Жылқышының баласына немесе жылқышыға өмір аттың үстінен, жылқының құлағынан басталады. «С.Сейфуллиннің «Тау ішінде» әні аяңшыл аттың жүрісін еске салады» дегенін бір емес, бірнеше есті адамнан естігем. Қазіргі мотоцикл мінген жылқышылар түсінбеуі мүмкін, негізі аттың үсті, оның елеңдеген құлағы – небір дүниенің көзін ашады. Жүрегі бар адамды табиғи тепе-теңдікке (үйлесім), есті арнаға түсірмей қоймайды. Жол жорғасы бар желісті атқа тақымың бір тиді екен, толқытып ала жөнеледі. Бәлкім сіз бұрын олай толқып та көрмедіңіз? Ал елеңдеген құлағы айналадағы әртүрлі құбылысты аңдатқыш сезім нүктесі секілді... Мұны әріде тамырынан тартып жеткізуші Асқар Сүлейменов болса, беріде ақын Ғалым Жайлыбайдың өлеңдерінен аңғарамыз.
Өлең толқып ала жөнеледі немесе толқытып әкете барады. Кәдімгі қазақ сахарасында Ардакүрең атқа тақымың тигендей қалқып ап кетесің. Бір кезде ақ шуағы сағым есіп бұлдыраған даланың төбесінен бозторғай сайрап, тұяқ астынан тысырлап шөп сөйлейді. Ана жерден боз қараған майысып, мына жерден тобылғы шешек жарады немесе мүлде керісінше сурет өреді көз алдыңнан. Өйткені жапырағы желге ұшып, жасыл шөбі мен гүлі тоналған қара тақырға тап бол – мейлі. Бастысы сен аттың үстінде жарты әлемді игеріп келе жатасың. Бұған дейін «Ардакүрең», «Тобылғыжарған», тағы басқа өлең кітаптары «Ай таңбалы арғымаққа» жалғасқан Ғалым Жайлыбай жырларының бір қасиеті, ішінде осындай ғаламаттар жүзіп жүреді. Көктемде бүршік жара гүлдеп тұрған, жазда толысып, көкорай шалғынға айналған, күзде жасылы қайтқанымен, нәрін бойына сақтап пісіп жетілген, қыста сақылдаған сары аяздың өзінде күнмен шағылысып, аспанмен тұтасып кеткен қазақтың қоңыр даласының қасиеті. Және бұл – ақын өлеңдерінің жалғыз-ақ қасиеті, бүкіл емес. Бірақ осы жалғыз-ақ қасиетке бүкіл ұлттың болмысы сыйып тұрған жоқ па?! Оны әркім өзі бағамдап алады. Біз аттың жүрісі арқылы шет жағасын ғана иіскетіп өткендей болдық оқырманға. Ал анығында, Ғалым Жайлыбайдың «Ай таңбалы арғымақ» кітабының биыл Абай атындағы мемлекеттік сыйлықты иеленуі – қазақ қара өлеңінің жеңісі десек, артық айтқандық емес. Етек-жеңі кең пішілген, сырты қоңырқай көрінгенімен, іші алтын ердің қасындай немесе алтын-күміске бай даладай қара өлеңнің бұл буыннан соңғы тағдыры не боларын кім білген?..
