• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 13 Қаңтар, 2023

Тың жобалар, 15 мың жұмыс орны

217 рет
көрсетілді

Былтыр елімізде Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында жалпы құны 2 трлн теңгеге 160 жоба іске қосылып, өндіріс орындарында 15 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің хабарлауынша, аталған жобалардың басым бөлігі құры­лыс индустриясы, тамақ өнеркәсібі, машина жасау мен металлургия салалары­мен тығыз байланысты. Іске қосылған жобалардың көлемі жағынан Ақмола, Қарағанды, Ақтөбе облыстары мен Шымкент қаласы көш бастап тұр.

Былтыр жүзеге асырылған ауқым­ды жоба­лар көп. Мәселен, Таразда «Қазфосфат» кәсіпорнында жаңа минералды ты­ңайт­қыштар цехы ашылды. Осы жобаны сәтті іске асырудың нәтижесін­де отандық шаруалардың аммофосқа (азотты-фос­форлы концентрацияланған ерітінді тыңайтқыш) деген сұранысы толық қанағаттандырылады деп жоспар­ланған. Бұл орайда Мемлекет басшысы ішкі нарықты отандық тыңайтқыштармен 100 пайыз қамтамасыз ету міндетін алға қойғанын айта кету керек. Осыған байланысты «Қазфосфат» ЖШС химия саласын дамытуға басымдық беріп отыр.

Сондай-ақ былтыр желтоқсан айында KamaTyresKZ компаниясы Қазақстанда алғаш рет автомобиль шина өндірісін жолға қойған еді. Жобаға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 171 млрд теңгеден асады. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жыл сайын 3,5 млн дана көпсалалы шинаны шығаруға қауқарлы. Зауытта мыңнан астам адам жұмыспен қамтылмақ.

Бұған қоса Ақмола облысындағы Райгородок кен орнын игеріп жатқан RG Gold алтын өндіруші компаниясы жылына 5 млн тоннаға дейін пайдалы қазбаны өңдеуге мүмкіндік беретін жаңа тау-кен кешенін іске қосты. Аталған өндіріс орны автоматтандыру мен металлургия секторында жаңа технология­ларды енгізуге машықтанған халық­аралық инжинирингтік компаниялармен жобаланғанын айта кетейік.

Бұдан басқа Ақмола облысында жылына 120 млн кірпіш шығара алатын зауыт іске қосылды. Сапалы керамикалық кірпіш әлемге әйгілі Beralmar компания­сының испандық технологиясы бойын­ша дайындалады. Өндірісте жылу тасымал­дағыш ретінде табиғи газ пайдаланылып, жылдық қажеттілік – 18 млн текше метр. За­уыттың жанында қызыл және сары саз­дан тұратын жалпы ауданы 161 гек­тар аумақты алып жатқан карьер қарастырылған.