• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Саясат 13 Қаңтар, 2023

Заң шығару тәртібіндегі өзгеріс

264 рет
көрсетілді

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда депутаттар Мемлекет басшысының тиісті ұсынуымен Жоғарғы соттың судьяларын қызметтерінен босату туралы мәселені қарады. Сондай-ақ сенаторлар Парламент Палаталарының бірлескен отырысында конституциялық заң жобасын қарау үшін Палаталардың бірлескен комиссиясының мүшелерін сайлады, бірқатар құжатты мақұлдады және депутаттық сауалдарын жолдады.

Депутаттар қабылдаған шешімге сәйкес Вячеслав Салий, Асан Ескендіров және Айгүл Қыдырбаева Жоғарғы сот судьясы қызметінен босатылды. Ұсынылған кандидатуралар алдын ала Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінде талқыланды.

Отырыс барысында Сенат төрағасы 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген Палата жұмысына қатысты өзгерістерге тоқталды.

«Конституциялық реформаға сәйкес 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап заң шығару процедурасы өзгертілді. Енді Сенат Мәжіліс қабылдаған заңды мақұлдау немесе мақұлдамау туралы шешім қабылдайды. Қажет жағдайда Сенат белгілі бір баптарды өзгерту жөнінде ұсыныс енгізе алады. Тағы бір ерекшелік, Палата отырысында заң бойынша баяндаманы бас комитет уәкілеттік берген Сенат депутаты жасайды», деді М.Әшімбаев.

Сенаторлар отырыс кезінде «Қа­зақ­стан Республикасының Үкіметі мен Швейцария Конфедерациясының Феде­ралдық Кеңесі арасындағы бағалы металдардан жасалған бұйымдардағы сынамалық таңбаны өзара тану жөнін­дегі келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлдады. Бұл келі­сімнің мақсаты – екі мемлекет арасындағы бағалы металдардан жасал­ған бұйымдардың айналымын оңтай­ландыру. Құжат екі мемлекеттің эконо­микалық өзара іс-қимылын дамытуды және отандық зергерлік өнеркәсіпті қол­дауды көздейді.

Келісім Қазақстан Республикасы мен Швейцария Конфедерациясы арасында бағалы металдардан жасалған заттардың саудасын дамытуға, сондай-ақ металдың құрамын қайта тексеру және қосарланған таңбалау рәсімін оңтайландыруға ықпал етеді. Бұл қадамдар зергерлік заттарды экспорттау кезінде әкімшілік жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар депутаттар «Қа­зақ­стан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкі­меті арасындағы азаматтық әуе кеме­лерін авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады. Құжат екі елдің азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға арналған. Осы құжат арқылы азаматтық әуе кемелерін авиациялық іздеу және құтқару мәселелері реттеледі. Келісімді ратификациялау екі елдің азаматтық ұшақтарды іздеу және құтқару кезіндегі бірлескен іс-қимылдарының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

«Бұл келісімге 2019 жылғы 11 қыр­күйекте Бейжің қаласында қол қойылған болатын. Келісім бойынша іздеу-құтқару операцияларын ұйымдастыру және орындауда өзара іс-қимылдың нақты алгоритмін көздейді. Әр тарап өз ауданында азаматтық әуе кемелерін іздеу және құтқару қызметтерінің жауапкершілігін, олардың тәулік бойы кезекшілігін қамтамасыз етеді. Келісім авиациялық оқиға туралы өзара хабарлау және екінші тараптан көмек сұрауға мүмкіндік береді. Тараптар өздерінің жауапкершілік аймағында іздестіру-құтқару операция­ларын жүзеге асыру кезінде болған шығыстарды өздері көтереді. Құжат аясында екі мем­лекеттің құзыретті органдары мен іздеу, құтқару қызметтері арасындағы ынты­мақ­тастықты нығайту көзделген», деді құжат жөнінде баяндама жасаған сенатор Сүйіндік Алдашев.

Мұндай ынтымақтастыққа іздеу және құтқару бойынша бірлескен оқу-жат­тығулар, мемлекетаралық байланыс арналарын жүйелі түрде тексеру, іздестіру әрі құтқару жөніндегі сарапшылардың өзара сапарлары, іздестіру-құтқару ақпараты мен тәжірибе алмасу кіреді.

«1992 жылы Қазақстан Республикасы ратификациялаған Халықаралық Аза­маттық авиация туралы конвенция аясында көршілес екі мемлекет арасында авиациялық іздеу және құтқару сала­сындағы іс-қимылдарды үйлестіру үшін келісім жасау ескерілген. Осы Конвенцияны ұстана отырып, Қазақ­стан көрші елдермен белгіленген бағыттағы ынтымақтастықты қалып­тас­тырып келеді. Айтар болсақ, 2017 жылы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының Үкіметтері арасын­дағы авиациялық іздеу және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісім ратификацияланды. Был­тыр Қырғыз Республикасымен арада осындай келісімге қол қойылды», деді Сүйіндік Алдашев.

Конституциялық өзгерістерге сәйкес Конституциялық заң жобалары Парламент Палаталарының бір­лес­­кен отырыстарында қаралатыны белгілі. Алдағы бірлескен отырыста «Қазақ­­стан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңы­ның күші жойылды деп тану туралы» Конституциялық заңның жобасы қаралады. Соған байланысты Сенат депу­таттары бірлескен комиссияның мүшелерін сайлады. Нәтижесінде, сенаторлар Владимир Волков, Сұлтанбек Мәкежанов және Дүйсенғазы Мусин аталған комиссияның құрамына енді.

