Шәкәрім – өткен ғасырдағы ең құпия, ең тылсым есім. Ұлтын ағарту жолында адамдық борыш үшін күрескен қайраткер тұлғаның поэмалары ойлы оқырманның алтын қазынасына айналды. «Астана Опера» театрында ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының поэмасы желісі бойынша жазылған «Қалқаман – Мамыр» ұлттық опера-балетінің премьерасы өтті. Композитор Балнұр Қыдырбектің музыкасымен әрленген қойылым 28-29 желтоқсанда көрерменге жол тартты. «Қалқаман-Мамыр» опера-балетінің қоюшы дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин болса, қоюшы режиссер – Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Ресейдің Халық әртісі Юрий Александров.
– Мен опера спектакльдерінің түрлі вариацияларын қойдым, алайда опера-балетті ешқашан қойып көрмеппін. Бұлар үнемі маған өнердің мүлде үйлеспейтін түрлері секілді көрінетін. Интермедия түрінде операдағы балеттік нөмір – бұл қалыпты құбылыс, бірақ балет шығарманың драматургиясына енгізілгенде жағдай басқаша болады... Бұл тапсырманы орындау мүмкін еместей көрінді. Дегенмен жұмыс барысында менің ойыма шынайы өмірдегі Қалқаман мен Мамырдың қасында олардың жандары жүрсе қалай болар еді деген идея келді. Бұл тылсым жаратылыстар өздеріне балеттік жүктемені алып, осылайша шынайы әлемді рухани әлеммен байланыстырғандай болады. Кез келген музыкалық спектакльдің мақсаты осы болып табылады, яғни шынайы әлем бейнеленетін өзгеше ғалам жасауды көздейді. Егер ол қолынан келсе, әртістерге өнерін көрсетуге қызықты және көрермендердің назарын ұстап тұра алатын жаңа сахна кеңістігі пайда болады, – деді Юрий Александров.
Қойылымның қоюшы хореографы көпке белгілі Надежда Калинина баспасөз жиынында жұмыс барысының қалтарыс-бұлтарысы жөнінде айтып өтті. Хордың әдемі дыбысталуына бас хормейстер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов ықпал етті. Ал сценограф және костюмдер бойынша суретші ретінде ұзақ жыл шығармашылық үйлесімділікте жұмыс істеп келе жатқан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Софья Тасмағамбетова мен Павел Драгунов тер төкті. Жарық бойынша суретші – Сергей Шевченко, ал бейнепроекциялар бойынша суретші – Павел Суворов.
«Астана опера» театрында өткен қойылымның премьерасына көрермен тұс-тұстан ағылды. Зал лық толып, театрдың үш қабатынан самсаған халық қойылымды жоғары қошеметпен қарсы алды. Сахнадағы Қалқаман мен Мамыр, Әнет баба көрінісі шынайы бейнеленген. Сахна көрінісі қазақтың алуан табиғатымен безендіріліп, қос ғашықтың махаббат хикаясы шебер үйлестірілген.
Композитор Балнұр Қыдырбек қойылым жөнінде айта келе, тарих қойнауына көз жүгіртті.
– Мен бұл шығармаға бірінші келген кезде қазақ әдебиетінде Шәкәрім деген есім жоқ болатын. Ақын репрессияға ұшырап, есімі жабық күйінде сақталды. Оның шығармалары жөнінде ешкім ауыз ашпайтын. «Қалқаман Мамыр» қойылымы жайлы идея шыққан кезде Кәукен Кенжетаев ойыма оралды. Кәукен аға поэманы жатқа оқитын. Сонау отызыншы жылдары, жас кезінде оқып жаттап алған екен. Ал қойылымды сахнаға шығарарда қиялымыздан қосқан тұстарымыз да бар, бірақ барынша түпнұсқаны сақтауға тырыстық, – деді композитор.
Болашақта «Қалқаман Мамыр» секілді сирек жанрдағы премьерлар көрерменге жол тартса, көреременнің кеудесін құндылыққа толтырары сөзсіз.