Көкше аспанында қыран құстар қалықтап, ерлік пен өнерге ынтызар елдің рухы асқақтаған күн болды бұл. «Қансонар» халықаралық турниріне Моңғолия, Қырғызстан, Түркия және еліміздің барлық өңірінің айтулы құсбегілері қатысып, бақ сынасты.
Бұқпа тауының етегінде өткен дүбірлі дода ел тәуелсіздігіне және жерлес бүркітші Мәсіп Батырханұлын еске алуға арналды. Сөз арасында байрақты бәсекенің 2017 жылдан бастап халықаралық мәртебеге ие болғандығын сыналап айта кетелік. Асылында мұндай ел назарын өзіне аударатын айтулы жарысты ұйымдастыру көне дүниенің көмбесін ашып, уақыт тозаңы тұмшалаған Алаштың ғажайып салт-дәстүрін қайта тірілтуге, бүгінгі ұрпақ кәдесіне жаратуға, жас толқынның көкірегіне ежелгі сал-серілер дәуірінің салтанат сезімін себезгілеуге ықпал етпек. Әрі ел арасындағы ынтымақтың алтын арқауын бекіте түсуге де септігі бар.
– Қазақ халқының тарихы өте бай. Кейінгі ұрпақ оны ұмытуға болмайды, – дейді Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсет Букубаев, – ұлы даланың ұлағаты мен рухани байлығы шымырлап қайнап, кейінгі жастың сүйегіне сіңуі керек.
Байрақты бәсеке ұлағаты мол ұлттық дәстүрді насихаттауға кең жол ашқандығын айта кетуге тиістіміз. Зәу биікте еркін самғаған қыран құстар көңіліңді желді күнгі теңіздей толқытады екен.
Жарыс үш кезеңмен өткізілді. Әуелі бүркіт пен сұңқарлардың сыртқы пішіні, тұғырға қонысы, бүгінгі аңшының кілең теріден тігілген, былғарымен қапталған жеңіл, ықшам, жылы спорттық киімдері сарапқа салынды. Құстардың көк аспанда самғап ұшуы, құсбегінің шақыруына орай қайтадан оралуы екшелді. Шырға тартылды. Ең бір қызықты тұс осы болды. Ақ қардың үстінде сай-сайды жағалап, жан сауғалар бұта іздеп жосыла шапқан қызыл түлкі иен далада бір уыс от зымырап бара жатқандай көрінеді екен. Қос қанатын қомдап, оқтай атылған, бабы келіскен қыран атқан оқтай заулап келіп, өткір тұяғымен ілгендегі көрініс қайталанбайтын бір қызық.
Екі күндік жарыстың қорытындысы бойынша Алматы облысынан келген құсбегі Сейітжан Аян үздік деп танылды, Алматы қаласының өкілі Есентай Сұлтансері екінші орынды иеленсе, Қарағанды облысының тұрғыны Бердібек Съез үшінші орынға орнықты. «Сұңқармен аң аулау» аталымы бойынша алматылықтар Баянтай Ермұхан мен Сейітжан Алмаз жеңіске жетсе, астаналық құсбегі Ерасыл Серікбекұлының мерейі үстем болды. Қарағандылық Таңат Оспанқұлов, ақмолалық Уәлихан Шыңғыс, Кеңес Дархандардың да өнерін атай кеткен орынды болмақ.
Түркияның Қазақстан Республикасындағы елшісінің бірінші кеңесшісі Турхан Дильмач екі ел арасындағы тарихи және рухани байланыстың өзектес екендігін тілге тиек етті. Сөз соңында заманында құс тілін біліп, өнерін өрістеткен Мәсіп Батырханұлы туралы бір ауыз сөз айта кетелік. 1930 жылдары қыран құсының арқасында тұтас ауылды аштықтан аман алып қалған. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары бағалы аң терісін сатудан түскен қаражатты майданға көмек ретінде берген. Аты аңызға айналған тұлғаны еске алу үшін осындай байқаулар жиі өткізіледі.
Ақмола облысы