• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 22 Желтоқсан, 2022

Әдеби насихат – әлеумет назарында

344 рет
көрсетілді

«Әдеби насихат пулы» жобасы – Қазақстан Жазушылар одағы мен Алматы қаласы медениет басқармасының бірігіп қолға алған игі шарасы. Оның мақсаты мегаполистің әр аудандарында қаламгерлермен кездесулер ұйымдастырып, ұлттық болмысымызға негізделген рухани құндылықтарды дәріптеу болды.

Әрине, кездесулер барысында мемлекеттік саясат пен руханияттағы жаңашылдықты насихаттауға баса ден қойылды. Осы бағыттағы жұмыстың түйіні қаладағы кітапханаларда Алматы қаласында тұратын ақын-жазушылармен кездесулер өтті.

Мәдениет басқармасына қарасты қалалық кітапханалар желісі ұйымдастырған әдеби шара әуелі Қазақстан жазушылар одағының басқарма төрағасы, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет және белгілі жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қуандық Түменбаевпен кездесуден басталды. Алматыдағы Қазақстан жазушылары кітапханасында өткен кездесуде ақын мен жазушы оқырмандардың әдебиет пен мәдениет, қоғамдағы басқа да өткір тақырыптарға орай қойған сауладарына жауап беріп, қолтаңба қойылған кітаптарын тарту етті.

Келесі кезекте қаладағы №4 кітапханада ақын Ақберен Елгезек пен «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары, ақын Ырысбек Дәбей оқырмандармен кездесті. Тағы бір рухани әңгіме Крылов атындағы кітапханада өтіп, оған ақындар Бақыт Беделхан мен Бағдат Мүбәрак қатысты. Ал жазушы Сәуле Досжан Алматы ауданның кітапхансында өз оқырмандарымен кездессе, Чехов атындағы орталық қалалық кітапханада халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақындар Заида Елғондинова өлеңсүйер қауымның қошеметіне бөленді.

Дәл осындай тағылымды шараның бірі  №29 кітапханада өтіп, оған көрнекті ақын Бауыржан Жақып пен  «Әдебиет» баспасының директоры Ғалым Қалибекұлы қатысты. Сондай-ақ қаладағы №20 кітапханада ақындар Жаңылхан Асылбекова мен Қалмаханбет Мұқаметқали да оқырмандармен қауышып, әдебиет туралы әңгіме әдемі жыр кешіне ұласты. Нұртас Тұрғанбек пен  Арайлы Жақсылықпен өткен оқырмандар кездесуіне жастар көптеп жиналды. Олар қазіргі жас буын әдебиетшілердің шығармашылығымен танысып, еркін әңгімеге ерік берді.

«Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастырған «Әдеби насихат пулы» атты жоба аясындағы мұндай кездесулердің шығармашылық иесіне берер қуаты мол. №29 қалалық кітапхана ұжымымен және оқырман жастармен кездесу барысында мұны анық сезіндік. Ақын Бейбіт Сарыбай жүргізген кездесуде оқырмандардың көптеген сауалдарына жауап беріп, бүгінгі қазақ әдебиетінің өзекті мәселелері туралы сөз қозғадық, күркіреп өлең оқыдық. Жылы шырайлы жүздесуден алған әсер ұшан-теңіз», дейді ақын Бауыржан Жақып.

 

АЛМАТЫ