Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті тур ойынын Астананың «Барысы» Владивосток қаласында жергілікті «Адмирал» клубымен өткізді.
Жерлестеріміз Қиыр Шығыстағы алғашқы екі кездесуінде Хабаровскінің «Амурынан» жеңіліп қалған болатын. Ал Владивостоктың «Адмиралымен» кездесуінде жақсы нәтиже көрсетті. Ойынның 6 минутында алаң иелері есеп ашқанына қарамастан, біздің жігіттердің басымдығы анық байқалды. Айтқандай-ақ, келесі гол көп күттірген жоқ. 15 минутта Әділ Бекетаевтан тамаша пас алған Алекс Грант таразы басын теңестірді. Үзілістен кейін 33 жастағы канадалық легионер тіптен қанаттанып кетті. Ол «Адмиралдың» қақпасын тағы үш мәрте дәл көздеді. Сол аралықта Леонид Тамбиев қақпашыны ауыстырып, Никита Серебряковтың орнына тәжірибелі Александр Лазушин шықты. Бірақ одан ештеңе өзгерген жоқ. Осылайша, Алекс Гранттың есімі ҚХЛ-дың тарихында төрт гол соққан тұңғыш қорғаушы ретінде қалды. Ал матчтың нүктесін Егор Петухов қойды. Қорытынды есеп – 1:5.
Дәл сол күні Челябінің «Тракторы» өз мұз айдынында Мәскеудің ЦСКА-сына есе жіберді. Соның арқасында «Барыс» плей-офф аумағында қалды.