• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Саясат 30 Желтоқсан, 2022

Іргелі өзгерістер бастауы

365 рет
көрсетілді

«Реформалық өзгерісті оған шын сенетіндер ғана жасай алады», дейді Теодор Рузвельт. АҚШ тарихындағы ең ұлы көшбасшылардың бірі саналатын ол ел тәуелсіздігінің нығаюына өлшеусіз үлес қосты. Расында, кез келген мемлекетте іргелі өзгерістер белгілі бір оқиғалармен астасып жатады. Биыл жыл басы Қазақ елі үшін ауыр қайғымен басталды. Қаңтар қасіреті талай боздақтың өмірін жалмағаны белгілі. Дегенмен осы оқиға ел еңсесін тіктеп, биліктің таңдау жасауына ықпал етті.

Қаңтар оқиғасынан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 16 наурызда халыққа Жолдау жариялап, онда саяси реформалар пакетін жария­лады. Мәселен, Президенттің өкілеттігіне қатысты алғашқы өзгеріс те осы наурыз айында ай­тылды. Осылайша, еліміз супер­президенттік модельден бас тартты.

Сенат пен Мәжіліс депу­тат­тары­ның саны қайта қаралып, жоға­рғы палатаның заңды қабыл­дау құқығы Мәжіліске берілуге тиіс екеніне назар аударылды. Ал Сенат құжатты мақұлдауы қа­жет. Бұдан бөлек, наурыздағы Пре­зиденттің Жолдауында сайлау жүйесін жетілдіру, партиялық жүйені дамыту, құқық қорғау орган­дарындағы өзгерістер, аза­мат­тық қоғамды жетілдіру секілді мәселелер көтерілді.

Наурыздағы Жолдаудың тағы бір ерекшелігі – еліміздің әкімшілік-аймақтық құрылымына қатысты енгізілген өзгерістер болды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Семей аймағында Абай облысын құруды ұсынды. Бұрынғы Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысын құру қажет екенін атап өтті. Үшіншіден, Алматы агломерациясына қатыс­ты түйткілдерді ескере отырып,  Алматы облысын  екіге бөлудің маңызына тоқталды. Осылайша, бұл өңірде  Жетісу және Алматы облыстары құрылды. Алматы облысының орталығы Қапшағай қаласына ауысып, шаһарға ұлты­мызға еңбек сіңірген қайраткер Дін­мұхамед Қонаевтың есімі берілді. Президент 4 мамырда жаңа об­лыстарды құру туралы Жар­лық­қа қол қойды. Құжат 8 маусым­да күшіне енді.

Сәуірде де саяси реформа заң­ды жалғасын тапты. Қазақстан хал­қы Ассамблеясының кезекті отыры­сында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгеріс енгізуді ұсынды. Осылай­ша, Ата Заңға өзгерістер мен толық­тырулар енгізу бойынша жалпы­халықтық референдум жарияланып, 5 маусымда тоғызыншы территория тағдыршешті кезеңді бастан өткерді. Референдумға халықтың 68,05 пайызы қатысып, 77,18 пайызы Ата Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды қолдады. Сөйтіп, Конституцияның 33 бабы өзгерді.

Әділетті Қазақстан құру­да­ғы маңызды қадамның бірі – Конс­титуциялық соттың құры­луы. Сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы заң қабыл­данып, омбудсменнің мәртебесі, құзыреті мен дербестік кепілдігі Конституциялық заң деңгейінде бекітілді. Бұдан бөлек, прокуратура органдарының қызметі алғаш рет Конституциялық заңмен реттелгенін айта кеткен абзал.

Сайлау жүйесіне де өзгеріс­тер енгізілді. Енді Мәжіліс пен облыстық мәслихат де­путат­тарының бір бөлігі, аудандық мәслихат депутаттарының бар­лығы бір мандатты округ бойынша сайланады. Соның нәтижесінде өкілді органдар шынайы халық билігі тармағына айналады. Бұдан бөлек, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері де сайланады. Бұл – ауыл әкім­дерін сайлаудың логикалық жал­ғасы әрі мемлекеттік басқару жүйесін демократияландыруға ұмтылыстың нақты айғағы.

Бұдан бөлек, саяси реформа аясында Президент өкілеттігі қысқартылды. Еліміздегі басты оқиғалардың бірі осы мәселеге қатысты. Қарашада Президент сайлауы өтіп, басым дауыспен Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жеткені белгілі. Халықаралық қоғамдастық сайлауды жоғары бағалап, демократиялық жолдағы үлкен бастама деп таныды. Ата Заңға енгізілген жаңа нормаға сәйкес мемлекет тізгінін ұстаған тұлға 7 жылға сайланады. Оның үстіне бір реттен артық Президент міндетін атқара алмайды. Бұл жаңашылдықты да халықаралық қоғамдастық жылы қабылдады.

