Ақмола облысының әкімі, саясаттану ғылымдарының докторы Сергей Дьяченко Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің оқытушылары мен профессорлары, студенттерімен кездесіп, “Қазақстан жаңа онжылдықта: стратегия, философия және мемлекетті тиімді дамытудың жолы” тақырыбында лекция оқыды. Онда Қазақстан Республикасында Президенттік институтты белгілеудің жиырма жылдығы мен мемлекетіміздің кешегі, бүгінгі және ертеңгі жолдарына талдау жасалды.
– Белсенді және өркениетті студенттік аудиториямен кездесу әрқашанда маңызды сипат алады, – деді аталған оқу орнының құрметті профессоры Сергей Александрович. – Оның үстіне бүгінгі Қазақстан қоғамы өз дамуының шешуші кезеңін бастан өткеруде. Биылғы жыл тәуелсіз елімізді тұғырландыруда айрықша орын алатын Президенттік институтты белгілеудің 20 жылдығы, Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдығы, ЕҚЫҰ-ға Төрағалығымыз мерекеленіп жатқан әрі ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына аяқ басқан тарихи оқиғалармен ерекшеленеді. Қазақстан көз алдымызда экономикалық қуатты, өзінің дербес, отандық бағытымен қарыштап алға басқан, жаңғырған және демократиялық қоғам ретінде қалыптасты. Қазақстандықтар қол жеткен жетістіктеріміздің барлығын республикамыздың тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың көп қырлы, кең ауқымды еңбегі мен сарабдал саясатымен байланыстырады.
Бүгінгі күні көптеген саясаткерлерді, сарапшылар мен зерттеушілерді қазақстандық тиімді тәжірибенің сырына қатысты мәселелер қызықтырады. Мұның ешқандай жұмбақ жауабы жоқ.
Біріншіден, бұл Президенттің өмірлік бай тәжірибесіне негізделген ешкімге ұқсамайтын соны да қуатты тұлғалық комбинациясынан көрініс береді. Мұнда Қазақстан басшысының өн бойынан батысеуропалық демократиялық басқарудың қайнарларына бағытталған еуроазиялық бастамалардың байланысы мен шығыстық данышпандық пен дипломатиялық батылдық байқалады. Мемлекетті алдыңғы қатарлы және дамыған елдер қатарына қоса білген әлемдік деңгейдегі саясаткерлер сапындағы ұлт жетекшісінің реформаторлық қызметінің тарихи орнын келер ұрпақ тереңдеп бағамдайтыны анық.
Екіншіден, Елбасының философиялық дербес ой қорыту қарымы мен дамудың инновациялық тұжырымынан өрбитін мемлекетті басқарудың өзіндік моделін іске асыру қабілеті назар аудартады.
Еліміздің тәуелсіздігі мен мемлекеттігін қалыптастыру әсте оңай шаруа емес. Нұрсұлтан Әбішұлы айтқанындай, тағдыр мұндай мүмкіндікті 500 жылда бір рет бұйыртады. Міне, сол мүмкіндікті уыстан шығарып алмау, көрегендік танытып, саяси тәуекелшілдік пен оның салдарларын дәл болжау саяси әрекеттегі жоғары өнер саналады. Осының арқасында біздің еліміз дамудың терең ойластырылған, нақты есепке құрылған даму жолымен келеді. Тұңғыш Президентіміздің жетілдірілген макрожобалар негізіндегі “қазақстандық жол” атты стратегиялық бағдарламасының тиімділігі мен сәттілігі осында деп түйіндеуге болады. Яғни, Қазақстан өз дамуындағы транзитті кедергілерді еңсеруде жоғарыдағы ұстанымдарды басшылыққа алу арқылы уақыттан озық нәтижелерге қол жеткізді. Елбасы Жолдауларында “қазақстандық жолды” жетілдірудің жаңа бағыттары айқындалып, нақты тапсырмалар қойылуы да осыдан. Мұның өзі Президенттің басқару моделі бүгінгі көкжиектен асып түсетін мақсаттар мен міндеттердің нақты орындалуына негізделгендігін көрсетеді.
Мемлекеттік құрылыстың алғашқы күнінен бастап Н.Ә.Назарбаев ел дамуының ұзақ мерзімді болашағын айқын болжап, нақты әрі сәтті қадамдар жасай білді. Ол Қазақстан бірнеше он жылдан кейін қандай болуы керектігін, оған қалай жетуге болатындығын және бұл үшін не жасау қажеттігін білді. Ел алдында бір мезетте нарықтық экономикаға, демократиялық мемлекеттік жүйеге және қоғамның ашық құндылықтарына көшу сияқты үш жақты транзиттік міндеттер тұрды. Бұл орайда “Қазақстан – 2030” Стратегиясы тактикалық тұрғыдағы ұтысты ұмтылысқа жол ашты.
