Сенат депутаттары Алматы қаласы Мәслихатының депутаттарымен кездесу өткізіп, елімізде жүргізіліп жатқан кешенді демократиялық реформалар мен Қазақстанның саяси жүйесін қайта жаңғыртуды талқылады.
Кездесу барысында депутаттар Президенттің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына жан-жақты тоқталды. Жоспар шеңберінде Мәслихат тарапынан депутаттық корпустың белсенді және ашық жұмысын қамтамасыз ету үшін барлық күш-жігерін жұмсап, қала тұрғындарының сұраныстары мен уақыт талаптарын ескере отырып, бірқатар инновация енгізеді.
Мәслихат төрағасы Станислав Канкуров Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мемлекеттік саясатты іске асыру, бюджет қаражатын тиімді жұмсалуын бақылау және қалалық бағдарламаларды орындауды қамтамасыз ету, азаматтардың ұсыныстарын қарастыру және проблемаларын шешу, қаланың жүйелік проблемаларын жою жөнінде ұсыныстар әзірлеу, мегаполисті одан әрі дамыту жөнінде бастамалар дайындау Мәслихат жұмысындағы басты басымдықтар болып табылатынын атап өтті.
Сондай-ақ іс-шара барысында Алматы қаласының бірқатар экономикалық, әлеуметтік және экологиялық проблемасы талқыланды. Мәслихат депутаттары Сенат депутаттарына ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бұқаралық спортты дамыту, дәрілік препараттарға бағаны төмендету, ақыл-есі кем балаларға мүгедектік тағайындау тетігін қайта қарау, шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламасы туралы мәселелерді шешуде қолдау көрсету туралы өтінішпен жүгінді.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылғы 22 желтоқсанда Парламент Сенатының жалпы отырысында депутаттар «Агломерацияларды дамыту туралы» заңын, сондай-ақ оған ілеспе түзетулер пакетін қабылдап, Президентке қол қоюға жолдаған болатын. Жаңа 2023 жылдың 1 қаңтарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Агломерацияларды дамыту туралы» заңға қол қойды. Осыған байланысты депутаттар еліміздегі ірі Алматы агломерациясын дамыту үшін Сенат пен Мәслихат депутаттарының күш-жігерін біріктірудің маңыздылығын атап өтті.