• RUB:
    5.43
  • USD:
    472.62
  • EUR:
    513.22
Басты сайтқа өту
Саясат 21 Желтоқсан, 2022

Тұңғыш форум: баянды байланыстың байламы

328 рет
көрсетілді

Кеше елорда төрінде тұңғыш рет Орталық Азия медиа форумы жұмы­сын бастады. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырған ауқымды іс-шараға шетелдерден келген экс-президенттер, халықаралық ұйымдардың басшылары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, медиа саласының майталман мамандары мен танымал тұлғалар қатысып жатыр.

Форумның мақсаты – бірың­ғай медиа платформаны қалып­тастыру. Яғни екі күнге созы­латын іс-шарада спикерлер жаңа медианы дамыту, жасанды ин­теллект технологияларын медиа­да қолдану, Орталық Азия­дағы креативті ин­дустрия­ның дамуы, пост-шындық кезең­­індегі ақпараттық қауіпсіз­дік, медиа саласындағы бі­лім беру транформациясы, өзара ын­ты­мақ­тастықтағы халықаралық ұйым­дардың орны, азаматтық қоғамды дамытудағы гендерлік тең­­дік­тің рөлі, өңірлік және жаһан­дық кооперация мүмкін­дік­тері сияқ­ты көкейкесті мәсе­ле­лерді талқыламақ.

Форумның ашылу салтана­тында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Орта­лық Азия Медиа форумы қатысу­шыларына жолдаған құттықтау хатын оқып берді.

«Құрметті жиынға қаты­су­шылар! Сіздерді бірінші Орта­лық Азия Медиа форумының бас­­талуы­мен құттықтаймын. Бұқа­ралық коммуникациялар қарқынды дамыған қазіргі заманда медиа саласында тәжі­рибе алмасу және өңірдегі мәде­ни-гуманитарлық ынты­мақ­тастықтың дамуы ерекше маңызды. Аймақтағы танымал журна­листердің, сарапшылар мен медиа менеджерлердің басын қос­қан форум – мамандардың кәсі­би пайымдарын бірлесе талқы­лауға мүмкіндік беретін біре­гей пі­кірталас алаңы. Осы өлке­дегі мемлекеттердің жан-жақты ық­палдастығы бауыр­лас халықтар­дың бай тарихы мен ортақ рухани мұра­сына негізделген. Биыл ағайын елдердің арасында дипло­­м­а­­тия­лық қарым-қатынас орнаға­нына 30 жыл толып отыр. XXI ға­­сыр­да Қазақстан Орталық Азия­мен бірлесе дамуды көздей­тін достық тату көршілік және ын­ты­­мақ­тастық туралы шартқа қол қою рәсімін осы мерейлі жылға бастауы­ның зор символдық мәні бар. Стра­тегиялық құжат біздің жан-жақты серіктестігімізді ны­ғай­туға тың серпін береді деп сене­мін», делінген құттықтау хатта.

Ерлан Қарин өз сөзінде соңғы жылдары Орталық Азия мем­лекеттері арасындағы ынтымақ­тастық қарым-қатынас нығая түс­кенін атап өтті. «Қазіргі таңда Орталық Азия өзіндік маңызы бар аймаққа айналды. Бұл – өңірлік бірегейлікті танытуға, ортақ мәдени кеңістік қалыптастыруға деген ұмтылыстың жемісі. Оны одан сайын тереңдете түсуіміз керек. Ол үшін медиа саласында, мәдени-рухани бағытта, қоғамдық-саяси өмірде байланыстарды нығайту қажет. Осы ретте тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған  Орталық Азия Медиа форумы айрықша рөл атқарады деп ойлаймын. Мұндай жиындар арқылы ынтымақтастығымыз беки түседі. Қазақстан бұл бағыттағы бас­тамаларды қолдауға әрқашан дайын. Медиа форумның Астанада өтуі – соның айқын дәлелі. Форумда Орталық Азия мемлекеттерінің ортақ мүддесіне сай келетін келелі ой пікірлер айтылады деп сенемін», деді Ерлан Қарин.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі форум медиа саласының даму тенденциялары мен перспективаларын талқылауға, тәжірибе алмасуға арналған бірегей алаң болатынына сенім білдірді.