Осы ретте, әлемдік экономикалық дағдарыс дауылының Қазақстан тіршілігіне тигізген әсерлерін де еске алған жөн. Ол көп мәселеде мемлекеттік саясаттың тұтқалы тәсілдеріне өзгерістер енгізді – біз барынша үнемшілдік қағидаттарын ұстандық. Экономиканы дамытуда ұзақ мерзімді инфрақұрылымдық жобаларға басымдық берілді. Бірақ, мемлекет өзінің түпкі мақсатынан – дамыған және табысты мемлекет құру бағытынан танған жоқ. Дағдарыс қоғам мен оның мүшелерін шынықтырып, ширата түсті.
Президенттік басқарудың тағы бір тірегі – “жалпыдан жалқыға” негізделген философиялық түйін. Бұл орайда заманалық саяси лидердің тарих пен болашақтың, теория мен тәжірибенің, дипломатия мен батылдықтың байланысын шебер орнықтыра білгендігін немесе тұтқалы тұғырларды біріктіру бағытын ұстанғанын айтқымыз келеді. Ол елдік шеңберді ғана емес, әлемдік ауқымды да қамтыды. Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі интеграциялық процестердің қозғаушы күшіне айналғандығы кездейсоқтық емес. ТМД, ЕурАзЭҚ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, ЕҚЫҰ, ҰҚШҰ, АӨСШК және басқа ұйымдардың әлемдік абыройға бөленуінде Қазақстан мемлекетінің қозғаушы күшке ие болғандығы кездейсоқтық емес. Шығыс пен Батысты байланыстырушы буынға айналған елімізде әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерін өткізу дәстүрі қалыптысты.
Мемлекет аумағындағы философиялық қағидаттың түп тамыры орталық пен өңірлердің бірдеңгейлі байланысын орнықтырумен сипатталады. Сондықтан, экономиканың күшті қырларын кіріктіру, нарықтық еркін бәсекелестікті айқын жоспарлау және бағдарламалар негізінде дамыту, ірі индустриялық және қуат кешендерін құру сияқты шешуші қадамдар әлем назарын аударды. Елбасының басшылығымен мемлекттің беріктігі мен жұртшылық мойындаған демократиялық құндылықтар тепе-теңдігі орнығып келеді.
Президенттік басқарудағы келесі маңызды тұжырымдама Қазақстанды алға, жаңа көкжиектерге жетелейтін жетекшіге тән бастамалардан өрбиді. Уақыт әлемді, экономиканы, саясатты, қоғамды өзгертудегі пәрменділігін танытып отыр. Біздің көз алдымызда адамзат индустрияландыру кезеңінен ақпараттық дәуір ықпалына ден қоюда. Бұл уақыт жүктеген міндеттермен иық тірестіру арқылы табысқа жетуді меңзейді. Яғни, әлемдік ауқымдағы өркениет арнасында даму үшін батылдықпен, жігермен қоса дәстүрлі емес стратегиялық жолды айқын бағамдау қасиеті табысты болмақ. Осы жолда да Президент Н.Назарбаев үдемелі жаңғыру мен ізденіс қайнарларын ұсына білді. Мемлекет басшысы үнемі тек қана алға қарауды қалыптастыруға күш салуда. Өйткені, бүгінгі тарих артық ойлау мен эксперименттерге уақыт бере қоймайды. Біздің уақыт нақты шешімдер мен батыл қадамдарды талап етуде. Бұл негізсіз де емес. Кейбіреулердің кезінде “Қазақстан – 2030” Стратегиясына, елорданы Астанаға көшіруге, еркін даму аймақтарын құруға, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету мүмкіндігіне, тағы басқа бастамашыл қадамдарға күдікпен қарағанын жасыра алмаймыз. Бүгін осынау макрожобалар табысты түрде жүзеге асырылып, мемлекет дамуына жаңа үрдіс пен сапалық мүмкіндіктер тудырды, оның әлемдік беделін асқақтатты. Президент Н.Назарбаевтың өз уақытының көрнекті саясаткері, реформаторы, мемлекет қайраткері ретіндегі стратегиясы, философиялық тұжырымдары, батылдығы мен байыптылығы бүгіндері өзінің сәтті қайтарымдарымен салтанат құрды. Қазақстанның даму сырларын байыптау Қазақстан Көшбасшысының отандастарымызды жарқын күндерге жігерлендіруші қасиетіне негізделген көп қырлы қызметі мен келбетін терең талдаумен тығыз байланысты, одан бөліп қарауға болмайды дейтініміз сондықтан.
Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы.