Футбол тарихында алғаш рет күн қысқарып, түн ұзарған шақта ұйымдастырылған дүниежүзілік доп додасы да тарих қойнауына енді. Соңғы рет әлемнің ең үздік 32 құрамасы бас қосқан Қатардағы футбол тойы бұған дейін екі рет ала доп аламанында үздік шыққан Аргентина құрамасының жеңісімен аяқталды. XXI ғасырдың екінші он жылдығындағы жер-жаһанның теңдессіз футболшысы деп танылған Месси 16 жыл бойы армандаған Әлем кубогіне қол жеткізді. Енді оның аты футбол әлемінің аңыздары – Пеле, Марадоналармен қатар аталатын болды.
Бұрын жанкүйерлер футбол жұлдыздарының ойынын тек әлем чемпионаттарында ғана тамашалайтын. Пелені тек Бразилияның, Марадонаны Аргентинаның, әлем чемпионы болмаса да, Эйсебионы Португалияның жейдесінде ғана көретін. Оларға баға да әлем біріншілігіндегі ойындарына қарап берілетін. Ал әлемдік мундиалдарда жарқырап көріне алмағандарды жанкүйерлер тек белгілі бір клубтың аңыз ойыншысы, яғни пәлен клубтың тарихындағы ең үздік сұрмергені немесе сол уақыт аралығындағы ең үздік ойыншысы деп қана танитын.
Кешегі күнге дейін сол екінші таптың қатарында Мессидің де аты «Барселонаның» аңыз футболшысы деп аталып келген-ді. Өйткені ол әлемдік деңгейдегі барлық жарыстың жеңімпазы атанғанымен, тек әлем чемпионы деген атақ қана жетпей тұрған еді. Оны аңыз деген атақтан осы бір ғана алтын кубок «аяқтан шалып» жатқанын өзі де, жанкүйерлері де жақсы білетін. Сөйтіп кеше әлем біріншілігінің финалында Францияны жеңіп, карьерасында жетпей тұрған кубоктың орнын толтырып, аңыз деген бейресми атағын ресмилендіріп, «мөр» бастырып алды.
Енді Мессиді бүкіл әлем жанкүйерлері тек Аргентина жейдесін киген футболшы деп біледі. Болашақ ұрпақ оның «Барселона» сапында ойнағанын есіне түсіре алмай біраз әуре болады. Біздің қазіргідей Пеле (бар-жоғы екі-ақ клуб сапында доп тепсе де) мен Марадонаның қай клубта ойнағанын зорға есімізге түсіретініміз сияқты...
Әлем чемпионатының финалдық матчындағы жай-жапсарды жазып отырудың өзі артық шығар. Соңғы минутқа дейін аса тартысты өткен ойында «Лусаил» стадионынан 90 мың жанкүйер, теледидар арқылы төрткүл дүниенің төрт бұрышынан миллиардтаған адам тамашалап, футболшылардың алаңдағы ерліктерін, соққан голдарын, бәрін-бәрін көрді. Сондықтан кешегі финалда Аргентина құрамасы қалай жеңіске жетті, Франция неге жеңілді деген жанкүйерлерді мазалаған басты сұраққа өзімізше аз-кем жауап беріп өтсек. Жалпы, футбол тарихындағы ірі-ірі турнирлердің финалын өте мұқият тамашалап жүрген жанкүйер бұл сұрақтың жауабын біледі деп ойлаймыз.
Кейінгі жылдардағы финалдардың бәрінде деп өтірікші болмай-ақ қояйық, көбінде командалар тек мотивацияның арқасында жеңіске жетіп жатқаны жиі байқалады. Мәселен, Чемпиондар лигасының 2005 жылғы финалын есіңізге түсіріңіз. «Ливерпуль» бірінші таймда «Миланнан» 3:0 есебімен жеңіліп жатып, екінші таймда қалай камбэк жасап еді, ә?. Үзіліс кезінде «Ливерпульдің» сол кездегі бас бапкері Рафаэль Бенитес шәкірттеріне ештеңе айтпапты. Тек киіну бөлмесінің терезесін ашып, «Ливерпуль» жанкүйерлерінің «You will never walk alone» («Сен ешқашан жалғыз емессің») өлеңін тыңдатқан. Міне, бұл – мотивация. Тағы сол Чемпиондар лигасының 2009 жылғы финалында «Барселонаның» бапкері Пеп Гвардиола матчтың алдында футболшыларына сол маусымда жүріп өткен жолындағы қиын сәттерін, жанкүйерлердің қуанышын, әдемі голдарынан жинақталған сәттерін видео арқылы көрсетіп, шәкірттеріне мотивация берген. Былтырғы Копа Американың финалындағы Мессидің командаластарына айтқан рухты сөзінен кейін Аргентинаның жеңіске жеткенін жақсы білеміз...
Кешегі матчта да Аргентинаның Францияға қарағанда жеңіске деген құлшынысы зор болды. «Альбиселесте» футболшылары финалда бір мақсат аясына бірігіп, өздерін де, Мессиді де әлем чемпионы ету үшін жасыл алаңда барын салды. Рас, француздар финалда жеңілеміз деп шықпағаны белгілі. Олардың да қатарынан екі рет бас жүлдені иеленгісі келді. Бірақ бұл жолы Аргентина футболшылары француздарға қарағанда жақсы мотивацияға ие болды. Соның арқасында аргентиналықтар жеңіске жетті.
Сонымен, биылғы әлем чемпионатын қорытындылайтын болсақ, Лионель Месси әлем чемпионымен қатар, турнирдің ең үздік ойыншысына берілетін «Алтын доп» иегері атанды. 35 жастағы футболшы жеті матчта алаңға шығып, жеті голдың авторы атанды. Сондай-ақ әріптестерінің үш мәрте көзге түсуіне мүмкіндік жасап берді.
Финалда хет-трик жасап, бір мундиалда сегіз гол соққан франциялық шабуылшы Килиан Мбаппе Қатардағы әлем біріншілігінің үздік сұрмергеніне берілетін «Алтын бутсаға» ие болды.
Тағы бір аргентиналық футболшы Энцо Фернандес – ең үздік жас ойыншы атанса, Эмилиано Мартинес ең үздік қақпашы аталымында үздік шықты. Чемпионаттың ширек финалында жарыс жолынан шығып қалған Англия «адал ойын» марапатын жеңіп алды.
Келесі әлем чемпионаты 2026 жылы АҚШ, Мексика және Канадада өтеді. Мұхиттың арғы бетінде ұйымдастырылатын біріншілікке алғаш рет әлемнің 48 құрамасы қатысады.