– Биыл Шолпан-Ата қаласында өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кездесуінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия аумағында ортақ ақпараттық кеңістік құру туралы айтқан болатын. Сол мақсатта ұйымдастырылып отырған форумда өзекті мәселелер талқыланады деп ойлаймын. Құрметті меймандар – Түркияның 11-ші президенті Абдулла Гүл мен Моңғолияның 3-ші президенті Намбарын Энхбаярдың Медиа форумға арнайы шақырылуының өзіндік мәні бар. Мәселен, Моңғолияның бұрынғы басшысы Намбарын Энхбаяр жур­на­лис­тикадан жетіліп шыққан қай­рат­­кер тұлға болса, Түркияның экс-пре­­зи­денті Абдулла Гүл мырза фото­жур­налистикамен әуестенетін, жаңа медиаға жаны жақын тұлға.

Іс-шараның хэдлайнері – америкалық «New York Times»-тың 4 мәрте бестселлер иегері, қазақ қызы, бүркітші Айшолпан жайлы жазылған «Eagle Huntress» кітабының авторы Лиз Уелш, YouTube желісінде 18 миллиард қаралым жиған дүние жүзіндегі балаларға арналған ең танымал dBillions жобасының авторы Ернис Уметалиев және Пулитцар сыйлығының иегерлері. Сонымен қатар, іс-шараға БҰҰ, ЮНЕСКО, ЮНИСЕФ, UNFPA, ТҮРКСОЙ, АӨСШК, ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы өкілдіктері, ТМҰ, ИЫҰ, ТПА өкілдері қатысып жатыр, – деді Дархан Қыдырәлі.

Алғашқы пленарлық сессияға қатысқан Түркияның 11-ші президенті Абдулла Гүл өз сөзінде Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев енгізген демократиялық реформаның маңыздылығын атап өтті.

– Қасым-Жомарт Тоқаев үлкен өкі­леттіктерді Парламентке беру, жұрт­шылықпен және Үкіметпен қарым-қаты­насты арттыру, қазақстандық инсти­туттарға үлкен өкілеттіктер беру,  шешімдер қабылдауда тежеу мен тепе-теңдік жүйесін орна­туда таңғажайып реформаға баста­ма­шы болды. Бұл реформалар моно­по­лиялардың алдын алуға әкеледі, әрине, халықтың мем­лекетті басқаруға қатысуын қамта­масыз етеді. Сонымен қатар олар әртүрлі саладағы ынтымақтастықты дамытуға мүм­кіндік береді. БАҚ – халықтың дауысы. Осылайша, біз адамдардың ұмтылысын көрсететін реформаға шақыра аламыз, – деді А.Гүл.

Қырғыз Республикасының Мемле­кеттік хатшысы Суйунбек Касмамбетов Қырғызстан Республикасының Пре­зи­денті Садыр Жапаровтың Орталық Азия Медиа форумы қатысушыларына жолдаған ыстық сәлемін жеткізді.

– Орталық Азиядағы экономика, экология және түрлі апатты мәселелер мен жағдайларды ашық айтуымыз керек. Бауырлас елдер арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, олар­дың серіктестігін арттыра түсіп, жан­дан­дырудың жаңа деңгейіне қадам басуымыз, мәдени-тарихи өркениетімізді өркендетуіміз аса маңызды. Осы тұрғыда жаңа медианы пайдалана отырып, ортақ өркениетімізді таныту керек, – деді С.Касмамбетов.

Моңғолияның 3-ші президенті Намбарын Энхбаяр өз сөзінде Орталық және Солтүстік-Шығыс Азия елдері арасындағы кеңейтілген әріптестіктің маңызына тоқталды.

