Елімізде ғана емес, көптеген шетелде қанатын кеңге жая бастаған «Бүкіл әлемде – бейбітшілік» халықаралық жылжымалы көрмесі Қазақстан балалары үшін үлкен шығармашылық алаңына айналып үлгерді. Дарынды өрендерді, оның ішінде балалар үйлерінің тәрбиеленушілері мен мүмкіндігі шектеулі суретші балалардың туындылары осы көрме аясында кеңінен насихатталып келеді.
Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, кескіндемеші, Қазақстан балалар көрмесінің кураторы Болат Хамзиннің айтуынша, «Art palette» қоғамдық қоры бірнеше жыл бойы Қазақстан Мәдени дипломатиясы халықаралық қауымдастығымен ынтымақтастықта балалардың суреттерін шетелдерде насихаттаумен айналысып келеді. Өткен жылы аталған қор тарапынан балалар шығармашылығы жобасы әзірленіп, «Бүкіл әлемде – бейбітшілік» ұранымен «Ұлы Жібек жолы» аясында көшпелі көрме бастау алған болатын.
Осы жоба бойынша өткен жылы Париждегі Лувр музейінде өткен әлем балаларының сурет көрмесінде Қазақстан және Қырғызстан жеткіншектерінің де туындылары қойылды. Бұл көрме өнертанушылар тарапынан жоғары бағасын алып, алдағы уақытта «Ұлы Жібек жолы» аясында Орталық Азия елдері мен Түркияда жалғасын табатын болады.
«Жобаға Қазақстан балаларының белсенді қатысуы ерекше назар аударуды қажет етеді. Сурет арқылы балалар қоршаған ортаға көзқарасын, ішкі көңіл-күйін білдіре алады. Олар салған суреттерде әдебиет, музыка, философия жиынтығы, адами құндылықтар көрініс береді. Осы орайда талантты да талапты балаларға туған өлкесін ғана емес, әлемді тануға мүмкіндіктер қарастыру олардың шығармашылық тұрғыдан дамуына ықпал етеді», дейді Б.Хамзин.
Зарина Бәйменова, Арина Ерболқызы, Дәрігүл Таңатарова, Аяжан Ақылтай, Құралай Әмірхан, Алина Жексембек, Әлібек Қадыров, Асқар Бейшекеев, Ақбота Таусова, Дамира Сағынай, Мансұр Шәкіржан, Райназ Күшкімбаева, Мираш Тастемірова, Алмас Ерлер, Дамира Райназ, т.б. көптеген баланың суреттері бүгінде «Мың бояулы әлем», ЮНЕСКО-ның «Мәдениетттер мен дәстүрлер тоғысында» халықаралық конференциясы аясындағы балалар суреттерінің көрмесіне қойылып, сертификаттарға ие болған.
Бүгінде Қазақстан балалар суреттерінің шығармашылық қоржыны жаңа туындылармен толығып, халықаралық бейбітшілік миссиясындағы рөлін күшейтуге ықпал етіп келеді.
АЛМАТЫ