• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 28 Желтоқсан, 2022

Қуғын-сүргін құрбандары заң негізінде ақталады

1024 рет
көрсетілді

Осы жылы 9 желтоқсанда «Egemen Qazaqstan» газеті сайтында «Комиссия жұмысының елеулі нәтижелері» атты материал жарияланып, соның ішінде ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы Хангелді Әбжановтың төмендегі мазмұндағы сөзі берілгенін байқадық: «Горбачевтің дәуірінде арнайы қаулы қабылданып, бір жылдың ішінде Қазақстанда 29 мың адам ақталыпты. Ал бізде екі жыл өтсе де 29 адам әлі ақталған жоқ. Комиссия ақтаудан бұрын зерттеумен айналысып кетті. Зерттеу – үздіксіз, жалғаса беретін үдеріс. Ал ақтау мәселесі күтіп тұрмайды...»

Газет, интернет сайттары – қоғам айнасы, сондықтан ғалым сөзін сол күйінде ұсынып отыр деп санаймыз. Сонымен бірге тарихшы Х.Әбжановтың тарих тақырыбында жиі жазатын білікті зерттеуші, қоғам қайраткері екенін де жақсы білеміз. Бірақ біз үшін маңыздысы – ақпараттың оқырманға дәл жетуі, сондай-ақ ғалымдарымыздың факт негізінде эмоциясыз мәлімет беруі.

Осы ретте айтарымыз: аталған мәлімет шындыққа сәйкес келмейді. Өйткені Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия (бұдан әрі –Мемлекеттік комиссия) Президент Жарлығын жүзеге асыру барысында және қолданыстағы заң аясында 311 мың 349 саяси  қуғын-сүргін құрбанын ақтады.

Мемлекеттік комиссия жұмысында анықталған құрбандар мен зардап шеккендерді (жалпы саны 3 миллионнан астам) ақтау үшін заңдық бағыттағы жұмыс тобын елімізге белгілі заңгер-ғалым, қоғам қайраткері  И.Ш. Борчашвили басқарады. Осы топ «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын және зардап шеккендерді ақтау туралы» және  «Қазақстанның тәуелсіздігі үшін күрескендер мәртебесі және саяси ақтау туралы» екі заң жобасын әзірледі.

Аталған заңдарды Парламент қабылдағаннан кейін  кеңестік кезеңдегі қуғын-сүргін құрбандары мен зардап шеккендер толық ақталады. Өйткені саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау тиісті заңдар қабылдаған соң ғана жүзеге асады. Аталған мәселенің шешімі ендігі жерде Парламент депутаттарының өкілеттігі мен жауапкершілігінде екенін атап өткім келеді.

 

Айбар Ілияс,

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия қызметін сүйемелдеу бойынша жобалық кеңсе басшысының орынбасары