 – Біз постмодернизм дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Бұл дәуірге мем­лекеттік институттарға, саяси пар­тияларға, ірі компанияларға, әсіресе транс­ұлттық компанияларға, ғылымға, бұқа­ралық ақпарат құралдарына – бәріне дерлік деген сенімнің жоғалуы тән. Постмодерн дәуірі пост-шындық деген терминмен де сипатталады. Пост-шындық дәуірі көпшілігімізге, соның ішінде кеңес одағында өмір сүрген және оқыған адамдарға мүлдем жаңа нәрсе болып та көрінуі мүмкін. КСРО құбылыс ретінде жай ғана ел болған жоқ. Ол өтіріктің шындыққа, ал шындықтың өтірікке айналған кеңістігі мен уақыты болды, – деген Намбарын Энхбаяр ХХІ ғасырда әртүрлі аймақтағы елдер арасында кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастықтың болашағы зор екенін атап өтті.

Орталық Азия Медиа форумы шең­берінде пленарлық сессиялар ұйым­дастырылды. Мәселен, «Медиа және think tanks: сараптаманың медиа трансфор­мациясы» пікірталас бөлімінде сарап­шылар қазіргі бұқаралық ақпарат құрал­дары бетпе-бет келіп отырған мәсе­лелерді  де талқылады. Олар бүгінгі ақпа­раттық заманда сараптамалық контент өтімді, сондай-ақ жаңа медиа дәстүрлі БАҚ-тың орнын баса алмайды деген пікір төңірегіне тоқталды. Ал ақпараттық кеңістікте кездейсоқ сарапшылардың көп екені медиа мамандарын алаңдатып отыр.

 – Қазіргі күні ақпарат көп, сәйкесінше медиа көздері де артып келеді. Әр­қайсысы өзіндік контент құрып, өз алдына қызмет етеді. Бүгінде бір редак­цияны ұстап отырудың қажеті жоқ. Өйткені ақпаратты бір ақпарат көзінен алып, өз бетінше жазып, оны оқырманға ұсыну мүмкіндігі зор. Мәселен, 90-жыл­дардың басында қолданушы күніне 20-30 хабарлама алса, бүгінде ол 2-3 мың ақпарат алуы мүмкін. Алайда оның барлығы бірдей белгілі бір оқиғаны қаз-қалпында бере алмайды, өйткені қаншама өзгерістен өткен. Сондықтан қолданушы ақпараттарды ой елегінен өткізіп, күмәндісін ажырата бастайды. Осы жерде медиа сауаттылықтың маңы­зы зор, – деді Президент жанындағы «Ор­талық коммуникациялар қызметі» мекемесінің директоры Асқар Омаров.

Оның сөзінше Covid-19 пандемиясы фейк ақпараттармен күресу қажеттігін көрсетіп, сауатты сарапшылардың қажеттігі арта түскен көрінеді. 

– Пандемия кезінде Германияда газеттердің тиражы артқан. Қазір баспасөз интернетке ауысып жатыр, тіпті кейбір сарапшылар басылымдар жабылудың аз-ақ алдында тұр дегенді айтады. Бірақ Германияның мысалында біз газеттің қажеттігі артып отырғанын аңғарамыз. Сондай-ақ пандемия сарапшылардың да қажеттігі мен деңгейін анықтап берді. Адамдар қатерлі вируспен күресіп жатқанда белсенді «спикер-сарапшылар» ақпарат айдынында еркін жүзіп, халықты адастыруға тырысты. Осы орайда, БАҚ пен аналитикалық орталықтар бірігіп, медиа сарапшыларды даярлауы қажет деп есептеймін, – деді Асқар Омаров.

Ал «Валдай» халықаралық пікірталас клубын дамыту және қолдау қорының басқарма төрағасы Андрей Быстрицкий: «Бүгінде ақпарат көздерінің өте көп болуы себебінен оларды игеру мүмкін емес. Шынайы аудитория сұранысы да үлкен проблема. Онымен қалай жұмыс істеу керектігін түбегейлі түсіне алмай жүрміз», дейді. Жалпы, сарапшы медиа саласында проблема шаш етектен екенін айтады.

