• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 22 Желтоқсан, 2022

Берік отбасы – берекелі қоғам

470 рет
көрсетілді

Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия биыл 32 маңызды іс-шара өткізді. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте кеңінен мағлұмат берілді.

Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары, Парламент Сенатының депутаты Ләззат Сүлейменнің айтуынша, елдегі күрделі әлеуметтік мәселелерді шешудің тиімділігін арттыруға және азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылды кеңейтуге бағыт­тал­ған біршама жұмыс атқарылды. Әрбір басымдық бойынша сараптамалық топтар құрылды, жаңа тәсілдер қа­был­данды, комиссияның жұмысын ретке келтіретін, секторлардың жұ­мы­сын және оның мүшелерінің қыз­ме­тін бағалауды айқындайтын регламент бекітілді.

«Балалар жылы балалардың құ­қық­тары мен мүдделерін қорғау мәсе­лесі басты назарда болды. Осы мақсатта арнайы жоспар әзірленіп, онда 65 жүйелі іс-шара қамтылды. Күрделі әлеуметтік мәселелер бо­йынша 18 өңірге ұлттық комиссияның мони­торингтік тобының сапары ұйым­дас­тырылды. Олар пер­зент­ха­наларға, перинаталдық орта­лықтарға барып, қатардағы дәрі­герлермен және босанатын әйел­дер­дің өзімен тікелей байланыс орнатып, өңірлерде ана мен бала өлімінің өсу себептерін егжей-тегжейлі зерттеді. Бұл жұ­мыс­қа акушерлік, гинекология және перинатология саласындағы сарап­шы­лар, еліміздің медициналық жо­ғары оқу орындарының белгілі ға­лым­­дары тартылды», деді спикер.

Оның айтуынша, балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау суицидтің алдын алу және балалардың құ­қықтары мен әл-ауқатын қамта­масыз етудің 2023-2025 жылдарға ар­на­лған кешенді жоспары әзірленді. Балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілері бойынша жедел әрекет ету алгоритмі жасалды. Алгоритм не­гізінде ведомствоаралық ден қою жүйесін күшейтуге мүмкіндік бере­тін және жергілікті жерлерде уә­кі­лет­ті органдардың тиімді жұмысын қам­та­масыз ететін жұмыс тобы құрылды.

«Ұлттық комиссияның азаматтық қоғам құрылымдарымен сындарлы диалогі белгіленді. Бүгінгі таңда отба­сылық-гендерлік проблемамен айналысатын 500-ге жуық ҮЕҰ жұ­мыс істейді. Азаматтық сектормен бір­лесіп жұмыс істеуде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері ерекше өзекті болып отыр. Бұл бағытта «Отбасында – зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасы жүзеге асырылуда. Қазақстан – ішкі істер органдары жүйесінде әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөнін­де­гі бөлімшелер құрылған пост­кеңестік елдердің бірі. Әйелдерге қарсы жасалған зорлық-зомбылық қылмыстарын ең тәжірибелі әйел тергеушілер зерттейді. Мұндай тә­жіри­бе қылмыстарды тезірек және тиімді ашуға ықпал етеді», деді Л.Сүлеймен.

Сонымен қатар ұлттық комиссия «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауын, әкелердің республикалық форумын, ауылдағы әйелдердің республикалық форумын өткізді. Әйелдер мен қыз­дар­дың басқарушылық әлеуеті мен саяси мәдениетін дамыту мақ­са­тын­да «Томирис» жобасы іске асырылып жатыр.

«Қазақстанның дамуының жаңа кезе­ңіндегі отбасылық-демогра­фия­лық және гендерлік саясат» тақы­ры­бын­дағы халықаралық ғылыми конференция Қазақстан, Чехия, Швейцария, Үндістан және АҚШ ғалымдары мен сарапшыларын, сондай-ақ Парламент депутаттарын, орталық және жергілікті ат­­қа­рушы органдар, ҮЕҰ және ха­лық­аралық ұйымдар өкіл­де­рін, жалпы 300-ге жуық қа­ты­су­шының ба­сын қосты. Кон­фе­ренция қоры­тын­дысы бойынша Үкімет пен жер­гілікті атқарушы органдардың құры­лымдары пайдаланатын ғылыми не­­гіз­делген сараптамалық талдау әзір­­­ленді.

Биыл жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның гендерлік теңдік бойынша көрсеткіштерін жақ­сарт­ты, дәлірек айтқанда, 80-орыннан (2021 жыл) биыл 65-орынға дейін көтерілді.