• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 09 Қаңтар, 2023

Бодлер дәуірі

224 рет
көрсетілді

Бодлер... Ол дәуір тудырған данышпан ойдың ағыны, шеңберге сыймас ғасырдың бұла перзенті. Күнделігінде болашаққа тіл қатып, «Сіздер мені сүю арқылы Сұлулыққа қызмет етулеріңіз үшін, мен барлық қағидаттардан тыс ойлаймын...», деген ой қалдырады. Бодлер дүниенің құбыжық жауыздығы мен асқан сұлулығын қатар көре білді. Ол «қайыршылықтан, аурудан, мелонхолиядан арылудың жалғыз жолы ізденіске деген ынта», деп есептеді. Бар күшін салып мүшесі талғанша оқу мен жазуды әдет етті. 1957 жылы шыққан «Зұлымдық гүлдері» кітабы адамгершілік қағидаттарға жат деп танылып, басып шығаруға тыйым салынды. Білімсіз діндарлар мен ессіз тобырды, тән үшін тағат тапқан, тереңді білмес жатыпішер пенделерді қатаң сынға алды. Бүгінгі әңгіме ақынның «Париждік сплин», прозамен жазылған өлеңдері хақында болмақ.

«Париждік сплинде» Бодлердің кең дүниетанымы, жалғандыққа төз­бес қайсар, қыршаңқы мінезі, өмір қора­бынан тыс шығуға құмарлығы танылады. «Масайраңыз» атты өлеңге үңі­лелік. «Әрқашан масайрап жүру қажет. Масаңдықта бәрі бар, бәрі осында жатыр. Иығыңнан басып жерге еңкейтер уақыттың ауыр жүгін сезінбеу үшін қашан да масайрап жүру керек. Бірақ немен? Шараппен, поэзиямен немесе ізгілікпен, қайбірін қаласаңыз сонымен масайраңыз. Егер абайсызда қамалдың баспалдақтарында, алқаптың жасыл шөбінде, жеке жатын бөлмеңіздің кереуетінде кенет мастығыңыз тарқап оянар болсаңыз, желден, толқыннан, жұлдыздан, құстардан, қабырға саға­тынан, жылағаннан, тербелгеннен, ән шыр­қағаннан, сөйлеген кісіден сағат­тың қанша екенін сұраңыз. Сосын жел де, толқын да, жұлдыз да, құс та, қа­бырға сағаты да сізге жауап қата­ды: «Масайрайтын кез жетті! Жәбір­леуші уақыттың құлы болмау үшін масайраңыз, соңына дейін масайраңыз! Шараппен, поэзиямен немесе ізгілікпен, қайсыбірімен болсын масайраңыз!».

 Бодлер әр адам өз күрегімен, қолға алған ісімен масайрауға тиіс деді. Және мастықтан айығуды уақыттың езгісіне тап болу деп түсінді. Ал «Жалғыздық» атты өлеңінде жеке оңашалығына қа­шып, «трибунадан уағыз айтудан рахат алатын сөзқұмар мылжыңдарды» шенейді. Бойын таразылап, шұңғыма ойға батуға ынта салуға тиіс, өзін тану үшін жаралған пенделердің уақыт өте келе бәрін ұмыту үшін жай ғана тобыр ішіне күмп етуді қолай көретініне шамырқанады.