– Алдымен дереккөздің көптігі бізге бағыт-бағдар жасауға мүм­кін­дік бермей отыр. Бұл – қиын проб­лема. Түрлі деңгейдегі медиа арасын­дағы айырмашылық жойылып барады. Бір ғана мысал, газет, журналдар аудитория жинау үшін сараптамалық салмақты дүние жазып, айтарлықтай еңбектеніп жатса, кеше ғана ашылған газет не журнал болмашы дүние жазып, оқырман жинап алады. Теңдік, еңбекті баға­лау қайда? Негізі сараптамалық дүние жазатын, сапалы дайындайтын адам­ның жұмысы көп. Ал қазір ақпа­ратты қолданатындардың міндеті – бағ­дар­ламасына қызығушылықты арттыру, аудитория санын ұлғайту. Міне, бүгінде  қоғамда осындай қордаланған мәселе көп, –  деді Андрей Быстрицкий.

«Qazaqstan» РТРК» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Танысбай сарап­та­малық телехабарларға көрер­меннің сұранысы арта түскеніне тоқ­тал­ды.

– Қазір біз деректі хабарларда, арнайы жобаларда, ток-шоуларда аналитикалық контентті қолданып жүрміз. Тіпті тарихи сериалдарды да сараптамалық жанрда түсіріп, көрсетіп келеміз. Көрерменнің ыңғайына қарай ойыстық десек болады. Осыдан ондаған жыл бұрын телехабарлар кестесі біздің уақытқа сәйкес қойылды, көрермен сол уақытқа қарай бейімделді. Қазір  бәрі керісінше. Өйткені адамдарда уақыт жоқ, сондықтан біз мұндай хабарларды кешкі уақытқа ығыстырып, бағ­дарлама кестесіне жұмыстан соң кө­ретіндей  етіп енгіздік. Бұл көрерменнің санын арттырмаса, кеміткен жоқ. Әрине, қызметкерлердің жұмысы күрделене түсті. Көрермен бір бағдарламаны уақы­тында көре алмай қалса, оның интер­неттегі нұсқасын қарай алатын мүм­кіндігі зор, – деп бөлісті өз тәжірибесімен телерадиокорпорация басшысы.   

Сондай-ақ Ләззат Танысбай теле­контентке халық сенім артып, көрермен саны көбейіп келе жатқанын жеткізді.

– ЮСАИД тапсырмасымен Интер­ньюс өткізген зерттеуге сәйкес халық­тың 54 пайызы телеконтентке сенеді. Әрине, олар әлеуметтік желіні де қада­ғалап отырады, алайда нақты, сенімді ақпарат  көзі ретінде отандық БАҚ-ты қарап, оқиды. Сол себепті кейбір са­рап­шылардың телевизияның болашағы жоқ деген пікірлері қазіргі көрсеткішке сәйкес келмейді, – деді ол. 

Сонымен қатар форум спикерлері «Пост-шындық кезеңі: фейк және ақпа­раттық қауіпсіздік» тақырыбында пікір алмасты. Ломоносов атындағы Мәс­кеу мемлекеттік университетінің профес­соры, Ресей Сыртқы істер министрлігі Мәс­кеу мемлекеттік халық­аралық қаты­нас­тар институты Ресей халық­а­ралық қатынастар және сыртқы саясат ка­федрасының профессоры, киберқауіп­сіздік және киберқорғаныс саласының маманы Андрей Манойло фейк, яғни жалған ақпараттың эмоцияға толы әсер қалдыратынын айтты.

