Мұнайлы өңірдің Махамбет ауданында өткен жылдан бері ешкі фермасы жұмыс жасай бастады. «АтырауАгроӨнімдері» шаруа қожалығының жетекшісі Владимир Розметовтің айтуынша, фермада жылына 180 тонна ешкі сүті өндіріліп, 140 тонна ешкі сүтінің өнімі шығарылады деп жоспарланып отыр. Аталған фермаға былтыр Голландиядан «Залинская» аталатын асыл тұқымды 150 ешкі әкелінген. Шетелдік ешкілер жергілікті ауа райына тез бейімделіпті. Биылғы көктемде шетелдік ешкілерден алғашқы төл алынды.
Мамыр айына дейін 150 ешкі төлдеген. Алынған төлдің ішінде 50-ге жуық егіз лақ бар. Болашақта фермадағы ешкі санын көбейту көзделіп отыр. Таяуда фермаға Сербиядан 300 ешкіні әкелу жоспарлануда. Мұндағы мақсат – елде ем үшін таптырмайтын ешкі сүтін өндіру. Сөйтіп, өңір тұрғындарына ешкі сүтінен алынған қаймақ пен сүзбе, тіпті, шетелдік жеңсік ас саналатын балқытылған ірімшіктің 4 түрі енді атыраулықтар үшін алыстан емес, іргедегі ауылдан табылатын болды. Қазірдің өзінде осы заманғы озық технологияны меңгерген ешкі шаруашылығының мамандары тұтынушыларға 7 түрлі тағам ұсынып отыр. Және ол өнімдерге жергілікті нарықта үлкен сұраныстың барлығы байқалуда.
Жалпы құны 600 миллион теңгені құраған бұл жоба мемлекет қолдауымен жүзеге асырылуда. Оның 50 пайызын кәсіпкер Владимир Розметов өз есебінен салыпты. Әмбебап кешенде сүт өндіруден бастап оны өңдеу үдерісі толықтай автоматтандырылған. Ауыл шаруашылығы саласындағы итальяндық ең озық технологияға негізделген кешенде 40 түрлі өнім шығару жоспарланған. «Мемлекет тарапынан жасалып жатқан түрлі жеңілдіктер ауыл шаруашылығын өркендетемін дегендерге таптырмайтын мүмкіндік», дейді кәсіп иесі В.Розметов.
Кәсібін нәсібім деп ұғынған кәсіпкер дайын өнімді жергілікті сауда орындарына ұсына бастады. Атырау қаласындағы «Дина» сауда орталығындағы сауда нүктесінде ешкі сүтіне сұраныстың артып отырғанына куә болдық. Ешкі сүтін тұтынушылардың бірі Кәмшат Ақбердиева жеті айлық баласына ешкі сүтін пайдалана бастапты. «Ешкі сүтінің құрамында, әсіресе, жас нәресте үшін дәрумен көп. Сол себептен тұрақты пайдалануды көздеп отырмын» дейді ол. Келешекте өндіріс көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Ешкі сүтіне қызығушылығы оянған және бір тұтынушы Нұржан Аққалиев та «Ешкі сүтінде ана сүтін алмастыратындай дәрумен мол екенін үлкендерден еститін едік. Жалпы, ешкі сүтінің адамның ағзасына оң әсер ететін емдік қасиеті бар», дейді. Оның пікірінше, бұрын сауда орындарынан ресейлік ешкі сүтін алып жүрген. Енді міне, отандық өнімнің көңілге қонымды бағамен сатылғаны тұтынушы үшін тиімді болып отыр.
Шаруашылыққа Махамбет ауданының тұрғындары жұмысқа тартылыпты. Мәселен, Жангелді Тоқов ешкі фермасы ашылғаннан бері жұмыс жасайды. Алғашында шетелден әкелінген ешкілердің жергілікті жерге бейімделуін қадағалады. Ешкілердің жемшөбі мен суының мерзімінде берілуін де, жарақат алмауын да қадағалап жүрді. Мұнда Жангелдімен бірге, бұрын кітапханашылықтан табыс тапқан зайыбы Гүлбаршын да жұмысқа орналасыпты. Сонан соң ұлы Еркебұлан мұнайшы мамандығын меңгергеніне қарамастан ата-анасына қолғабыс жасау үшін ешкі фермасына жұмысқа келіпті.
Жангелді Тоқовтың отбасы бұрын алыстағы Қызылқоға ауданында тұрған екен. Қазір оның отбасына шаруашылық басшылары Сарайшық ауылынан үй алып беріпті. «Мамандығымның өзгергеніне өкінбеймін. Ең бастысы, отағасым мен ұлым қасымда. Бәріміздің де жұмысымыз бар», дейді Гүлбаршын. Анасының айтқанын ұлы Еркебұлан да қостайды.
– Қай кезде де жұмыссыз жүру адамның көңіл-күйіне, мінезіне теріс әсер етеді. Ертеңгі күнге деген сенімсіздік пайда болады, –дейді бір кездері жұмыссыз жүрген Жангелді Тоқов. – Ал қазір тұрақты жұмысымыз бар. Озық үлгідегі технологиямен жабдықталған ферманың келешегіне сеніміміз мол. Бұған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ауылдарды қолдауының арқасында қол жеткізіп отырмыз. Біздің көңілге қонымды жалақымыз бар, баспанамен де қамтамасыз етті. Қарапайым еңбек адамы үшін бұдан артық не керек?
Владимир Розметов жетекшілік ететін «АтырауАгроӨнімдері» шаруа қожалығын көпсалалы деуге болады. Мұнда көкөністер де, алма мен шие де өсіріледі. Тоғандарда балық та өсіріледі. Табын-табын сиыр мен отар-отар қой өрісті толтырды. Осындай сан алуан шаруаны іске асыруға өңірдің 300-ден астам тұрғынын жұмысқа тартқан Владимир Розметов «Болашақта тауарлы-сүт кешенін, құс фабрикасы мен тауарлы-бекіре фермасын іске қосуды ойластырып жүрмін», дейді. Айтпақшы, шаруасына мығым кәсіпкер жақында ешкі сүті мен алуан түрлі өнімдерін Мәскеудің сауда орындарына шығару үшін келісім жасады.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы,
Махамбет ауданы.