Үстел теннисінен биылғы жылғы әлем чемпионатының жалауы мамыр айының екінші жартысында Оңтүстік Африка Республикасының (ОАР) Дұрбан қаласында желбірейтіні белгілі.
Ал сол жарыстың іріктеу турнирі бұл күндері Қатардың бас шаһары – Дохада өтуде. Бұл жерде сары құрлықтың ең үздік теннисшілері өзара шеберлік байқасуда. Күні кеше ғана Парсы шығанағынан қуанышты хабар жетті. Жұптық бәсекеде Кирилл Герасименко мен Алан Құрманғалиев шешуші тұста ирандық Нима Аламиян мен Ношад Аламиянды 4:0 есебімен ойсырата ұтып, әлемдік доданың жолдамасына иелік етті. Аралас жұптар сайысында Айдос Кенжеғұлов пен Зәуреш Ақашеваның да асығы алшысынан түсті. Олар Үндістанның өкілдері – Шарат Ачанта мен Среа Акуладан 4:3 есебімен айласын асырды.
Жекелеген бәсекеде тоғыз жерлесіміз өнер көрсетіп, солардың арасынан тек Кирилл Герасименконың жолы болды. Ол Сауд Арабиясының спортшысы Халид әл-Шарифті бас көтертпей ұтты.