– Фейк ақпараттармен күрес маңызды. Онымен күресу керек. Жылы жауып қоюға болмайды. Егер жалған ақпарат халық арасына тарап кетсе, құзырлы орган, мекеме сол бойда нақты ақпарат таратуы керек, шынайы факті мен сандық көрсеткіштер көрсетілуге тиіс. Құзырлы мекеме атынан берілсе және нақты көрсеткіші бар ақпаратқа халық көбірек сенеді. Жалған ақпаратпен осылай күресуге болады. Алайда мемлекеттік органның, биліктің басты қателігі – олар кеш қимылдайды. Жалған ақпарат тарап кетсе, сол мезетте емес, бірнеше сағаттан соң, тіпті бірнеше күннен соң жауап беріп жатады. Ал ол кезде ақпарат маңызын жойып, халыққа да қажеті болмай қалады. Ақпараттық алаңда фейк ақпаратпен күрес нәтижесіз болып көрінетіні де осыдан, – деген мәселе көтерді ресейлік сарапшы. 

Осы секцияда сөз алған Пулитцер сыйлығының лауреаты, фотограф, Associated Press агенттігінің бұрынғы фото­журналисі Лю Хен Шинг өзінің еңбек жолы мен өзі түсірген фото­суреттерге шолу жасап, қазіргі фото­жур­налистиканың мәселесін қозғады. «Бұрынғыға қарағанда қазір контент те, фотоқұралдар да сан алуан. Алайда фотоны түсірудің де өз мәні мен контенті бар. Оқырман фотосуреттен мақаланың жай-жапсарын, мазмұнын бірден аңғаруы қажет. АҚШ-та жұмыс жасау оңай болды деп айта алмаймын, бірақ мазмұнды фотосуреттерді сол елде қызметте жүргенде түсірдім. Тарихи фотосуреттерім көп. Әрбірінің өз тарихы бар», деді Лю Хен Шинг.

Орталық Азия Медиа форумы аясында ортақ ақпараттық медиа платформа құру перспективалары талқыланды.

Әлемдік медианың белді өкілдері бас қосқан форумға Өзбекстан Прези­денті жанындағы Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталы­ғының директоры Элдор Арипов,  Әзер­байжанның Медианы дамыту агенттігінің атқарушы директоры Ахмед Исмаилов, «Мир» МТРК төрағасының орынбасары Екатерина Абрамова, TV9 бас атқарушы редакторы Баттур Пуревсурен, Қазақстан Президенті Телерадиокешені бас директорының орынбасары Тілеген Әбішев қатысты. Спикерлер бірыңғай платформаға қатысты ой-пікірлерімен, өз елдеріндегі ақпараттық орталықтардың жұмысымен таныс­тырды. Панельдік отырысқа Қазақ­стан Президенті жанындағы «Орта­­лық коммуникациялар қыз­меті» респуб­ликалық мемлекеттік мекеме­сінің директоры Асқар Омаров модера­торлық етті.

Алғаш болып сөз алған Өзбекстан Президенті жанындағы Стратегиялық және халықаралық зерттеулер инсти­ту­тының директоры Элдор Арипов өңірлік бірегейліктің маңызына тоқталды.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Орталық Азия Медиа форумын өткізу туралы бастамасы өте маңызды. Бұл іс-шара тұрақты түрде өтеді деп үміттенеміз, үнемі кездесіп, өңірімізді толғандыратын ең өзекті мәселелерді талқылай аламыз. Менің ойымша, бірыңғай медиа платформа құру мәселесі орынды. Ол бүкіл аймақ үшін ортақ, біртұтас сипатқа ие болады. Бұл идея бір міндетке – Орталық Азиядағы өңірлік бірегейліктің іргелі негіздерін қалыптастыру үшін өте маңызды. Бұл, ең алдымен, медиа саласында күш біріктірмей шеше алмайтын өте маңызды міндет, – деді Э.Арипов.

Сондай-ақ спикер ортақ мәдени құндылықтар мен дәстүрлер негізінде ынтымақтастықты кеңейту анағұрлым тиімді екенін атап өтті.

