• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Саясат 30 Желтоқсан, 2022

Қаржылық тұрақтылыққа кепіл заң

215 рет
көрсетілді

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар Конституциялық соттың судьяларын қызметке тағайындады. Бірқатар заң жобасы қабылданды.

Палата депутаттарының дауыс беруі нәтижесінде Ерлан Сәрсембаев, Асан Ескендіров жә­не Айгүл Қыдырбаева Қазақ­стан Республикасы Консти­ту­циялық Сотының судьялары болып тағайындалды.

Отырыс барысында се­на­тор­лар «Қазақстан Республи­касы азамат­тарының төлем қабілет­тілігін қалпы­на келтіру және бан­кроттығы туралы» және оған ілеспе «Қазақ­стан Рес­пуб­ликасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодек­сіне Қазақстан Республикасы азамат­тары­ның төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және бан­крот­тығы мәселелері бойынша өзге­рістер мен толықтырулар енгі­зу туралы», сондай-ақ «Қазақ­стан Республикасының кейбір заң­намалық актілеріне Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын қабылдады.

Қаржы вице-министрі Ер­жан Біржановтың айтуынша, халық­аралық тәжірибені ескере отырып, рәсімдердің 3 түрін енгізу ұсынылып отыр. Барлық үш рәсімді тек борышкер ғана бастайды, яғни несие беруші немесе өзге кредитор борышкерге қатысты бұл рәсімдерді қолдануға құқығы жоқ. Біріншіден, соттан тыс банкроттық рәсімі аясында 1 600 айлық есептік көрсеткішке дейін қарызы бар адамдар қамтылады. Бірақ бірнеше шарт ескерілуі керек. Осы орайда банк­тер, микроқаржы ұйымдары, кол­лек­торлық агенттіктер алдындағы берешек 1 600 АЕК сомасынан аспауы тиіс. Соттан тыс банкроттық рәсімдері «Элек­трондық үкімет» веб-пор­талы арқылы іске асырылады. Екінші рәсім аясында 4,9 миллион теңгеден асатын қарыздар бойынша және басқа да берешек түрлері бойынша азаматтар сот банкроттығына жүгіне алады.

«Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты боса, онда кредитор оны қайтарып алуға құқылы. Жалғыз баспана кепіл болмаса, кредиторлар оны талап ете алмайды», деді вице-министр.

Үшінші рәсім төлем қабі­лет­тілігін қалпына келтіруге қатыс­ты. Онда тұрақты табыс болған жағдайда, қарызды төлеу үшін (5 жылға дейін) сот тәртібімен бөліп төлеу жоспарын алу мүм­кін­дігі қарастырылған. Сауық­­тыру жоспары қаржы баcқа­ру­шымен бірлесіп әзірленіп, сот­пен бекітіледі. Бұл проце­ду­ра­ның артықшылығы, кейін адам «банкрот» деген мәртебесін алмайды, сондықтан банкрот үшін көзделген салдар оған қолданылмайды.

Жеке тұлға банкрот деп та­ныл­­ғаннан кейін 5 жылға несие алу шектеледі. 7 жылдан кейін ғана банк­роттыққа қай­та жүгіне алады. Сон­дай-ақ 3 жыл бойы адамның қаржы­лық жағ­дайына мониторинг жүргізіледі.

Сенат төрағасы атап өткен­дей, заңдар Мемлекет басшы­сы­ның тапсырмасы бойынша қа­был­данды және олар осы бағыт­тағы мәселелерді заңнамалық тұрғыдан шешуге арналған.

«Заңда борышкер мен кре­ди­тордың құқықтары мен міндет­тері, уәкілетті орган мен қаржы басқарушысының өкілеттіктері нақты белгіленеді. Қабылданған заңдар халықтың борыш жүк­те­месінің төмендеуіне және қар­жы­лық тұрақтылықты нығай­туға оң ықпалын тигізеді деп се­неміз», деді Мәулен Әшім­баев.

Сонымен қатар депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және мемлекеттік қорғауға жататын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдады. Құжатта қар­жылық бақылау тетігі ретінде сыбайлас жемқор­лыққа қарсы шараны едәуір кү­шей­ту ұсынылған. Бұл қадам мемле­кет­тік қызметшілер мен оларға теңес­ті­рілген адамдардың, олар­дың жұбайларының кірістері мен шығыстарына толық тал­дау жүргізуге мүмкіндік береді. 2027 жылдан бастап мұн­дай адамдарға мемлекеттік қыз­мет­ші теріс себептермен жұмыстан шығарылғанға дейін әкімшілік жауапкершілік көзделетін болады. Сондай-ақ осындай себептер бойынша жұмыстан босатылған мемлекеттік қызметші үш жыл бойы мемлекеттік, оның ішінде құқық қорғау органдарында қызмет атқара алмайды.

