Желтоқсан көтерілісі – қазақ халқының жазылмас жарасының бірі. Оның дүмпуі жыл өткен сайын жаңғырып, жаңа күшпен жанданып, халық жүрегінде мәңгі сақталары сөзсіз.
«Зұлымдық империясы» деп аталған қанды империяға қарсы ұзақ жылдан кейін КСРО халықтары арасында жалғыз әрі бірінші болып бас көтерген қазақ жастары болды. Қазақ жастарының қарсылығына Одақтағы барлық ұлттық республикалардың азаматтары сүйсініп, разы болды. Қазақ жастарына қарсы қолданылған қанды қасаптарды айыптап, шетелден жолданған хаттар мен қарарлар КСРО басшылары атына қарша борады. Мысалы, Венгрияда Қайрат Рысқұлбековке өлім жазасын беруге қарсы елге белгілі 41 адам қол қойған хат 1987 жылдың 20 шілдесінде сол кездегі КСРО Жоғарғы Кеңес төралқасының төрағасы А.Громыкоға жеткізілді. Кейін президент болған Лех Валенса бастаған 70 адам қол қойған осы мазмұндағы қарсылық хаты Польшадан КСРО-ның бірінші басшысы М.Горбачевке жіберілді. Америкадағы «Фридом хаус» ұйымы да М.Горбачев пен бас прокурор А.Рекунковтың атына қарсылық телеграмын салды. Германиядағы Түркі елі комитеті 1987 жылғы 26 қаңтарда Кувейтте болатын Ислам конференциясы ұйымының отырысына хат жазып, Қазақстан оқиғасын талқылап, қарсылық білдіруді ұсынды. Онда қазақ жастарының «Өзімізді-өзіміз басқару құқын талап етеміз!», «Колбин, Ресейге қайт!», «БҰҰ-ға мүше болу құқын талап етеміз!» деген сияқты ұрандары орыс коммунистері айтқандай «бұзақы», «маскүнем» адамдардың сөзі емес, сондықтан ара түсулеріңізді өтінеміз делінген. Осындай дүмпудің арқасында жастарға қолданылатын репрессиялық шаралар біршама жұмсарды және қазақ халқы туралы ақпарат дүние жүзіне танылды.
Алаңға шыққан жастардың көбі саяси көзқарасы жетілген, ұлы орыстық шовинистік саясаттың озбырлығына төзе алмаған, өзінің ұлтын аяқасты еткісі келген империялық өркөкіректікке төтеп берген асыл азаматтар еді. Солардың бірі – Ермұханбет Қуандық. Түркістан облысының Ордабасы ауданындағы Ықылас Темір ауылында көпбалалы отбасының шаңырағында дүние келген ол Желтоқсан көтерілісінің қарсаңында біршама өмір көріп, ысылған жас болатын. Әскери міндетін Ресейдің Чита облысында өтеген ол басқа халықтардың жастарымен етене араласқан. Орыс тілін шала түсінсе де табиғи алғырлығының арқасында оны да игеріп, ортасының озығы болады. Ротада саяси сабақ жүргізіп, белсенділік көрсетеді, сержант атағын алып, бөлімше командирі болады. Елден кітап алдырып, болашақта жоғары оқу орнына түсуге дайындалады. Әскерден келе сала бос жүрмей училищеде оқып, дәнекерлеуші мамандығын да алады. Одан кейін ҚазМУ-ге тарих факультетінің «КПСС тарихы» бөліміне түседі.
Оқи жүріп Ермұхан құрылыс отрядына да қатысады, Чернобыль апатының зардабын жоюға да барады, тобының старостасы да болады... Осындай студентті ой-өрісі жан-жақты жетілмеген деп қалай айтарсың? Керісінше, ол қоғамдағы ұлы орыс шовинистік саясатының әділетсіз үстемдігіне ашу-ызасы әбден қайнаған, ұлтының болашақта жұтылу қаупі бар екенін айқын сезінген саналы жас болатын. Сондықтан да ол Қазақстанға бірінші басшы болып орыс ұлтының өкілі келгеніне жан-тәнімен қарсы болып, Горбачев басқарған өкіметтің әділетсіздігіне қатты ширығып, басқа факультеттер мен жатақханаларға барып, жастарды қарсылық акциясына шақырғандардың бірі болады.
Алайда... көтерген ұрандарын, қарсылық транспаранттарын бірге жазысқан табансыз, боркемік жолдастарының сатқындығымен Ермұханбет ұсталып, 5 жылға бас бостандығынан айыруға үкім кесіледі. Куәгер болып сотқа келген 15 адамның ішінен екі адам ғана оны қорғап, куәлік береді. Олар – сол кезде заң факультетінің 1-курсында оқыған тараздық Жексен Ошанов (марқұм) мен тарих факультеті «КПСС тарихы» бөлімінің 5-курс студенті петропавлдық Бағдат Мұқанова еді...
Ермұханбетті өзінің алғашқы әйелі де сатып, екі баласын алып, сыртынан ажырасып кетеді. «Жығылғанға жұдырық» дегендей әкесі де түрмеде жүргенде қайтыс болады.
Алайда Ермұханбет Қуандық қайғыға қарсы тұра алмайтын боркемік емес, қайратты жігіт. Оның үстіне өз ісінің дұрыстығына көзі жеткен жан. Исі қазақ халқының адал ұлдары мен қыздары, көршілес республикалардың саналы азаматтары, тіпті шетелдік әділетті жандардың бәрі өздерін қолдап сөйлеп, ақтап жатқандарының шет жағасын ол біліп жүреді. Оның үстіне кесілген 5 жылдың 2 жылы қысқартылады. Елдегі демократиялық дүмпу, шетелдік әділетті ұйымдар мен жеке адамдардың талаптары репрессиялық машинаның күш-қуатын әлсіретіп, ол бостандыққа 3 жылдан да ерте уақытта шығады. Ермұханбеттің қапаста отырған барлық мерзімі – 1 жыл 11 ай 3 күн.
Түрмеден келген соң Ермұханбет көп азап көрсе де, ақын Олжас Сүлейменовтің тегеурінімен қайтадан сол оқуына қабылданады. Бұл істе Олжекеңнің тапсырмасымен зыр жүгірген оның сенімді өкілі Талғат Омашевтің еңбегі де аз болмағанын айта кету керек...
Ермұханбет өзінің ғана ақталғанымен қоймай, Желтоқсан партиясының қатарына еніп, басқа азаматтардың ақталуына да көп еңбек сіңірген. Қазір ол бизнеспен айналысады. Үй-іші, бала-шағасы, сүйген жары бәрі де дін аман. Ерекең Желтоқсан көтерілісінде бастан кешкенінің бәрін жуырда шыққан «1 жыл. 11 ай. 3 күн» атты кітабында баяндады. Кітап өте тартымды, сол күндердің оқиғаларын көз алдыңа боямасыз түрде әкелген деректі дүние. Жақында Қызылжардағы С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада оның тұсаукесер рәсімі болды. Оған Солтүстік Қазақстан өңіріндегі Желтоқсан көтерілісіне қатысқандар, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен журналистер қатысты. Ең бастысы, кітаптың бір кейіпкері, Ерекеңді Желтоқсан сотында қорғап сөйлеген екеудің бірі, қазір облыстық әкімдікте қызмет істейтін Бағдат Мұқанова да қатысып, сөз сөйледі. Кітаптың тұсаукесерінің Қызылжарда болған себебі де сол – Бағдаттың Қызылжар тұрғыны болғандығы еді.
ҚЫЗЫЛЖАР