– Орталық Азия туралы объективті зерттеу жүргізетін Еуропа ғалымдары­ның тобы бар. Олар эмпирикалық зерт­теулер жүргізіп, ортақ мәдени құнды­лықтар, дәстүрлер бөлісетін елдер өзара іс-қимылда, ынтымақтастықта және сауда саласында, экономикалық қаты­наста, инвестицияда әлдеқайда тиімді деген қорытындыға келді. Не­ліктен бұлай? Бір ғана себеп – сенім фак­торы. Сенім факторы өте маңызды. Біз бірінші кезекте кімге сенеміз? Ең ал­дымен, өте жақсы білетіндер мен түсі­нетіндерге сенім артамыз. Сон­дық­тан аймақтық сәйкестік өте маңызды. Орталық Азиядағы әрбіріміз өз елі­міздің бір бөлігін ғана емес, жалпы өңір­дің – Орталық Азия өңірінің бір бөлігін де сезіне бастағанымыз маңызды.

Өзбекстан Президенті «Орталық Азия – бір тарих – ортақ болашақ» деген тұжырымдама ұсынды. Бізде шынымен де мықты мәдени мұра бар. Алайда алға ұмтылғымыз келсе, кез болатын мәселелерді ортаға салып, бірге шешу керек екенін түсінуіміз керек. Біз ғасырлар бойы қатар өмір сүрдік, бірақ, өкінішке қарай, бір-бірімізді жете түсінбей келеміз. Мұны еңсеру үшін, ең алдымен, объективті ақпаратты көбірек таратып, қызығушылық таныту қажет. Біздің қазақстандық достарымыз ұсынған бұл идея өзінің үлкен миссиясын орындай алады, – деді Э.Арипов.

«Қазақстан Республикасы Прези­дентінің Телерадиокешені» КеАҚ бас директорының орынбасары Тілеген Әбішев «Бірыңғай медиа платформа – кез келген сұранысқа сай болуға тиіс» деген пікірін ортаға салды.

– Елдегі оқиғалар әлемге ашық айтылып, жеткізілуі керек. Өйткені біздің елдегі ұстаным уақыт өткен сайын әлемдік қауымдастықтың қызығушылығын арттырып отыр. Жаңғыру мен жаңартуға қадам жасаған сайын қысқа күнде қырық құбылатын қазіргі әлемде медиа саласына деген талап пен тілек күшейіп келеді. Сондықтан біз осы талаптың үдесінен шыға отырып, Қазақстанның ғана емес, бүкіл аймақтың, Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «көзі, құлағы һәм тіліне» айналуды көздейміз. Біздің мақсат – Қазақстанның күн тәртібіндегі мәселелерді жаһандық деңгейде насихаттай отырып, әр ұлт пен елге қымбат, адамзатқа ортақ құндылықтарды дәріптейтін арна болу. Біз әлемге жаңа Қазақстанды танытуды жоспарлап отырмыз. Ендеше, осы жайлы барынша шынайы айтылғаны жөн деп санаймыз.

Жоспарға қойылған арнайы платформа хабар таратушы мамандардың бірлесе жұмыс жасауына мүмкіндік береді. Орталық Азия елдерінің реформалары бір бағытта болуы билік өкіл­дерінің ғана емес, азаматтық қоғамның да қатысуымен жүзеге асуы қажет. Бұл бағытта ақпараттық агенттіктер бес тілде жаңалық таратуға көшуі керек, – деді Т.Әбішев.

Әзербайжанның Медианы дамыту агенттігінің атқарушы директоры А.Исмаиловтың айтуынша, медиа саласында күш біріктірмей, мәдени құндылықты сақтау мүмкін емес.

– Медиа саласындағы қарым-қаты­насты дамыту бізге үлкен күш береді. Сонымен қатар жалған ақпараттармен жұмыс істеу жеңілдейтін болады. Себебі бұл мәселені жеке-дара шешу мүмкін емес. Бауырлас мемлекеттер біріге отыра маңызды декларация құру арқылы жаңа деңгейге көшеміз. Оқырманның сана сезімін өзгерту көршілес мемлекеттер арасында сенімді нығайтуға мүмкіндік береді, – деді А.Исмаилов.

