ЭКСПО шежіресі: Антверпен, 1930 жыл
1930 жылы Бельгия өз тәуелсіздігінің 100 жылдығын атап өтті. Осы айтулы датаның құрметіне король І Альберт ерекше есте қалатын шаралар өткізуге шешім қабылдады. Осы мақсатпен ол 1930 жылы Бельгияда қатарынан екі – Льеж және Антверпен қалаларында Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесін өткізуге жарлық берді. Бүкіләлемдік жетістіктер көрмелерінің ғасырлар қойнауынан сыр шерткен шежіресінде Бельгияның Антверпен қаласында өткізілген көрме ерекше есте қалған. Халықаралық ауқымды шараны өткізуді қолға алған бельгиялықтар Антверпен қаласын тегін таңдаған жоқ. Антверпен Еуропадағы ауқымы мен маңызы жағынан екінші портты қала болып саналды. Ірі жолаушылар лайнерлерін қабылдауға әлеуеті зор айлақ туристерге өте қолайлы еді. Оның үстіне бұдан 10 жыл бұрын бұл қалада әлемдік айтулы оқиға – жазғы Олимпиадалық ойындар өткізілген болатын. Тағы бір ерекше атап өтетін жайт, сол кезеңде Антверпен қаласы жер шарында өндірілген бүкіл алмастың жартысынан астамы саудаға түсетін «алмас астанасы» атанған болатын. Алмас астанасына төрткүл дүниенің төрт бұрышынан қалталы бай-манаптар үздіксіз ағылып жататын. Бұл дәстүр күні бүгінге дейін өз мәнін жоғалта қойған жоқ. Сондықтан 1930 жылы Бельгия тәуелсіздігінің 100 жылдығы құрметіне өткізілетін Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесіне бұдан қолайлы орталық табу мүмкін де емес еді. Негізінен ғылым мен өнеркәсіп жетістіктеріне арналған Льеж қаласындағы Халықаралық көрмеден Антверпен қаласында өткізілген көрменің басты ерекшелігі – оның тақырыбында еді. Антверпен көрмесінің негізгі тақырыбы – теңіз жетістіктеріне арналды. Сонымен қатар бұл көрмеде Бельгия мемлекетінің аграрлық саласы қол жеткізген озық технологиялар мен жетістіктер молынан көрініс тапты. Мәселен, көрме шеңберінде өткізілген ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері көпшіліктің көңілінен шықты. Көкөніс және гүл жәрмеңкелері, бал аралары мен асылтұқымды малдарға арналған жәрмеңкелер ақиқатында ауқымы жағынан әлемдік оқиғалар қатарына қосылды. Антверпендегі Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесінің жалауы 26 сәуірде көтерілді. Халықаралық шараның тақырыбына сай безендірілген портты қала адам танымастай құлпырып кетті. Көрмені ұйымдастырушылар осы оқиғаға орайластыра салған субұрқақтары мен гүлзарлар қала көркіне сән қосты. Қаланың барлық алаңдары мен демалыс аумақтарында көрмеге қатысушыларға арналған мәдени-бұқаралық шаралар өткізілді. Көрменің тақырыбына сәйкес теңіз флотының және теңізшілердің сол заманғы жетістіктері кеңінен паш етілді. Бельгия Корольдігі Теңіз академиясының ұйымдастыруымен бұл мемлекеттің теңіз флоты саласында қол жеткізген жетістіктері көптеген тарихи құжаттар және арнайы жабдықталған сөрелердегі жәдігерлер арқылы кеңінен таныстырылды. Көрмеде Бельгия мемлекетінің судан құтқару саласында қол жеткізген озық технологиялары барынша көрініс тапты. Көрме қалашығында арнайы жабдықталған құтқару стансасы қызмет көрсетті. Теңіз жағалауындағы құтқарушылардың арнайы жабдықталған орындарында судан құтқару кезінде пайдаланатын жабдықтар кеңінен назарға ұсынылды. Сонымен бірге көрме шаралары аясында өткізілген байқауға бельгиялық балықшылар пайдаланатын кемелер мен қайықтардың неше түрі қойылды. Антверпендегі ЭКСПО-1930 шарасына Австрия, Бразилия, Ұлыбритания, Канада, Дания, Испания, Франция, Италия, Венгрия, Жапония, Латвия, Марокко, Норвегия, Нидерланд, Персия, Польша, Португалия, Финляндия, Люксембург мемлекеттері және 30-дан астам әлемнің ең үлкен теңіз компаниялары қатысты. Сол кезеңде әлемге айрықша танылған Minerva Motors фирмасы көрмеге қатысушы осы елдерге «Фиат» автомобилінің ең озық жабдықтарын ұсынды. Сонымен бірге бұл фирма жоғарыда аталған елдерге өздері шығаратын 40 орындық жаңа автобустарды жөнелтетін болды. Pretrofina концерні Бельгия – Франция ынтымақтастығы аясында мұнай өндіру саласында қол жеткізілген ұзақ жылдардағы табыстарын көпшілік назарына ұсынды. Pretrofina концерні мұнай өндіру саласында геологиялық барлаудан қайта өңдеу арқылы мұнайдан өндірілетін өнімдердің барлық түрін шығаруға қол жеткізген болатын. Антверпен көрмесіне қатысушы елдер арасында Ұлыбританияның жәдігерлері көрмені тамашалаушылардың жоғары бағасын алды. Дүниежүзіндегі ең ірі теңіз державасы болып табылатын Британияның жәдігерлері шындығында да бұл бағаға толық лайық еді. Теңіз тақырыбына арналған павильондарға орналастырған бұл елдің жәдігерлері көлемі жағынан барлық елдердің көрмеге қойған заттарынан асып түсті. Көрме қорытындысында қонақтардың жазған лебіздері том-том кітаптарды құрады. Бүкіләлемдік көрмелер шежіресінде Антверпенде өткен ЭКСПО-1930 өзінің мазмұны мен ұйымдастырушылық сапасы жағынан айтулы шаралардың қатарына қосылды. Осы көрмеде қол жеткізілген келісімдер нәтижесінде әлемнің көптеген елдері арасындағы сауда және достық қарым-қатынастар нығая түсті. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».
•
10 Маусым, 2014
«Алмас астанасындағы» айтулы оқиға
377 рет
көрсетілді