олармен тізе қосып, қалың толқынға араласып кете барады.
– Қараңғы түскен уақыт. Біздің алаңнан кетпейтінімізді біліп, қаруланып тұрған солдаттар лап қойды. Қолдарындағы сойылмен, тіпті күрекпен қыз-жігіттерді аяусыз ұрып-соға бастады. Кейін білгенімдей, Ташкенттегі өңшең жетім бұзықтарды жинап әкеліп, алаңға шыққандарды солардың күшімен аяусыз жаншыған екен. Кенеттен екеуі мені ұра бастады. Үстімдегі анам әперген қымбат фин пальтосы жыртылып, басымдағы қолдан тоқылған бас киімім ұшып кетті. Жайылып кеткен шашымнан ұстап, басымды асфальтқа соққанда мұрнымның жарақат алғанын сездім. Есімнен танып қалыппын...
Гүлнар апай осы жерге келгенде көмейіне келіп қалған ыстық жасты жасырайын деді ме, үнсіз қалды.
Өрімдей қыз сол күні алаңда соққыға жығылып, қансыраған жүздеген жаспен бірге жүк көлігіне тиеліп, қаланың сыртына апарылып тасталды. Тас қараңғыда есімді жиғанда әр жерде домалап, көмек сұрап жатқан қыздардың ыңырсыған дауысын естиді. Бірақ сол жатқандардың ішінен небәрі алтауы ғана аяғына тұрып, қалаға шығар жолды тауып алған...
Кейін Гүлнар Шаймұратқызын пәтер иесінің көрсетуімен қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері ұстады. Бірнеше рет тергеуде болып, аяусыз ұрып-соғылса да жанында болғандардың есімін атамаған. Қайсар қазақ қызынан ештеңе өндіре алмаған соң оны оқуынан, соңынан жұмысынан қуады.
– Мылжа-мылжамыз шыққан бізді далаға күресінге апарып тастағанда алтын алқам, жүзіктерім қай жерде қалғанынан бейхабармын. Сол оқиғаның куәгері ретінде күміс білезігім сақталып қалыпты. Білезікті көрген сайын сол бір көңілге сызат түсірген Желтоқсанның ызғары есіме түседі. Арада 36 жыл өтсе де, алаңдағы қазақтың батыр ұл-қыздарының бейнесі әлі күнге көз алдымда, – деп тебіренді талай қиянатты бастан өткерген ұстаз.
Гүлнар апай қазіргі күні Ертіс ауданы орталығындағы №3 мектепте мұғалім болып еңбек етеді. Желтоқсан көтерілісіне қатысушы ретінде ақталуды күтіп жүрген жанның бірі. Алайда қаншама құжат машақатын бастан өткерсе де, әділдікке қолы жеткен жоқ. Бұл күнде ұстаздың денсаулығы да сыр бере бастаған. Кезінде бастан, арқадан алған ауыр соққы тынысын тарылтып, көз жанарының көру мүмкіндігін де төмендетіп жіберген.
– Бүгінгі жастардың патриотшыл, рухы күшті екенін көріп, кеудемді мақтаныш сезімі кернейді. Мектебіміздің директоры Сандуғаш Бекжасарова – ұлтжанды адам, мұғалімдер мен оқушылар арасында үнемі отансүйгіштік тақырыбында іс-шаралар өткізеді. Аудан жұрты, басшыларымыз үнемі құрметтеп, мерекелерде елеп-ескеріп жатады. Осының өзі өмір сүруге деген ерік-жігерімді жаниды. Ұрпағымыз бақытты болсын! – дейді Гүлнар Смағұлова.
Желтоқсанда жазықсыз соққыға жығылғандардың куәгеріндей болған көне білезік қазіргі күні облыстық Бұқар жырау атындағы Әдебиет және өнер музейінде сақтаулы тұр.
Павлодар облысы,
Ертіс ауылы