«Мир» МТРК төрағасының орынбасары Екатерина Абрамованың пайымдауынша, БАҚ-та контентті жаңартумен бірге технологиялық өзгерістер жасау арқылы әлемдік деңгейдегі баспасөз өкіл­дерімен тәжірибе алмасуға мүм­кін­дік мол.

– Соңғы 30 жылда медиа нарық өте қарқынды дамыды. Жұртшылық көрші елдегі жаңалықтардан телеарна мен радио немесе баспасөз арқылы хабардар болып отырды. Бұған қоса, әлеу­меттік желінің қарыштап дамуы әсерінен ғаламтор арқылы да неше түрлі ақ­паратты оқиды, көреді. Бүгінде Орталық Азияда 10 елге ортақ ақпарат құрал­дары жұмыс істейді. Осындай ортақ алаңның болуы қуантады. Олардың дені орыс және ағылшын тілдерінде.

Сонымен қатар Орталық Азия елдері­нің баспасөз өкілдері өзара ақпараттық байланыс орнатқан. Редакциялық сая­сатта мемлекетаралық мәселелерді қам­тудың өз қағидасы бар. Біз 10 құрылтайшы елдің өкілдерімен  бірлесіп шешім қабылдаймыз. Біріншіден, көрерменге бағалауды емес, фактілерді ғана ұсынамыз, адамның оқиғаларды өз бетінше бағалағанын қалаймыз. Екін­ші­ден, қақтығыс немесе қолайсыз жағдай орын алса, әр тарапқа тең үлеспен көңіл бөлуге мән береміз. Егер бұл мүмкін бол­­маса, онда тақырыпты көтермеуді жөн кө­реміз. Көрермен қоғамдағы ахуал­дың барлық қырын көруі керек, – деді Е.Абрамова.

Іс-шараның алғашқы күнін қоры­та келсек, Орталық Азия Медиа фо­румы тұрақты медиа платформаға ай­на­лады деген сенім мол. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің айтуын­ша, түркі әлемінің ақпарат кеңістігінде ортақ жобалар жасалып, телехикая, анимациялық фильмдер түсіру, ортақ ақпараттық сайт ашу жоспарда бар.

Жалпы, екі күнге созылатын форум барысында 100-ден астам спикер медиа саласындағы проблемаларды, Орталық Азия мемлекеттері арасындағы баянды байланыс жайлы әңгіме өрбітеді деп күтіліп отыр.

 

 Қатысушылар лебізі

Абдулла Гүл,

Түркияның 11-ші президенті:

– Орталық Азиядағы адами және табиғи ресурс­тар үлкен әлеуетке ие. Жаңа дәуірде ішкі және халықаралық мәселелермен нақты айналысу қажет. Ол үшін неғұрлым ашық, есеп беретін, ынтымақтастыққа бейім және жаһандық деңгейде икемді болу қажет. Осы тұста бұқаралық ақпарат құралдары биліктің үлкен тетігі ретінде қарастырылуы керек. Өйткені ақпараттық дәуірде заманауи цифрлық трансформацияны ескере отырып, кез келген ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндік бар.

Цифрлық орта бізге мониторинг жүргізуге, мониторингке қатысуға күш береді. Нәтижесінде, біз белгілі бір елдердегі оқиғалардың нақты көрінісіне куә боламыз. Мұның бәрі сөз бостандығының арқасында жүзеге асады. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары имиджді қалыптастыруға айтарлықтай әсер етеді. Масс-медиа мемлекеттің де, үкіметтің де ашық болуына және есеп беруіне ықпал етеді. Медиа туралы айтатын болсақ, бұл – мемлекетті дұрыс басқаруды қамтамасыз етудегі маңызды сектор.

