• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Бокс 10 Қаңтар, 2023

Мырзағалимен бірге сенім келді

228 рет
көрсетілді

Өткен аптада бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері тағы да ауысты. Тағы да дейтініміз, осыдан бір жарым жыл бұрын ғана, Токиодағы тоқыраудан кейін Ғалым Кенжебаев қызметінен кетіп, оның орнына жасөспірімдер құрамасын ұзақ жыл жаттықтырған Қайрат Сәтжанов тағайындалған болатын. Енді, міне, төрт жылдың ішінде ұлттық құрамада үшінші рет бас бапкер ауысып отыр.

Биылдан бастап боксшыларды бұған дейін ұлттық құрамада он жылға жуық жат­тықтырған Мырзағали Айтжанов дайын­дайтын болды. 52 жастағы маман­ның алдындағы басты мақсат – мамыр айында Ташкентте алау­ы тұтанатын әлем чемпиона­тында, күз мезгіліндегі ең ма­­ңызды доданың бірі – Азия ойын­дарында сәтті өнер көрсету. Сондай-ақ 2024 жылғы Париж Олимпиадасында да алдыңғы додалардағы жетістікті қайталау, мүмкіндік болса, Сид­нейдегі нә­тижені жақсарту тапсырмасы қойылған.

Жалпы, Қазақстан ұлттық қ­ұра­масының тарихына көз жү­гіртер болсақ, бүгінге дейін ұлттық құрама тізгінін жеті бапкер ұстаған екен. Бір қызығы, солардың ішінде тек Қайрат Сәтжанов құраманы Олимпия ойындарына бастап бара алмады. Мәселен, Қазақстан бокс құра­масының тұңғыш бас бапкері болған Әбдісалан Нұрмаханов 1993-1997 жылдар аралығында бір Олимпиада, екі әлем чемпио­натына жігіттерді бас­тап барды. Кейіннен құрама тізгінін ұс­та­ған Тұрсынғали Еділов те өзіне бе­рілген бес жылдың ішінде Сидней Олимпиадасы мен үш әлем біріншілігіне боксшыларды баптады. Афиныда Ер­махан Ыбырайымов бас бапкер болса, Бейжің Олимпиадасы тұсында Дамир Буданбеков құраманы жат­тықтырды. Ал Лондон мен Рио­да Мырзағали Айтжанов, То­киодағы сәтсіздіктің тұ­сында Ға­лымбек Кенжебаев қызмет етті.

Жалпы осы бапкерлер арасында нәтиже көрсету жағынан Мырзағали Айтжановтың шоқ­тығы биік. Оның шәкірт­тері Олимпия ойындары мен төрт әлем біріншілігінде 27 жүлде олжалады. Әрине, бұл жерде өзге бапкерлерге қарағанда М.Айтжанов ұлттық құрамада ұзақ (9 жыл) уақыт еңбек еткенін ескеру керек.

Қазір қоғам арасында Мыр­зағали Айтжановтың басшылық қызметіне келуі қызу талқыланып жатыр. Бірінші тарап қазақ боксына бергенінен берері мол жаттықтырушыны тағайындау керек еді десе, екіншілері алдымызда Олимпиада дейтін маңызды жарыс келе жатқанда тәжірибелі маманның тізгінді ұстағаны дұрыс деп есептейді.

Осы тұста М.Айтжановтың 2009-2018 жылдар аралығында қол жеткізген нәтиже­леріне бір тоқталып өткенді жөн көріп отыр­­мыз. Мырзағали Құлан­ұлы­ның бас бапкер ретіндегі ал­ғашқы ірі жарысы 2010 жылы Қытайдың Гуанжоу қаласында ұйымдастырылған жазғы Азия ойындары болды. Ұлттық құ­раманың тәжірибелі боксшылар шоғыры қалыптасқан тұста жаман нәтиже көрсеткен жоқ. Атап айтар бол­­сақ, сол жолы Серік Сәпиев (69 кило) пен Данияр Елеусінов (64 кило) алтыннан алқа тақса, Біржан Жа­қыпов (49 кило), Иван Дычко (+91 кило), Данабек Сужанов (75 кило) жүл­­де­герлер қатарынан көрінді. Сөй­тіп жалпыкомандалық есепте үшін­ші орынды иеленді.

Араға екі жыл салып Ұлы­британия астанасы – Лондондағы Олимпия ойындарында жер­лестеріміз бір алтын, бір күміс және бір қола медальға ие болды. Азия және әлем чемпионатының екі дүркін жеңімпазы атанған Серік Сәпиев Тұманды Альбион­да да тұғырдың ең биік сатысынан көрінсе, Әділбек Ниязым­бетов күміс жүлдені мойнына ілді. Аса ауыр салмақтағы Иван Дычко қолаға қол жеткізді.

Ал 2013 жыл Айтжанов үшін де, қазақ боксшылары үшін де табысты жыл болды. Ал­ды­мен Амман­да өткен Азия чем­пионатында жеті өреніміз құр­лық чемпио­ны атанса, Алатау бау­райындағы әлем чемпионатында тұңғыш рет төрт бокс­шымыз алтын тұғырдан көрін­ді. Сөйтіп жылдың ең ірі екі бәсеке­сін­де Қазақстан құрамасы жүлде же­ңіп алу жағынан рекорд орнатты.

Қазақ боксшылары 2014 жыл­ғы Инчхондағы XVII жазғы Азия ойындарынан да, 2016 жылғы Олимпиададан да ел­ге ал­тынсыз оралған жоқ. Ко­рея­­да Ілияс Сүлейменов (52 кило) пен Данияр Елеусінов (69 кило) чемпион болса, Рио Олим­пиадасында Д.Елеусінов қа­зақ елінің Әнұранын шырқатты. Өкі­ніш­ке қарай, кейінгі додаларда қа­зақ­стандық боксшылардан бақ тая бастады. Тек 2017 жылғы Германияда ұйым­дас­тырылған аламанда Мыр­зағали Айт­­жановтың төл шәкірті Қайрат Ерәлиев (57 кило) қар­сыластарын қоға­дай жапырып, бас жүлдені олжалады. Бұл – Айтжановтың әлем чемпионы атанған екінші шәкірті еді. Оған дейін 2014 жылы жеңіл сал­мақтағы Біржан Жақыповтың Ал­матыда атой салғаны баршаға бел­гілі. Сондай-ақ 2021 жылы Сер­­бияда ұйымдастырылған әлем­­­дік додада Сәкен Бибосынов дара шығып, Айтжановтың үшін­ші шә­кірті әлем чемпионы атанды.

Сондай-ақ Мырзағали Айт­жанов 2013 жылғы әлем және Азия біріншілігінде айтулы табы­сынан кейін АИБА шешімімен әлемнің ең үздік бапкері атанса, келесі жылы да дәл сондай зор құрметке ие болды. Бұл да қазақ бапкерлерінің ара­­­сында қатарынан екі рет әлем­­­нің үздік бапкері атан­ған жалғыз жаттықтырушы. Міне, Айтжановтың тоғыз жылда жеткен жетістігі осындай. Төрт жылдан кейін бұрынғы қызметіне оралған Мырзағали Айтжанов сол жетістіктерін қайталай ала ма, жоқ па оның алдағы уақытта біле жатармыз.