Аталған кітап туралы биыл көп жазылды. Айтылып та бақты. Біз басынан бастап тағы парақтап шыққанда басымыздан кешірген күй әлгіндей. Арқаның алты ай қысында мінсең мойымайтын арда күрең аттың жүрісін шығарып, желе-жортып кеткендей. Сөйте-сөйте қазақ даласының бар қасиетін бойыңнан өткересің. Көлікпен кезсең ондай сыйдан мақұрым қаларың анық. Жүре-жүре Арқаның бір қиыры Бетпаққа тірелесің. Ақынның бірнеше өлеңіне арқау болып, қыр-сырына қаныққан Бетпақдаладан тама жұртының көшкен ізіне, үйілген адам бастарына ұшырасқанда, ішің удай ашып, көз жасыңа ерік бересің. Қобыздың шанағынан күй емес – у, зар-запыран төгіледі. «Тамакөшкен» поэмасы: «Дүние алай-түлей, астаң-кестең, Бұл қазақ сан тағдырды бастан кешкен. Баяны жоқ ғұмырда байыз таппай, астаң-кестең тірліктен қашқан, көшкен...», – деп басталады. 1932 жылы аштан қырыла бастаған, аман қалғаны жан сауғалай шұбыра жөнелгендегі картина көз алдыңа тұра қалады. «Алыс па ең, Арқа менен Шу арасы, Қан ішкен мың тоғыз жүз отыз екі» деп нәубет кенеттен басталғанда, шыбын жаның шырқырап қоя береді. «Тамакөшкен» ақынның бұған дейін жарық көрген «Қара орамал» поэмасының жалғасы секілді. Екі шоқтықты туынды қазақ даласын қансыратып кеткен азалы тарихтың тұтас көрінісін елестетеді.
«Арып-ашқан ел 1932 жылы қарашаның 24 жұлдызында Әулиеатаны бетке алып босты. Аштықтан, жұттан қырылған елдің Шабақты өзенінің бойына, Байқадамға жеткені 500-дей түтін ғана. Ал Сарысу өзені бойынан кеткен ел екі жарым мыңнан аса шаңырақ болатын» делінеді. Поэманы парақтағанда осы қасірет пен азаның сарыны жырдың күйі болып құлаққа келеді. «Жырдан аштықта қырылған қазақтың қасіретті көз жасы көлдей боп төгіліп, Сәкендердің өзегінде кеткен өкініш пен өксік көкіректі сыздатады. Ыршыған шумақтарының әр жолынан Сайдалы Сары Тоқаның мұңды сарыны еседі» дейтіні сондықтан болса керек Серік Ақсұңқарұлының.
Адам ашыққанда бойынан күш кеткені былай тұрсын, кісі танудан қалады. Есі ауысқанның әрекетін жасай бастайтынын бұрын да естігенбіз. Сондай көріністер жырда да көрініс тауып отырады. «Тамакөшкенде» Айман атты жесір әйелдің жалғыз ұлы Нәсір жолда ауыра бастайды. Оны байқаған адамжегішке айналған аш-арықтар жесірді тұс-тұсынан торуылдайды.
«Татығаны-ай сол күні ғалам кермек,
Енді қандай бұл Айман амал көрмек?
...Бір құбыжық таянды түске қарай –
Мына бала ауырған, маған бер, – деп.
Сол бір күнді атқан жоқ қарғыс әлі,
Айман сорлы қападан қан құсады.
...Екеуінің соңына ілесіп ап –
Адамжегіш аш-арық аңдысады.
Тұла бойын адамның түршіктіріп,
Сәл аялдап, содан соң ыршып тұрып.
Жалғыз ұлы Нәсірін Айман сонда
Қарасуға батырды тұншықтырып.
Жапалаққа айтады жар, құз әнін,
Жел естіді Ананың таңғы зарын.
Содан бері Айманның дерегі жоқ –
Мен де жырға қоспаймын
арғы жағын...»
Қазақ даласында қолдан жасалған ашаршылықтың азасын жалғыз-ақ осы жесірдің басындағы халден тануға болады. Бұл – поэманың бір бөлімі емес, бөлімдерінің ішіндегі қысқа ғана үзінді. Бірақ мұның өзі ашаршылық қасіретін ашып тұрған тұтас картинаның салмағынан хабар берсе керек.
Ғалым Жайлыбайдың жалғыз-ақ өлеңінің желісін талдап кезінде бір мақала жазып шыққанбыз. «Сүт беріңдер» деген. Ол да осы Бетпақтың бір ұшындағы оқиға. Анасынан көз жазып қалған бөкеннің құралайын асырап алған бала ақын кейін оны қырға қоя береді. Соңын «Сүт беріңдер, тірілер, бір-біріңе, еріндерің кезеріп кетпеу үшін» деп аяқтайды. Қазақ та сондай халық. Қасиетінен айырылып қала жаздаған. Оны қайтару үшін осындай өлеңдер керек.