 

Намбарын Энхбаяр,

Моңғолияның 3-ші президенті:

– Бүгінде елдердің күш-жігерін біріктіру арқылы ғана дамуға болады. Осындай қиын кезеңде өз мүддемізді жалғыз қорғау қиындық туғызады. Күш-жігерімізді біріктіру арқылы ғана алға нық қадам баса аламыз. Бұл тұрғыда түркітілдес елдер ретінде Орталық Азия елдері бір-бірімен ынтымақтастығын белсенді жалғастырып жатыр. Соңғы жылдары Моңғолия Солтүстік-Шығыс Азия елдері тобының белсенді мүшесіне айналды. Бірақ бүгінде әртүрлі аймақтағы елдер арасында кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастықтың болашағы зор деп есептеймін. Осы тұста Орталық және Солтүстік-Шығыс Азия елдері арасындағы жан-жақты ынтымақтастықтың кезең-кезеңімен дамуын да айтуға болады.

 

Гасан Гасанов,

Әзербайжанның тұңғыш премьер-министрі:

– Әрбір мемлекеттің тарихшылары әр тарихи кезеңді дәл жазуы қажет. 1991 жылы желтоқсан айында НАТО-ның жиналысы өткен кезде түркі мемлекеттері тәуелсіздігін қабылдау туралы құжатқа қол қойылды. Алайда тәуелсіздік алу жолында үлкен тарихи қасіретті оқиғалар орын алғанын ұмытпаған жөн. 30 жыл уақыт аралығында түркі мем­лекет­тері үлкен өзгеріске ұшы­рады. Қазақстан тұрақ­ты­лықты қамтамасыз етуде бізге үлгі бола білген мемлекет.

Қазақстан тәуелсіздігін алған уақытта қазақ халқының саны аз еді. Қазір оның саны үлкен деңгейге көтеріліп отыр. Қаншама ұлттың азаматтарын бір шаңырақ астында тату ұстаудың өзі үлкен күш. Осыдан бірнеше жыл бұрын Шымкент қаласында болған едім. Сол уақытта Түркістан жерінде тарихи ескерткіштерді көру үшін сапарға шыққанымда жолдың машақатын қатты сезіндік. Қазір ол ең әсем қалалардың біріне айналыпты. Осы мысалдан-ақ қазақ елінің мемлекеттік іске сеніммен қарайтынын аңғаруға болады. Бұрынғы тарихи кезең қайталанбас үшін қауіпсіздікті қолдау арқылы дамуымыз қажет.

 

Хикмет ЧЕТИН,

Түркияның бұрынғы сыртқы істер министрі, мемлекет қайраткері:

– Қазақстанды осындай халықаралық іс-шараны ұйымдастырғаны үшін құттықтағым келеді. Тек Орталық Азия ғана емес, бүгінде бүкіл әлем тектоникалық қозғалыс алдында тұр.

Әлемге бейбітшілік пен тұ­рақтылық қажет. Бәріміз бір бәйтеректің бұтақтарымыз. Қазақстан мен Түркия үшін білім беру, ағар­ту ісінде де, медиа саласында да ынтымақтастықты дамыту маңызды.

Түркия 1991 жылы кеңес одағы құлап, түркі елдері өз алдына жеке мемлекеттерге айналған кезде, барлық елдің тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындады. Олардың ішінде Қазақстан да бар. Орталық Азия елдері қарқынды дамып келеді. Бұл үшін үлкен күш пен бірлік керек. Осы тұрғыда бауырлас елдер өздерінің қамқорлығын жақсы көрсетті. Түркі мемлекеттері ұйымының мүшесі ретінде Түркия бауырлас елдерге көмек көрсетуден аянып қалған жоқ.

Орталық Азия елдері көптеген мәдени-саяси, қоғамдық ұйымдарға мүшелік етеді. Сондықтан татулық пен бірлікті алдыңғы орынға қоятын елдердің орталығына айналды. Әлі есімде, Астанаға алғаш келгенімде жазық дала болатын. Ал қазіргі таңда мүлде басқа қалаға,  көрікті де асқақ шаһарға таңғалып отырмыз.

 

 

 

 

Оралхан АХМАДИЯ,

Гүлнар ЖОЛЖАН,

Зейін ЕРҒАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»