Қыркүйекте еліміз үшін маңызды екі оқиға болды. Бірі – Мемлекет басшысының дәстүрлі жыл сайынғы Жолдауы, екіншісі – Әлемдік және дәстүрлі діндер съезі. Бұл жолғы Жолдауда ха­лық­­тың әл-ауқатын жақсартуға қатыс­ты көптеген ұсыныс айтылып, Үкіметке нақты тапсырма­лар берілді. Әділетті Қазақстан құру жолындағы бағыт-бағдар ай­қын­далды. Бұдан бөлек, «Қасіретті қаңтарға» қатысқандарға бір реттік ра­қым­шылық жасалды. Рақым­шылық жаппай тәртіп­сіздікті ұйымдастыруға қатысы бар адамдарға, сондай-ақ, мем­лекетке опасыздық жасаған және билікті күшпен басып алуға әрекеттенгендерге қолданыл­май­тыны түсінікті. Сондай-ақ лаңкестік және экстремистік қыл­мыс жасағандарға, рецидивис­терге, жұртты азаптағандарға ра­қым­шылық болмайды.

Ал күздің алғашқы айында Астанаға әлемнің түкпір-түкпірінен әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары жиналды. Іргелі жиынның нәтижесінде съездің Қорытынды декларация­сы жарияланды. «Пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің рөлі» тақырыбына арналған биылғы жиынның ауқымы үлкен болды. Іс-шараға әл-Азһар университеті мен мешітінің Жоғары имамы Ахмад ат-Тайеб, Рим Папасы Франциск секілді дінбасылардың Астанаға ат басын тіреуі іс-шараның маңызын арттыра түскені анық.

Елордада әл-Азһар мешітінің Жоғарғы имамы шейх Ахмад ат-Тайеб «Әзірет Сұлтан» меші­тін­де жұма намазға қатысып, уағыз айтты. Ал Рим Папасы Фран­циск ЭКСПО халықаралық көрме орта­лығының аумағында месса рәсімін өткізді. Содан кейін понти­фик сөз сөйлеп, Қазақ­станға әрі қарай да бауырластық пен түсініс­тікте өмір сүруді тілеп, өз тарихын қадірлеп-қастерлеуге шақырды.

Биылғы жылдың тағы бір жа­ғымды жаңалығы – Ұлттық құ­рыл­тайдың құрылуы. Оған елімізге бел­гілі азаматтар енді. Атап айт­қанда, ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов, тұңғыш ға­рыш­кер Тоқтар Әубәкіров, мем­ле­кет және қоғам қайраткері Әли­хан Байменов, журналист, оппози­циялық «Дат» газетінің редакторы Ермұрат Бапи секілді азаматтар Ұлттық құрылтай мүшесі атанды.

Ұлттық құрылтайдың алғашқы жиынында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қазан – Рес­публика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Пар­ламент палаталары тиісті құжат­ты қабылдап, жаңа мереке белгі­ленді.

«Елдің тарихи жадын жаңғырту үшін  үйлесімді саясаттың болуы ерекше маңызды. Осы орайда, біз ел дамуының жаңа басым­дық­тарын белгілеп алуымыз керек. Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын», деген еді Қ.Тоқаев Ұлттық құрылтайдың отырысында.

Қыркүйекте Парламенттің бірлескен отырысында елорданың бұрынғы атауы қайтарылып, шаһар қайтадан Астана деп аталды. «Әді­летті Қазақстан» депутаттық тобы елорданың бұрынғы атауын қайтару бойынша бастама көтеріп, Парламент палаталарының бірлескен отырысында бұл мәселе жан-жақты талқыланып, қажетті құжат қабылданды.

2022 жыл жаңа партиялар үшін де табысты болды. Қазіргі таңда елімізде тіркелген партиялар саны «Байтақ» қазақстандық жасылдар партиясымен толықты. Саяси партиялар туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуіне байланысты партияларды құру тәртібі оңайлатылды. Мәселен, азаматтардың бастамашыл тобының ең аз саны 700 адамға дейін қысқарды. Құрылтай съезін өткізу мерзімі 3 айға дейін ұзартылды. Тіркеу шегі 5 мың партия мүшесіне дейін төмендетілді. Өңірлік өкілдіктердің ең аз саны 200 адамға дейін азайды. Партия филиалдарын (өкілдіктерін) қалыптастыру мерзімі 1 жылға дейін ұлғайтылды.

Биылғы жыл Қазақ елі үшін ауыр басталғанымен, үмітті үкіле­ген жыл болды деп айтуға негіз бар. Қаңтар қасіретінен кейін қа­былданған саяси және экономи­калық реформалар халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмысын жақсартуға жол ашып,  болашаққа деген сенімді бекіте түсті. Ендеше, биылғы қабылданған реформалар елдік мәселенің шешілуіне ұйытқы болып, дамуға бастау болатынына сенім ұялатып отыр. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» осы сенім үдесінен шығады деген ниеттеміз.