Палата отырысында «Қазақ­стан Республикасының кейбір заң­намалық актілеріне қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бо­йынша өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу туралы» заң да қабылданды. Бұл заң тазы және төбет тұқымдарын сақтауға арналған. Соған байланысты осы құжат арқылы тиісті салада жұмыстарды жүзеге асырудың құқықтық, ұйымдастырушылық және экономикалық негіздері белгіленеді, сондай-ақ уәкілетті органның құзыреті бекітіледі.

Сенаторлар экологиялық бұзушылықтар үшін жауап­кер­шілікті күшейтуді, оның ішінде заңсыз шөп шабу және мал жаю, орман фаунасын жою немесе бүлдіру, орманды қалдықтармен, химиялық заттар­мен бүлдіру және басқа да тәр­тіпті бұзушылықтар үшін айып­пұл санкцияларын ұлғай­туды көздейтін Қылмыстық, Қыл­мыстық-процестік кодекстер мен әкімшілік құқық бұзу­шылық туралы кодекске түзетулер енгізу мәселесін қарады. Талқылау нәтижесінде «Қазақстан Республикасының Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстеріне эколо­гиялық құқық бұзушылықтар және вандализм көріністері үшін жауаптылықты күшейту мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Рес­пуб­ликасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодек­сіне экологиялық құқық бұзушы­лықтар және вандализм көрі­ністері үшін әкімшілік жауап­ты­лықты күшейту мәселелері бо­йынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заңдар қабылданды.

Сондай-ақ отырыс кезінде сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.

Бақытжан Байахметов электр энергиясы бағасының өсуі­не байланысты проблеманы кө­терді және елдегі энер­ге­тика­лық кешенді дамыту шараларын ұсынды. Одан бөлек, депутат Энер­гетика министрлігіне қуа­ты аз қазандықтарды бақы­лау құ­қығын беру арқылы бұл сала­ны күшейту қажет екенін айтты.

Рысқали Әбдікеров Үкі­мет­ті қант диабетімен күрес жөнін­дегі ұлттық бағдарлама әзір­леуге және эндокринолог-дәрі­герлердің тапшылығы мәселесін шешуге шақырды.

Әли Бектаев Қостанай облы­сының Торғай өңірінде пойыз­дар мен теміржолдардың әбден тозғанын назарға алып, инфрақұрылымның ескі­руі­не және саланың сын көтер­мей­тініне алаңдаушылық білдірді.

Айта кетейік, бұл – Сенат­тың биылғы қорытынды отырысы. Осыған орай Мәулен Әшім­баев Палатаның бір жыл­дық жұмысын түйіндеп, негізгі нәтижелерге тоқталды. Сенат төрағасы өз сөзінде Палата жұмысындағы негізгі басымдықтардың бірі Мемлекет басшысының бастамаларын заңнамалық тұрғыдан қолдау екенін айтты.

«Биыл Парламент 86 заң қабылдады, оның 13-іне депутат­тар бастамашы болды. Қа­был­данған заңдар еліміздің саяси және орнықты әлеуметтік-эко­но­микалық дамуын қамта­масыз етуді көздейді. Заң шы­ғару кезінде әрбір заң жобасы Се­наттың тұрақты комитет­терінде жан-жақты талқыланды. Халықтың пікірі мен көпшіліктің үні ескеріліп отырды. Конс­ти­туцияға, соның негізінде бір­қатар конституциялық заңдар мен заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Конституциялық Сот, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Прокуратура туралы конс­титуциялық заңдар қабыл­данды. Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің, Парла­мент­тің және Үкіметтің құқықтық жағ­дайын белгілейтін консти­туциялық заңдарға да өзгерістер енгізілді», деді Сенат спикері.

Палата төрағасы Сенаттың тұрақты Комитеттері заң шы­ғару қызметімен қатар жыл бойы бірқатар маңызды іс-шара өткізгенін де тілге тиек етті.

«Сенат қабырғасында «Жаңа Қазақстан: Жастар және жаң­ғырту» тақырыбында парла­менттік тыңдау өткізілді. Биыл 4 үкімет сағаты ұйым­дас­тырылды. Онда бюджетаралық қаты­нас­тарды жетілдіру, өңірлерді газдандыру, тұрғын үй құры­лысын дамыту, денсау­лық сақтау жүйесінің қолжетім­ділігі мен тиімділігін арттыру мәселелері қаралды. Комитеттер 50-ге жуық көшпелі отырыстар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырды. Әріптестеріміз өңірлерде, оның ішінде шал­ғай ауылдарда жергілікті тұр­ғындармен 650-ге жуық кездесу өткізді. Сонымен қатар биыл сенаторлар 149 депутаттық сауал жолдады», деп қорытындылады М.Әшімбаев.