«Біздің арамызда ең қорқынышты азаптаудың өзіне мардымсыз жиір­кенішпен келісетін адамдар кездеседі, оларға алдымен баспалдақтың жоғарғы жағынан кереметтей сөйлеуге рұқсат етілсе, Сантерра барабандары сөзінің ортасында тоқтатады деп қорықпаса болғаны. Шынында, оларды аяймын, шешендік сөздер әрбіріне басқалар үнсіздік пен ұстамдылықтан алатын бақыт сыйлайтынын түсінемін; мен оларды жай ғана жек көремін. Ал мына қарғыс атқыр газетші өз жалғыздығым­да жұбануға кедергі келтірмесе екен. «Шы­нында сіз қуанышыңызды өзге­лер­мен бөлісу қажеттілігін сезінбейсіз бе?» – дейді ол сұмпайы үнмен. Бұл қандай алаяқ суайттық! Оның сөздерін жек көріп тұрғанымды білсе де, бұл ақымақ мені құртуды көздейді! Лаб­рюйер, өз жалғыздығына төзімділік таныт­пай, тобыр ішінде бәрін ұмытуды қалайтындарды ұялту үшін бірде «кім жалғыз қала алмаса, оған ұлы бақыт­сыздық орнайды!» деді. «Біздің барлық бақытсыздығымыз бөлмеде жалғыз қала алмағандықтан болады», деді Паскаль, бос әбігерліктен безген құжырасында бұл пікірімен ол меніңше ақылсыздар бақытты қозғалыс пен жезөкшелік­тен іздейтінін айтқысы келді, біздің ғасыр­дың ғажайып тілімен айтар болсақ, мен мұны бауырлық деп айтар едім».

 Бодлер өмірі жұмбақ беттерге толы. Алты жасында әкесіз қалып, жыл өткен соң анасының әскери полков­никке тұрмысқа шыққанына жан-тәнімен күйінді, жүрегіне жарақат түсті. Он жылдан астам уақытын ағылшын ақыны Эдгар Поны аударуға арнады. Оқуға түскен Киелі Людовик атындағы колледжден нашар тәртібіне байланысты орта жолда шығып кетті. 1841 жылы өгей әке­сі шатақ қылықтарынан арылсын деген мақсатта Үндістанға саяхат жасауға жібереді. Алайда ақын Үндістанға жетпей, Реюньон аралынан кері қайтып, Францияға жаңа тыныспен оралады. Онан соң балерина Жанна Дювальға ғашық болып, отбасымен таныстырады. Бірақ ата-анасы Жаннаны қабылдаған жоқ, ақыры ұрыс-керіс орнап, Бодлер өзін өлтіруге талпынады. Міне, бұл біз білетін ақын өмірінің үзік-үзік таспалары ғана.

«Көріксіз адам бөлмеге еніп, айнаға қарады.

– «Неге өз бейнеңізге телміресіз? Айна­дан көрген әлпетіңіз сізге қуаныш сыйламайды ғой» – дедім мен.

Асқан көріксіз адам жауап қатты: «Мырза, сексен тоғызыншы жылдың бұл­­жымас қағидаттарына сәйкес заң бо­йынша барлық адам тең, сондықтан өз бейнеме қарауға құқығым бар, ал ол маған жағымды ма, әлде жағымсыз ба бұл тек маған, менің арыма байла­нысты». Шын мәнінде сау ақыл тұрғысынан менікі күмәнсіз шындық, бірақ заң тұрғысы­нан шындық оның жағында». «Айна» атты қысқаша прозалық өлеңдегі оқиға адам мен заңның арасын айшықтай­ды. Расында, бәрі адам қолымен жасал­­ған заңға ғана бағынуы тиіс пе? Бодлер заң­ға көзсіз бағынған «жәшік адамдарды» осылайша сынға алып, шеңберден шығуға үндейді. Дүниеде барлық нәрсе толық ашылып, толық сөреге қатта­лып қойылмағанын, біз ойлаған өмір мен заңның сыртында да құпия сырлар мол екенін баян етеді.

Бодлер көзі тірісінде әдеби ортада мойындалған жоқ. Тіпті көз жұмғанда да елеусіз ғана жерленіп, қабіріне «Гене­рал Жак Пиканың өгей баласы, Каро­лина Аршанбо-Дефаидың ұлы. Париж­де 1867 жылы 31 тамызда, 46 жасында өмірден өтті» деп жазылған. Алайда бірінші, Екінші дүниежүзілік соғыстан соң адамзат ой-санасы күрт өзгеріп, Бодлер қолдан-қолға өтіп оқыла бас­тады. Өмір тек ізгіліктен, романтикадан тұр­май­тынын, кейде зұлымдық та ізгілікке қыз­мет ететінін түсінген оқырман санаты ақынды өзі сенген алыс болашаққа алып жүре берді.