• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 13 Қаңтар, 2023

Мәдени қару

387 рет
көрсетілді

Герберт Спенсер: «Егер адамның білімі жүйесіз болса, көп болған сайын соғұрлым уайым-қайғысын еселемек», деген пікір айтты. Расында, білім алу бар да, оны жүйелеу, ой қорыту, ұлттық менталитеттің диірменіне салып үгіту бар. Мұстафа Шоқай «Отаршылдардың мәдени қаруы» мақаласында Пушкиннің елімізге шектен тыс насихатталып отырғанын қауіпке балайды. Қайраткер: «Орыс халқы Пушкинімен мақтануға хақылы. Пушкин де оған тұратын тұлға. Алайда Пушкин мұралары біздің халқымыздың таным-түсінігіне, рухани болмысына ешбір жанаспайды. Сол себепті оның шығармаларын күштеп аудартып, оның есімін балиғатқа толмаған жас ұрпақтың санасына зорлап сіңіргуге бағытталған большевиктік іс-әрекеттер біздің халқымыздың басына орнаған мәдени және ұлттық бодандықтың ең жарқын белгілерінен басқа ештеңе де емес», деп шарқ ұрады. Иә, XX ғасырда толассыз аударылған орыс шығармалары бір қырынан руханиятымызға алға жылжуға үлес қосса, екінші қырынан ұлттық мінезімізге, дәстүрлі бедеріміз бен әдебімізге едәуір кері өзгеріс әкелді.

Қазіргі жастар ізденісінде осы бір мәселе етене ескерілуге тиіс. Діні бөлек, ұлты жат Еуропа авторларымен таныс­тықта ұлттық елгезекті қолға ұстау қажет. Ал жүйелі білім алуда Еуропаға «арқасын Шығысқа тіреп барған» Абай­дан үлгі алсақ болады. Мәселен, Еуропада авангардтық поэзия тудыру үрдісі бар. Яғни өзіне дейінгі ақындарды жоққа шығарып, мүлде өзгеше өрнек салу. Сол үшін кейбір авторлар адамдық қағидаттарды келеке етіп, тек «жаңалық ашу» мұратымен ғана өмір сүрген. Ұлтымыздың рухани құн­дылығына бұл ниет сәйкес келмейді. Себебі «жаңалық ашудың» түбінде мақтан жатыр. Ал мақтан, өтірік, өсек бізге жат. Бақсақ, Абай «жаңалық ашамын», классик атанамын деген жоқ, керісінше

Мақсатым – тіл ұстартып,

өнер шашпақ,

Наданның көзін қойып,

көңілін ашпақ.

 

Үлгі алсын деймін ойлы

жас жігіттер,

 

Думан-сауық ойда жоқ

әуел баста-ақ,–

деп елге үлгі шашуды ниет етеді. Ал Мұқағали болса:

 

Ойлы жас!

Өлең – менің бар тынысым,

Жақсы сөзім – жаны игі

халқым үшін.

Атақ қуып, бақ қуып,

даңқ қуып,

Біреулерден жүргем жоқ

арту үшін,–

деп жақсы сөзін жаны игі хал­қына арнайды. Тегінде талант міндетті – үздіксіз ғылым ізденуге бас қою, сонда ғана бойындағы таланты субұрқақша атылып шықпақ. Ал мақтан кір­ген ниет пенделікке ұласып, тұмса дарынның көзін бітеуі, кісіге қайғы шектіруі мүмкін.

Тағы бір айта кетерлік жайт, өзге ақындардың мінезіне елік­теу үрдісі. Поэзиямызда Есенин­нің мінезі, Вознесенский­дің, Бай­рон­ның мінездері қап­тап жүр. Сондықтан ба екен, өнер адамдарының арасында кісілік пен кішілік төмендеп, барып тұрған ұятсыздықтар надандыққа саналудан қал­ған. Орыс-еуропа авторларын Шәкәрім де, Ілияс та, Әуезов те оқыған. Бірақ олардың мінезінен ұлттық қанық бояуды, ар мен ұяттың, ірілік пен адамдықтың табын көреміз.

Қорыта айтқанда, әрбір шеттен келген білім ұлт­тық қоры­мызда иленіп, рухания­тымызға сай гүлденсе, әдебиетімізге қо­сылған үлес болмақ.