• RUB:
    4.99
  • USD:
    489.36
  • EUR:
    533.45
Басты сайтқа өту
Саясат 24 Желтоқсан, 2022

Сенат төрағасы Алматы мәслихатының депутаттарымен кездесті

193 рет
көрсетілді

Кездесуде елімізде жүргізіліп жатқан кешенді демократиялық реформалар және Қазақстанның саяси жүйесіндегі жаңғыртулар жан-жақты талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Кездесу барысында Мәулен Әшімбаев Әділетті Қазақстан құрудың негізгі қағидаттарына назар аударып, осы бағытта барлық деңгейдегі өкілді органдардың бірлескен жұмысы маңызды екенін айтты.

Сондай-ақ Сенат төрағасы алдағы Парламент және мәслихаттар сайлауына тоқталды. Сенат нағыз өңірлердің мүддесін қорғайтын Палатаға айналады. Осыған қатысты өзгерістер бойынша да сөз қозғалды. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, мұның бәрі - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асырылған конституциялық реформаның лайықты жалғасы.

«Алдағы уақытта Парламент жаңа жағдайда және жаңа талаптар мен міндеттерді ескере отырып жұмыс істейді. Сенат нағыз өңірлердің мүддесін қорғайтын органға айналуға тиіс. Маңызды экономикалық және әлеуметтік процестер көбіне жергілікті жерлерде болатыны белгілі. Өңірлерді кешенді дамытпай тұтас елдің өркендеуін жаңа деңгейге шығару мүмкін емес. Сондықтан Әділетті Қазақстан құру үшін осы бағытқа басымдық беруіміз керек», деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Палата Төрағасы осы аптада сенаторлар қабылдаған «Агломерацияларды дамыту туралы» заң өңірлерді жан-жақты дамытуды көздейтінін айтты. Осы заң аясында кешенді жоспар қабылданады. Одан бөлек, заңның нормаларын іске асыру азаматтарды қоныстандыру және өндірістік күштерді орналастыру жүйесін жетілдіруге, инженерлік, көліктік және әлеуметтік инфрақұрылымды тиімді пайдалануға оң әсерін тигізеді. Осыған орай Мәулен Әшімбаев еліміздегі ең ірі Алматы агломерациясын дамыту үшін Сенат пен мәслихат депутаттары бірлесіп жұмыс істеуі керектігін қаперге алды.

«Өңірлерде Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың, ұлттық жобалардың, шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламаларының және басқа да маңызды басымдықтардың іске асырылу барысын бақылауға ерекше назар аударылады. Сенаттың негізгі міндеттерінің бірі – өңірлердің мүддесін қорғау және өкілдік ету. Мәслихаттармен тығыз өзара іс-қимыл осы басымдықтың негізгі шарты екені сөзсіз», деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат Төрағасы Алматы қаласындағы «Алатау» әлеуметтік қызметтер орталығының ұжымымен де кездесті. Бұл жерде мүгедектігі бар азаматтарға түрлі бағыт бойынша әлеуметтік және медициналық қызметтер көрсетіледі.

Мәулен Әшімбаев қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту, медициналық қызметтің сапасын арттыру және денсаулық сақтаудың қолжетімділігін қамтамасыз ету мемлекеттің әлеуметтік саясатының маңызды бағыты екенін айтты. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы салаға үнемі баса мән беріп келе жатқанын тілге тиек етті.

Сенат Төрағасы денсаулық сақтау саласына қатысты алдағы заңнамалық жұмыстарға да тоқталды және Орталық ұжымына қамкөңіл жандарға қамқорлық көрсетіп, елімізде осы бағыттың жандануына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен жыл сайын медицина қызметкерлерінің жалақыларын көбейтуге қатысты нақты шаралар қабылданып келеді. Келер 2023 жылдан бастап дәрігерлердің жалақысы – 30 пайызға, орта медициналық персоналдардікі 20 пайызға өседі. Алдағы кезеңде денсаулық сақтауға бөлінетін қаражаттың көлемі ұлғая береді. 2027 жылы оның көлемі жалпы ішкі өнімнің кемінде 5 пайызына жетуге тиіс. Дәрігер мәртебесі заң жүзінде бекітіледі. Осындай нақты шаралар медицина қызметкерлерін қорғауға және қолдауға, кәсіптің беделін арттыруға ықпал етеді деп сенеміз», деп қорытындылады Мәулен Әшімбаев.