Палата отырысында сенаторлар өздері­нің депутаттық сауалдарын да жол­дады. Бақытжан Баяхметов алдағы уақыт­та дизель отынының тапшы­лығы болуы мүмкін екенін айтып, алаң­дау­шылық білдірді. Соған байланыс­ты депутат елімізде мұнай өнімдері өнді­рісінің өсуін ынталандыру жөнінде кешен­ді шаралар қабылдау қажеттігін тілге тиек етті.

Сенатор 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап ЕАЭО аясында мұнай мен мұнай өнімдерінің бірыңғай нарығының нормасы енгізілетінін еске салды. Оған біздің елден басқа Ресей мен Қырғызстан кіреді, оларда отын бағасы жоғары. Бақытжан Байахметов осыған байланыс­ты еліміз Премьер-министрінің атына бірқатар өзекті мәселені айтты.

«Үш ірі мұнай өңдеу зауытының өндірістік қуатында барынша жұмыс істеуін ескере отырып, Үкімет мұнай өнімдері өндірісінің өсуін ынталандыру үшін қандай шаралар қабылдауды жоспарлап отыр? Қазақстан мен оның көршілері арасындағы дизель отын бағасының жалғасып келе жатқан тең­сіздігіне қатысты Үкіметтің көзқарасы қандай? Үнемі болып тұратын мұнай өнімдері мен дизель отынының тапшылығы мәселесін шешу үшін Үкіметтің орта мерзімді немесе ұзақ мерзімді жоспары бар ма?», деді депутат Б.Баяхметов.

Сенатор Әли Бектаев еліміздің Пре­мьер-министріне жолдаған депутаттық сауалында жылыжай шаруашылығымен айналысатын фермерлер коммуналдық тарифтердің қымбаттауына, отынмен қамтамасыз етудегі үзілістерге және мемлекеттік қолдау деңгейінің төмендеуіне тап келгеніне алаңдады.

«Бүгінгі таңда республикамызда барлығы 1 265 га жылыжайлардың 844 га Түркістан облысында орналасқан. Оларда жыл сайын 91 мың тонна көкөніс өндіріліп, ел тұрғындарын қамтамасыз етіп отыр. Жылыжайларда барлығы 12 мыңнан астам шаруа қожалықтары еңбек етеді. Түркістан облысында өндірілетін өнімнің 66%-ы Сарыағаш ауданында өседі. Ол ауданның ішкі жалпы өнімінің 30 пайызына тең. Бүгінде жылыжай өндірісі өңір ауыл шаруашылығының негізін құрайтын, халықты сапалы көкөніспен қамтамасыз етіп отырған, сырттан келетін импорттық өнімдерге төтеп бере алатын салаға айналып келе жатыр. Сондықтан бұл саланы қолдау еліміздің ішкі нарығын және азық-түлік қауіпсіздігін қолдау», деді сенатор Ә.Бектаев

Депутат осы саланың дамуына теріс әсер ететін негізгі фактор – коммуналдық қызметтердің жоғары құны екенін жеткізді. Осыған байланысты импорттық көкөністердің бағасы төмен, яғни сатып алушылар соны таңдайтынын жеткізді. Сонымен қатар қысқы жағдайда жылыжай шаруашылықтарының әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, оларға да қосымша көмір бөлу қажет.

Сенатор қазіргі таңда жылыжай өндірісінің бағасына, сапасына және көлеміне іс жүзінде әсер етпейтін жылыжай өндірісін мемлекеттік қолдауды күшейту қажеті туралы да сөз қозғады.

Мұрат Бақтиярұлы Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгі­новке жолдаған сауалында Үкіметті ономастика саласындағы қағидаттарын қайта қарауға шақырды.

«Еліміз өз тәуелсіздігін алған кезеңнен бері Қазақстанда ономастикалық жұмыс жанданып, кезінде түрлі себептер мен саясаттың ыңғайына сәйкес өзгеріп кеткен қазақтың жер-су аттары, елді мекендердің біразының тарихи атаулары қайтарылып, ақиқат орнай бас­тады. Әрбір елді мекен мен қалалар, кенттердегі көше атаулары бүгінгі заман талабында, яғни тәуелсіздік рухында бүгінге дейін халқымыздың біртуар тұлғаларының есімдерімен аталып жатқаны жеткілікті. Алайда елімізде көшелерге ат беруде және елді мекендерді қайта атауда белгілі бір тәртіптің жоқтығы алдымыздан шыға береді», деген М.Бақтиярұлы Ономастика және тіл комиссиясына жер-су атауларына қатысты сан алуан пікір келіп түсетінін жеткізді.

Осы орайда, депутат кеңес өкіметі тұсында түрлі деңгейде хатшы қызмет атқарғандарға көше атын беру туралы ұсыныстың жиілеп кеткенін жеткізді. Оның айтуынша, көбіне мұндай ұсынысты КСРО-да қызмет еткендердің қалталы ұрпағы жасайтын көрінеді. Ал шын мәнінде елге еңбегі сіңгендер назардан тыс қалып кетуі мүмкін. Осыған алаңдаған сенатор мемлекеттік ономастика саясатын қайта қарастыруды сұрады.