Елімізде денсаулық сақтау саласын ілгерілетуге мүмкіндік беретін түрлі ізденіс қатарында сан алуан озық технологиялы жаңалықтар болып жатқанын мақтанышпен айтуға болады. Осы қатардан табылған Ұлттық нейрохирургия орталығы әлемдік клиникалар деңгейінде диагностика мен емдеудің озық технологияларын енгізу үшін жетекші ғылыми-зерттеу алаңына айналып отыр.
Ұлттық нейрохирургия орталығында жүзеге асырылған бірегей жобалардың бірі – омыртқа сүйегін 3D басып шығару технологиясы бойынша жеке модельденген имплантқа ауыстыру. Нейрохирургиялық практикада алғаш рет «Ghalam» ЖШС ғарыштық ұшу аппараттарын өндірушілерімен бірлесіп науқасқа жеке 3D басып шығару арқылы имплант жасалды. Германияның Ульм қаласындағы Травматология және биомеханика институтында импланттарға биомеханикалық тестілеу жүргізілді.
Қазақстан нейрохирургия орталығында төрт сырқатқа дербес 3D имплантты қолдана отырып, омыртқа денелерін ауыстыру операциясы сәтті орындалды.
ҰНО дәрігерлері манипуляция жүргізу кезінде компремациялық әсерсіз жұлынның анатомиялық және функционалдық маңызды құрылымдарын сақтауға мүмкіндік беретін омыртқаны ауыстырудың арнайы құрылғысы мен әдісін әзірледі.
Пациенттерді бір жыл бойы бақылау аясында имплантқа байланысты асқынулар анықталған жоқ, өмір сапасының көрсеткіштері ауру басталғанға дейінгі деңгейге келді.
Осы ғылыми жобаның қорытындылары 2-ден жоғары импакт-факторы бар беделді халықаралық рецензияланатын журналдарда жарияланды, сондай-ақ монография жарық көрді.
Ұлттық нейрохирургия орталығының қызметі барысында барлығы 7 ғылыми жоба, іске асыру сатысында тағы 3 жоба орындалды. Орталық қызметкерлері өнертабыстың 10 патентіне ие болды.